Кәсіпкерлер қатары артып келеді
Сарысу ауданының аты фосфор өндірісімен қатар айтылатын, өнеркәсіпті өлке екені көпке аян. Бүгінде тау-кен өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және осы салада фосфор ұнтақтап, қайта өндеу бағытындағы алпауыт өндіріс орны «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ауданда 5 254 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің 1087-ге артқанын көрсетеді. Оның ішінде белсендісі – 4680, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үлесі 134,7 пайызды құрап отыр. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жұмат Сақыпбековтың айтуынша, бүгінде бұл ауданда 1900-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған алпауыт кәсіпорынның іргесі 1946 жылы қаланыпты.
– Осыдан 87 жыл бұрын, яғни 1936 жылы Қаратау тауларынан белгілі геолог И.И.Машкара фосфорит кенінің бай қорын тапқан. 1937 жылы Тыңайтқыштар Ғылыми институты фосфордың сапалы екендігін анықтаған. 1939 жылы Б.М.Гимельфарб басқарған геологиялық топ Көкжон кенішті аймағының солтүстігінен Қиыстас кен орнын ашты. 1946 жылы комбинатта теміржол пайдалануға беріліп, фосфор тасы ұнтақтала бастады. Сондықтан, 1946 жыл комбинаттың ашылған жылы болып саналады. Қаланы құрушы өндіріс орны бүгінде «ГПК Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып, 1900-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған алпауыт кәсіпорын. Өндіріс орындарының жұмысын қолдаушы кәсіпорындар саны да жыл санап арта бастады, онда қоғамдық көліктермен жұмысшыларды тасу бағытында «Жаңатас көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, мрамор тастарынан құрылыс заттарын шығаратын «Фирма минерал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, тау қопарғыш заттар шығаратын «Интеррин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, қондырғылар орнату бағытындағы «Инженерные-сети» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және тағы басқа да өндіріс орындары ашыла бастады. Ал, «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта желден электр қуатын өндіретін «Жаңатас ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмыстарын қарқынды түрде бастап кетті.
Сарысу – облыс бойынша көлемі жағынан аумағы үлкен екінші аудан. Бір жағы Түркістан облысымен шекаралас болса, солтүстігі Ұлытау облысымен байланысқан. Ұлытау облысына беткей жағында табиғаты жартылай шөлейтті орындарда тұз кен орындары бар. Осы кен орындарын тиімді пайдалану бағытында 2016 жылы Индустрияландыру картасына енген ас тұзын өндіретін «Соляная компания «Асыл Тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласынан зауыт ашты. Зауыттың қуаттылығы 30 мың тонна, 70 штаттық бірлігі бар. Инфрақұрылымдарды дамыту бағытында 2015 жылы зауыт іске қосылды. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаты 50 мың текше метр асфальт өндіруге негізделген.
Қазіргі уақытта кальцийленген сода өндірісі бағытында «Қазақсода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік құрылысы басталды. Жергілікті атқарушы орган барлық өндіріс орындарын дамыту мен ауданға инвестиция салу бағытында барлық жағдайларын жасап отыр. Өндірістерге электр энергиясын тарту шығындарының барлығын бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырып берді. Сонымен, бүгінде басқа да шағын және орта бизнес нысандары тұрақты жұмыстарын жүргізуде.
Аудан аумағынан Шу, Талас, Аса өзендері ағып өтеді. Екі үлкен су қоймасы бар, олар Ынталы мен Бүркітті су қоймалары. Онда балық шаруашылығын дамыту бағытында кәсіпкерлер ұзақ жылға жалға алып отыр. Осы су бассейндерімен жаздай егіндерін суғарып, шаруалар өз алқаптарынан жиған көкөністерін Жаңатас қаласындағы жәрмеңкелерге шығарып сатады, – дейді бөлім басшысы Жұмат Жұмабекұлы.
Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бұл ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард 361,8 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 156,7 пайызға жоғары орындалыпты. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 64 миллиард 46,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,3 пайызға жүзеге асқан. Бөлшек сауда айналымы биылғы 9 айдың қорытындысында 2 758,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 150,7 пайызға орындалыпты. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген 6 пайыздық несиенің кепілдік беру тетігі және пайыздық ставканы субсидиялау арқылы Сарысу ауданы бойынша 35 жоба 248,6 миллион теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізген. Ал, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысымен «KMF» микроқаржыландыру ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл филиалының Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда жалпы қаражаты 764,4 миллион теңге көлемінде 764 жобаға несие алған. Осы бағыттағы жұмыстарды ауданда ұйымдастырып отыратын бөлім басшысы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар аудандық газетте және әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, тұрғындарға жеткізіліп тұратынын айтты. Сонымен қатар, Жаңатас қаласымен барлық ауылдық округтерге кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары енгізілген арнайы парақшалар таратылған және ауылдық округтерді аралап, түсіндіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр.
Кәсіпкерлік бағытындағы жұмысты оңтайландыру мақсатында келушілер базасы жасақталған. Биылғы 9 айдың қорытындысында жалпы 294 жеке кәсіпкерге және жеке азаматтарға қызмет көрсетілген. Оның ішінде 34 азаматқа қайтарымсыз грантқа қатысты, 238 кәсіпкерге қаржылай несие, 22 азаматқа басқа сұрақтар бойынша қызмет көрсетіліпті.
– Азық-түлік бағасының тұрақтылығы да өте маңызды. Бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Биыл профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу мақсатында (ЕРСОП жүйесінде) 102 дүкен тіркеуге енгізілді. Бүгінгі таңда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында әлеуметтік 18 азық-түлік бағаларына жергілікті атқарушы орган тарапынан апта сайын 192 азық-түлік дүкенін аралап, бағаларға зерделеу жүргізуде. Биыл 20 қыркүйекте аудан әкімінің №428-ө өкімімен «Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру мониторингін жүргізетін арнайы топ» құрылған болатын. Барлық ауылдық округтерде жылжымалы жәрмеңкелер орындары белгіленіп, ауыл әкімдерінің нормативтік актілері шыққан. Сырттан келіп, тауар сатушыларға қолайлы жағдай қарастырылған. Ал, Жаңатас қаласында әр сенбіде тұрақты түрде ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Әлеуметтік тауарларды сатып алып, оны қайта сатқанда 15 пайыздан жоғары үстеме баға қосқандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабымен жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескерту парақшалары сауда орындарына екі мәрте таратылды және қатаң ескертілді. Бұл жөнінде аудандық «Сарысу» газетіне де жарияланды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде арзандаған азық-түліктер де бар. Атап айтсам, сиыр еті, тауық еті, айран, сүзбе, сары май, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп бағалары төмендетілді. Ауданда орналасқан барлық азық-түлік дүкендерінің иелеріне әлеуметтік маңызы бар 18 тауарға заң аясында 15 пайыз үстемақыдан артық қосып сатуға тыйым салынатыны туралы арнайы жадынама таратылды. Сонымен бірге, аудандағы 96 азық-түлік дүкенімен бағаға 15 пайыз үстеме ақыдан артық қосып сатпау бойынша меморандум жасалды, – деген бөлім басшысы Жұмат Жұмабекұлы ауданның туризм саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды да бізге мәлім етті.
Оның айтуынша, Сарысу ауданында 160 тарихи-мәдени, археологиялық нысандар мен 42 ескерткіш бар. Олардың құжаттары толық рәсімделген. 115 оба мен қорымдардың тоғызына, 45 тарихи-мәдени ескерткіштердің 33-іне мемлекеттік жер актілері жасалып, қорғау аймақтары бекітілген. Республикалық дәрежедегісі – Шоқай датқа кесенесі. Онда тақтайшалары орнатылған. Күтіп-баптау, тазалық жұмыстары ауыл әкімі аппаратының қарауынан жүргізіліп отырады. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы тиісті бағытта жүзеге асырылып отыр.
Туризм саласының негізгі капиталына биыл 570,9 миллион теңге салынған. Өндіріс ауылындағы клуб үйін қайта жаңғыртуға 23,6 миллион теңге, Ә.Бүркітбаев ауылындағы қоғамдық монша құрылысына 15 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, аудан аумағында 7 орналастыру, яғни 4 қонақүй, бір коттедж, 3 шағын үй және 14 тамақтану орны, 1 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істейді.
Ауданда кәсіпкерлік және туризм саласы бойынша қарқынды жұмыс жалғасын табуда. Ел экономикасын дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бұл саланың қосып отырған үлесі де аз емес.
Ұқсас жаңалықтар
Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
- 7 қазан, 2024
Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді