Барлық жолдар күрделі жөндеуден өтеді

Барлық жолдар күрделі жөндеуден өтеді
ашық дереккөз
Барлық жолдар күрделі жөндеуден өтеді
Облысымызға арнайы іссапармен келген еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен кездесу өткізді. Онда тұрғындар облыстағы автожол, теміржол саласы бойынша мәселелерді көтеріп, көкейдегі сауалдарын қойды. Министр Марат Кәрімжанұлы сұрақтарға тиісінше жауап берді. Алғашқы болып Құмшағал ықшам ауданындағы мәселелерді айтқан тұрғын Тоқберген Орынбасар аспалы көпір керек екенін көптен бері айтып жүргендерін, нәтижесінде жасалатын болғанын естіп, қуанғандарын жеткізді. Алайда, әлі де ол маңдағы тұрғындардың теміржолға қатысты мәселелері бар. Құмшағалдықтар негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданатындықтан, малын өріске айдайтын кезде теміржолды кесіп өтеді. Тіпті, ол жерден балалар да жүреді. «Қауіпсіздік үшін теміржолға өткел керек. Тіпті болмаса, поезд келе жатқанын алдын ала хабарлайтын дабыл орнатылса», дейді құмшағалдықтар. Бірақ, ол жер магистралды аумақ болғандықтан, дабыл қою заңға қайшы келеді екен. Сондықтан, бұл жағдайды мамандар бірлесе зерттеп, шешімін табу қарастырылатын болды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолындағы көпірлердің төмендей бастағаны, ойық шұңқырлардың жамалғанымен сапасы оңалмайтыны секілді жағдайларын көтерген Исламбек Дастан біздің облысқа да өзге өңірлерге қаржыландырылғандай жолдармен субсидияландырып, «Fly arystan» ұшақтары ұшса деген ұсынысын айтты. – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын бетоннан салған, бірақ қажетті қоспалар мен материалдардың өз нормасында пайдаланылуынан кеткен кемшіліктерден кейінгі ауа райының суығына төтеп бермей жатыр. Ұлттық сапа ғылыми орталығының мамандары республикалық жолдардан сынама алып, жан- жақты зерттеп, анықталған шешімге қарай бізге ұсыныс беруде. Енді алдағы уақытта осы жергілікті жерлерді де тексеретін болады. Бұл автодәліз пайдалануға берілгелі бері әр бөлігінде жағдайына қарай күрделі және орта жөндеу жүргізіліп келеді. Елімізде республикалық және жергілікті жолдар 95 мың шақырымды құрайды. Жолдың сапасы жағынан біздің саланың қызметін жұртшылық көп сынға алады. Бірақ, жолдың ауқымы үлкен. Бөлініп жатқан қаражат бәрін бірдей жоғары деңгейде жөндеуге жете бермейді, бір жағын жасасаң, екінші жағы сыр береді. Сосын, үшінші жағы шығады. Әрине, осы іске жауапты болған соң сынды көтереміз. Барынша халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жөндеу жұмыстарына қосымша қаржыландыру көзін қарастырып отырмыз. «Еуразиялық Даму банкімен» келесі жылы республика бойынша барлық жолдарға күрделі жөндеу жұмысы жүруі мүмкін. Ал, әуе қатынасы мәселесіне келсек, барлық өңір ұшақ сұрайды. Сараласақ, биыл халықтың ұшақтарды пайдалануы 27 пайызға, ал ұшақтағы орындар саны 12 пайызға артқан. Биыл 14 жаңа ұшақ алдық. Білесіздер, ұшақ қазір барып сатып ала салатындай кез келген жерде сатылмайды, тапсырыс берсең 2-3 жылда келеді. Дегенмен, отандық әуе компанияларымен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Шетелдік компанияларды шақырамыз ба деген ойымыз бар, сол арқылы тағы да 50 ұшақ алсақ деп жоспарлаудамыз. «Fly arystan» ұшақтары Таразға келтіруге жете ме, ақылдасып көрейік,– деді Көлік министрі Марат Қарабаев. Бұдан басқа тұрғындар тарапынан «І топ мүгедектеріне қарастырылған жол жүру ақысындағы жеңілдіктер басқа мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жасала ма?», «Ақылы жолдарда көлік салмағы қалай есептеледі?», «Шет мемлекеттерден келетін ауыр жүк көліктерінен ақы қалай алынып жатыр?» деген сұрақтар қойылды. Бәріне де заң аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауап берілді. Министрдің айтуынша, біздің елдің жолымен жүрген шет мемлекеттердің ауыр жүк көліктерінің ішінде 3 жарым миллиард теңге қарызы барлар да анықталған. Ондай борышкерлерден қарызын алып беруі талап етілген хат сол мемлекеттердегі жауапты салаға жіберіліп тұрады. Соның нәтижесінде біразы қарыздарын төлеп те жатыр. Әсіресе, қарызын қайтаруда Өзбекстан елі белсенді жұмыс істеп жатқан көрінеді. Тұрғындармен кездесуден соң Көлік министрі Марат Қарабаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз брифингін өткізді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар