Ер мұғалім көбеймей, мектептің мұңы бітер ме?
Елімізде орта білім беретін мектептерде 400 мыңға жуық педагог жұмыс істесе, соның 19 пайызы ғана ер-азаматтар екен. Олардың өзі директорлар мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері. Англия мен Швейцарияда ер мұғалім – 42 пайыз, Жапонияда – 80 пайыз. Ал, Қазақстанда 20 пайызға жетер- жетпес. Бұл мәселемен 60-жылдары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресуде. Ал, біз ше? Күресіп жатырмыз ба? Қалай десек те, қазақ баласында тәрбиенің керемет үлгісі бар. Апайды алдап соққанымызбен, ағайымызға өтірік айтпауға, оның алдында өзімізді жігіттерше ұстауға тырысатынымыз шындық. Жалпысында біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында ер баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады емес пе?! Ал, енді сол ер мұғалімдеріміз тым қатты азайып кетті ғой. Бұл олқылықтың орнын қалай толтырсақ болады? Статистикаға сүйенсек, әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармалары басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көрдіңіз бе? Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Нақты тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұрғаны өкін ішті. 1950 жылдарда әй ел мұғалімдер жетіспеген болса, қазір ер мұғалімдердің орны ойсырап тұр. Сол жылдары Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғанын, педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихаттың күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалған еді. Енді осындай оқу орны ер адамдарға арналып ашылса нұр үстіне нұр болар еді.
Сондықтан, біздің елде де ер балаларды педагогикаға тарту жағын қолға алуымыз керек. Отбасын асырауға жетерлік еңбекақы төлеп, қағазбастылық пен әкімшілік қызметтерді азайтсақ, «Мен мұғалім боламын» деген ниеті бар ер балаларға қосымша гранттар бөлсек, олқылықтың орны толар еді. Ер мұғалімдердің аздығынан қазір мектепте түрлі мәселелер орын алып жүр. Мысалы, мектептерде балалар арасындағы әлімжеттік көбейіп кетті. Мұндайда апайларымыздың сөзі балаларға өте бермейді. Ал, ағай болса қас-қабағымен- ақ оқушыға жөн сілтер еді. Айталық, бізге алгебрадан Ернат ағайымыз сабақ береді. Ол сыныпқа кіргеннен бізді мысы басып, бірден баурап алады. Қалған ұстаздарымыздың бәрі әйел адамдар. Ағайларымыз көп болса деп ойлаймыз. Біздің қоғамымызда онсыз да әкесіз балалар көп. Осындайда ер мұғалімдер қаталдықты да, мейірім мен өжеттілікті де, өмірге деген құштарлықты да сездіре білсе дейсің. Мұндай мінез-құлық баланың оқу процесінде де әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Ерсұлтан АЛДАБЕРГЕН,
Шайқорық мектебінің 11-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді