ДИМАШ – ЧЕМПИОН!
Алматы қаласында «For Champions» клубының ұйымдастыруымен жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасында бокстан республикалық ашық турнир болып өтті. Оған еліміздің барлық қалалары мен облыстарынан көптеген жас боксшылар келіп шеберлік сынасты. Осы жарыста Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияның 5 «А» сынып оқушысы, Жамбыл бокс мектебінің шәкірті Дінмұхамед Көсемәлі 38 килограмм салмақ дәрежесі бойынша I орынға ие болды. Дінмұхамедтің сынып жетекшісі, білімді де білікті ұстаз Эльвира Берікбайқызы оқушысының жеңісіне қуанса, гимназия директоры Әлішер Әзімбай:
– Біз бұрын Олжасты мақтан тұтушы едік, енді оның ұлы Димашқа жанкүйер болып жүрміз. Талабына нұр жауып, әрдайым жеңіс биіктерінен көріне берсін, – дейді.
Дінмұхамедтің әкесі әрі бапкері Олжас Сәттібаев – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белгілі боксшы. Ол да Төле би атындағы №8 гимназияның түлегі. Олжас осы гимназияда оқып жүрген кезінде Ливерпульде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақса, Мароккода өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Ересектер арасындағы жекпе- жектерде де топ жарып, Қытайда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Әскерилер арасындағы әлем чемпионы да болды, «Астана арландары» командасы сапында да жасындай жарқылдап, екі дүркін жеңімпаздар тұғырына көтерілді. 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиадаға да қатысты. Бұл –гимназия ұжымы үшін мақтаныш.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, міне, Дінмұхамед те бокс секциясына барып, әке жолын жемісті жалғастыра бастады. Балғын боксшыға осынау қиын да қызықты спорт түрінің ең биік шыңына шығып, Олимпиада және әлем чемпионы болуына тілектеспіз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




