«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел бірлігі - ең асыл қасиет

Ел бірлігі - ең асыл қасиет
ашық дереккөз
Ел бірлігі - ең асыл қасиет

Ынтымағы жарасқан көпұлтты халқымыз тағы бір жылды тарих қойнауына шығарып салды. Шүкір, өткен жыл өнегелі өрлеуге толы болды. Табалдырығымыздан аттаған қой жылында отандастарымызды құтты қуаныштар күтіп тұр. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Осынау айтулы датаның құрметіне орай Елбасымыз биылғы жылды Ассамблея жылы деп жариялады. Бұл шешім Мемлекет басшысының көрегендігін тағы бір мәрте танытқан елеулі қадам болғанын айту ләзім. Ел бірлігінің шыңына жетудің соқтықпасы көп, соқпақсыз жолында түрлі этностардың, тілдер мен ділдердің, діндердің арасында шынайы сұхбаттастық орнатуды мемлекеттік қана емес, тұтас жаһандық деңгейге көтере алған Қазақстанның елішілік үндестік алаңы – Ассамблея бүгінде біраз мемлекеттерге үлгі болып отыр. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты әлемнің ең белді халықаралық ұйымдары да мойындады. Қазақстан тәжірибесін зерттеп, тәжірибе алмасу үшін елімізге тек соңғы 1 жылдың өзінде 15 мемлекеттің өкілдері келуі осының айқын дәлелі. Сондықтан, Қазақстанның этносаралық қатынас саласындағы өткенін, бүгіні мен болашағын Қазақстан халқы Ассамблеясынан бөле-жарып қарау мүмкін емес. Ол әу баста құрылғандағы қоғамдық-ақылдастық деңгейінен әлдеқашан өсіп, толыққанды конституциялық органға айналды. Ассамблея Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруының жаңа кезеңінде барлығымыз бірге құрып жатқан азаматтық қоғамның келісім институты ретінде өз жұмысының бағыт-бағдарын айқындады. Әртүрлі саяси күштермен, барша аймақтармен байланыс орната білген Ассамблея жан-жақты жаңғыру жолына түскен Қазақстанның барша ізгі қадамдарының бел ортасында жүр. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық. Еліміздің 24 жыл ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биіктерден көрінуі, Орта Азия мемлекеттерінің ішіндегі өзіндік орны бар мемлекетке айналғанымыздың өзі неге тұрады? Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ше? Ел бірлігінің, халық ынтымағының арқасында осындай биіктерге жетіп отырмыз деп ойлаймын. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенді, ата-бабамыз ынтымақтың керектігінен айтқан болар деп ойлаймын. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен Ата Заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез-келген ұлт өкілінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында бүгінгі күннің ең басты мәселесі ел бірлігіне үнемі баса назар аударып келеді. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған шыңдары бірліктің арқасы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын табуы керек. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы жарлық шығарған болатын. Ол 800-ден астам этномәдени бірлестіктердің басын біріктірді. Ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы, бүгінде қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі болып отыр. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық этномәдени бірлестігі бар. Бір сөзбен айтқанда, достық дәнекері болып отырған бірегей құрылым өзінің 20 жылдық белесін лайықты табыстармен қарсы алмақ. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы аясында біз саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Ассамблеяның басты мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отырып, қоғамды алауыздықтан сақтау. Яғни, азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлтаралық қатынасты нығайту. Себебі, алпауыт елдердің өзі абдырап отырған тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы татулыққа ұйытқы бола білді. Шынында да, бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі болып отыр. Қорыта келгенде, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Тәуелсіздік тұғырын әрқашан биік ұстайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз одан әрі жарассын! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Бірлігімізді ардақтай білейік!

Александр Гибнер, облыстық неміс этномәдени орталығының төрағасы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар