Тәтті түбірге сұраныс көп

Тәтті түбірге сұраныс көп
ашық дереккөз
Тәтті түбірге сұраныс көп
Шу ауданына барған сапарымызда «Қызылша – Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де атбасын бұрдық. Атауынан белгілі болып тұрғандай, бұл өндірістік кооператив негізінен қант қызылшасын өсірумен айналысады. Биыл 500 гектарға тәтті түбір сеуіп, қазіргі таңда жинап алған. Қант қызылшасының әр гектарына орта есеппен 65-70 центнерден өнім алуға қол жеткізген. Нұрқожат Құтқожаев басқаратын аталған серіктестіктің тәтті түбір өсіруде тәжірибелері мол. Атап айтқанда, 17 жылдан бері тер төгіп келеді. Жыл сайын жаңашылдыққа бет бұрып, жаңа технологияларды шаруашылыққа енгізу мәселелерін де қарастырып келеді. Бұл шаруашылық тәтті түбірмен ғана шектелмей, 2 мың гектар алқапқа жүгері, сафлор, күнбағыс өсіріп, мол өнімге кенеліп отыр. Мұнда жүз адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған. Орташа айлық жалақылары 200 мың теңгені құрайды. Бұл әрине, көп те, аз да қаражат емес. Бірақ, өзге кейбір компанияларға қарағанда жоғары. Аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 15 трактор, 5 комбайн бар. Осы 5 комбайнның екеуі өздігінен қозғала беретін жаңа мүмкіндіктерге ие. Жүгері оруға арналған «John DEERE» комбайны да науқан кезінде талай ауыр жұмысты жеңілдетіп отыр. Шаруашылықтың озат механизаторлары Ринат Нағашыбаев пен Шалқар Назарқұл қашанда егіс даласындағы еңбектен жалыққан емес. Олардың жұмыстарына деген адалдығы және еңбекқорлық қасиеттері – өзгелерге үлгі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп хакім Абай атамыз айтып өткендей, еңбеккерлердің төккен терлерінде алтыннан да құнды маңыз бар. Қарапайым еңбек адамы Шалқар Назарқұл: – Осы шаруашылықта бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеміз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Механизатор болу да – жауапты іс. Сол жауапкершіліктің үдесінен шығу жолында тер төгіп жүрмін. Осы өндірістік кооператив басшылары да еңбекті бағалап, жалақымызды уақтылы төлеп, басқа да көмектерін көрсетіп тұрады. Еңбек бағаланған жерде жұмыстың нақты нәтижесі болады. Жұмыстың нәтижесі нағыз еңбекпен өлшенеді. Адал еңбектен асқан байлық жоқ. Ата-анамыз да бізді адал еңбекке, біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Сол өсиеттің қадірін түсініп, шамамыз келгенше еңбек етіп жатырмыз. Жанымдағы тракторшы, егінші азаматтардың бәрінің жұмысы жеңіл емес. Бірақ, бұл жердегі жалақы көңілімізден шығады. Жалпы, механизаторлық жұмыс маған ұнайды. Қай кезде де адал жүріп тапқан еңбектің наны тәтті, – дейді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар