«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мэлстің музасы – өмірлік мұрасы

Мэлстің музасы – өмірлік мұрасы
ашық дереккөз
Мэлстің музасы – өмірлік мұрасы
Қазақ – іздеушісі бар ұрпақ. Артына өлмес мұра қалдырған азаматтарды неге іздемеске, неге насихаттамасқа?! Уақытында тағдырдан теперіш көргенімен, кейінгі жылдары Мэлс ағаның әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Жиі орындалады. Ағаның мұраларын насихаттап жүрген азаматтар баршылық. Соның қатарында інісі Дүйсенәлі Бықыбавтың ерен еңбегін айтып кетпесе болмас. Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінің алдына бюстін қойды, екі жыл сайын М.Өзбеков атындағы «Келші Құланға!» облыстық әншілер байқауының өтіп тұруына ұйытқы болды. Сондай-ақ, 2020 жылы «Мэлстің музасы» кітабының жарық көруіне демеушілік жасады. Мэлс Өзбековтің мұраларын аудандық музейге жинақтады. 85 жылдыққа қандай шаралар ұйымдастырылып отырғанын білмекке Дүйсенәлі Дыбысалыұлын әңгімеге тартқан едік. – Дүйсенәлі Дыбысалыұлы, дәстүрлі «Келші Құланға!» облыстық әншілер байқауы сабақтастығын үзген жоқ қой әлі... – Жоқ. Үзген жоқ. Жақында ғана өткізіп келдік. Әрине, уақытында пандемияның, карантиннің әсері болған шығар. Бірақ, бұл байқау жылдан жылға күш алып келеді. – 2020 жылы «Мэлстің музасы» кітабын құрастыру барысында біраз мәліметті өзіңізден алдым. Кейін тағы біраз азаматтармен телдесіп, Мэлс ағаның өміріне толық қаныққандай болдым. Дегенмен, сол кітапта Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Өмір енді сағыныш» әнінің сазын жазған Мэлс Өзбеков болып кетіпті. Жалпы, ән сіздікі ғой. Соның тарихына тоқталыңызшы. – Иә, бұл ән мұнда жазылған ән. Ұмытпасам, 2017 жылы Арғынбай аға хабарласып «Мэлс түсіме кіріп жүр. Мына тексті көрші, оң жамбасыңа келіп жатса әрине...» деген еді. Сол кезде анам қайтыс болып, өзім де үлкен тебіреністе жүр едім. Бір әуен келеді, бірақ сөз таппаймын. Шығармашылық адамының қиналысын түсінесің. Өз бөлмемде домбырамен ыңылдап әлгі әуенді қайталаймын да отырамын. Содан қағаздарды қарап отырып, Арғынбай ағаның текстін тауып алайын. Әуенмен үйлесе кеткені... «...Әттең, дүние, бірақ та, Жеткізбедің мұратқа, Соңғы әнімді айтайын, Берші өмір бір апта...» – деп келді қайырмасы. Бір-екі рет қайталап, «пісіріп» алдым да кеш болса да Арғынбай ағаға хабарласып: «Аға, өткендегі аманатыңызға әуен енді келгендей. Тыңдап көріңіз», деп орындап бердім. Үнсіздік... Араға 4-5 минут салып, қайта телефон соғып «Аға, ән...» дей бергенім сол еді... «Айналайын, Дүйсен інім, мен жылап отырмын. Кіріс, дайында мына әніңді» дегені... Өйткені, сол кезде Арғынбай ағаның 80 жылдығына қызу дайындық жүріп жатқан болатын. Өкініштісі, Арғынбай аға көптен күткен 80 жас мерейтойына жете алмады. Дегенмен, 80 жылдық облыс деңгейінде аталып өтіп, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Домалақ ана» драмасы сахналанды. Спектакльдің алдында «Өмір енді сағыныш» әнін облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова орындады. Негізі, Оңал бұл әнді тамаша алып шықты. Ән орындалғанда Арғанбай ағаның үйіндегі жеңгей «Дүйсен-ау, бұл әнді ағаң өзіне арнаған екен-ау...» деп, көңілі босап қалды. Сонда менің ойыма Арғынбай ағаның Мэлс Өзбеков туралы айтқан мына сөзі оралды. «Мэлс бауырымыз ғажайып талант еді. Тәңірдің қазақ музыка өнеріне тартқан бірегей сыйы еді. Көзі тірісінде қадіріне жете алдық па, жетпедік пе. Бір анығы бүгінде құлағымызда Мэлстің әні қалды, жүрегімізде Мэлске деген сағыныш қалды...» деген еді аға уақытында. – Бұдан басқа Мэлс ағаға арнаған қандай әніңіз бар? – «Мэлске сағыныш» әні. Оның сөзін ақын Ғайни Әлімбекқызы жазды. – Аға, бір кездері Шәмші Қалдаяқов мына Жалпақтөбеде (Гродеково), ал Мэлс Өзбеков Айша бибі (Головачевка) ауылында тұрып жатты. Екі композитор кездеспеді деп ойлайсыз ба? Жалпы, Шәмші Қалдаяқов Қазақ радиосының музыкалық бөлімінде жұмыс істеп жүрген жылдары «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетіне ел-елде енді-енді көрініп келе жатқан сазгерлер туралы бірнеше мақала жазыпты. Соның қатарында Луговой ауданы, Көкдөнен ауылының клуб меңгерушісі Мэлс Өзбековтің де есімі аталады... – Әрине, кездескен болар. Шығармашылық адамдары бірін-бірі іздеп тұрады ғой. Оның үстіне бір-біріне жақын елді мекендер. Айша бибі ауылында Мэлс ағаның үйінде Сарыағаштан қайтып келе жатқан Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов пен Сабырхан Асановтың басқосқаны туралы жақсы жазыпсың кітапта. Ол кездесудің куәгері – талай жыл Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде ұстаздық еткен әнші Асылбек Жангарин. Ал, Шәмші ағаның інісіне берген бағасы «...Ең ұлық сыйлық, асқан құрмет халық сүйіспеншілігі мен қауымның көңілі. Сондықтан, Мэлс Өзбеков өнерге шын беріліп, ізденген жан» дегені болар. – Сол Айша бибі ауылында Мэлс Өзбеков тұрған көшеге есімін беріп, тұрған үйге тақта ілсе болар ма еді деген ой келеді... – Айша бибі ауылы ол жылдары дәулеті тасыған «Головачевка» колхозы болатын. Колхоз төрағасы Виктор Ким шаруашылықтың тасын төрге домалатып, атақ-даңқы алысқа кеткен кез. Ал, әрбір шығармашылық адамының басты міндеті ол – еңбек адамдарын насихаттау. Бұл міндетті Мэлс Өзбеков те абыроймен атқара білді деп ойлаймын. Сондағы клубта еңбек ете жүріп, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің әдеби қызметкері Совет Әлімқұловпен шығармашылық байланыста болды. Екеуі бірлесе жазған «Аса жастарының маршы» еңбек жастарының маршына айналды. Мұның қатарында Мэлс ағаның «Мақтанышым, Мойынқұм!», «Тамаша Талдыөзегім!», «Жазылбекшілер маршы», «Көгершін алқабында», «Алмагүлшілер», «Құлан жастарының маршы», «Туған жер», «Меркі туралы жыр», «Жамбылда менің көктемім», «Толқиды Шуым», «Жамбыл кеші», «Батыр туралы жыр» сынды тағы да біраз әндері еңбек адамдарын рухтандырды. Ал, көшеге есімін беріп, тақта ілу мәселесі алдағы уақытта көтерілер деген үміттемін, әрине. – Байқап тұрсам, Мэлс Өзбеков өзінің құрдасы ақын Әбдрахман Асылбековтың он шақты сөзіне ән жазыпты... – Иә, бұл екі азамат тығыз шығармашылық байланыста болды. Әсіресе, Мэлс аға Алматыға алғаш барғанда «Өжетте» тұратын Әбдрахман ағаның үйінен шықпайтын. Екі азаматтың шығармашылық одағынан туған «Келші, Айым» және «Ақтамақ қарлығаштар» әндері – бүгінде жиі орындалып жүр. – Кітапты құрастыру барысында мен тілдескен азаматтар қатарында – Досхан Жолжақсынов өзінің ән қоржынында Мэлс ағаның «Келші, Айым» және «Мархаба» әндері бар екенін айтқан еді. Ал, Рамазан Стамғазиев Мэлс Өзбеков Мұқағали Мақатаевтың «О, муза!» сөзіне ән жазғанын тілге тиек еткен еді. Алайда, мен бұл екі әнді таппадым... – Менің де естуім бар. «Мархаба» әні – қазақтың біртуар ұлы Екейбай Қашағановтың жары Мархабаға арналған ән. Екейбай аға әсіресе Семей облысында еңбек етіп жүргенде әбден орыстану саясатына сіңіп кеткен Абай туған өлкені қазақыландыруға көп еңбек еткен тұлға. Сондай тұлғаның артында да мықты тірек болады ғой. Міне, Мархаба апамыз сондай асыл жан еді. Иә, өкінішке қарай бұл екі ән ғана емес, Мэлс ағаның қанша әні жоғалды?! Кейде көңілденгенде өзі де сыйлап жіберетін әндерін. – Мэлс Өзбековтің 85 жылдығы қалай аталып өтпек? – Әрине, «Ештен кеш жақсы» деген. Жалпы, Мэлс ағаның туған күні 2 қыркүйек. Сондықтан, қараша айының соңына қарай «Мэлстің музасы» әдеби-сазды кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Өзің білесің, мұның алдында Кәріпжан Нүсіптің құрастыруымен жарық көрген «Өнер деген өлке бар» кітабының бірінші бөліміне Мэлс Өзбеков туралы материалдар енді. Ал, өзің құрастырған «Мэлстің музасы» кітабында көп дүние толықтырылды. Соңғы кітап 2020 жылы жарық көрді. Одан бергі аралықта жоғарыда айтқандай пандемия, карантин болып кітаптың тұсауы кесілмеді. Осы кітаптың тұсауын кесіп, өнерпаздар Мэлс Өзбековтің әндерін шырқайтын болады. – Дүйс енәлі Дыбыс а лыұлы, биыл Т.Рысқұлов ауданына да 85 жыл. Аудан құрылған кезде Мэлс ағамыз дүниеге келген екен. Кезінде Луговой атанған аудан қазір қазақтың біртуар қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін иеленіп отыр. Осыны біраз азамат түсінбей жүрген сыңайлы. Бұған не дейсіз? – Иә, ондай мәселе болған. 1999 жылы Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Гусаров қайтарған еді. Ол кезде мен аудан әкімінің орынбасары, ономастикалық комиссияның төрағасы едім. Аудан әкімі Қасымхан Төлендиев бұл мәселені зерделеуді тапсырды. 1916 жылы РСФСР-де «23 магистраль» атанған ғасыр құрылысы «Түріксіб» Жуалыдағы Боранды бекетіне келіп тоқтады. Енді жұмысты ширату керек болды да Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев бұл жұмысты бастап кетті. Тіпті, 1924 жылы Бішкектен Луговой стансасына жол құрылысы басталды. Қырғыз ағайындар келесі жылы 100 жылдығын атап өтуге дайындықты бастап кетті. Қордай бағыты экономикалық тиімсіз саналды. Ал, 1927 жылы Әулиеата мен Шудан басталған жол Луговой стансасында түйісті. Бүгінде бұл станса Түріксіб стансасы деп аталады. Т.Рысқұловтың өзі жұмысты қадағалап, құрылыс материалдарын дер кезінде жетуін басқарды. Тұрар Рысқұловтың бастамасымен 1934 жылы Шу-Мойынты телімінің құрылысы басталу керек еді. Бірақ, ашаршылық және соғыс басталып бұл құрылыс 1949 жылы басталып, 1953 жылы аяқталды. Осындай архивтік құжаттармен 1999 жылы 11 наурызда ауданға Т.Рысқұлов есімі берілді. Сондай-ақ, Тұрсынхан Жаманбаев аудандық «Құлан таңы» газетінің редакторы болған кезде осындай архивтік құжаттардың негізінде Т.Рысқұлов туралы кітап жазды. Күні кеше ғана 85 жылдығын атап өткен Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарын мерейлі жылмен құттықтаймын. Ауданның экономикалық, әлеуметтік әлеуеті арта берсін. – Әңгімеңізге рақмет.  

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар