Сарқырама бұлағы

Сарқырама бұлағы
ашық дереккөз
Сарқырама бұлағы
Қоңыртөбе ауылындағы Сарқырама бұлағы да қасиетті бұлақтар санатынан. Бұл бұлақ ауыл тұрғындарының тіршілігінің қайнар көзі. Ауылға ауыз су осы бұлақ көзінен тартылған. Бұлақ суының қасиеті туралы ел арасында әңгіме көп. Соның бірі ауыл ақсақалы Сарыбек Түймебаевтың басынан өткен таңғаларлық таңғажайып оқиға. Оқиғаға арқау болған Сарыбек ата он бес жасында жылқы айдап бұлақ басына барады. Жылқыларын суғарып тұрып, үлкендерден естіген су сиқыры жайындағы әңгімелері есіне түсіп, бұлақ басына түнеуге бел буады. Бұл қаңтардың он тоғызыншы жұлдызы болатын. Бұл күні бастау басында болған жан ерекше құбылысқа тап болады деген әңгімеге көз жеткізу еді. Бала жүрегін қорқыныш билесе де, сол күні су басында түн жарымына дейін отырады. Су сарқылынан басқа ешқандай таңғажайып оқиға орын алмаған соң, ренжігендей сыңай танытып бұлақ суына дөңгелек тасты атып жіберіп ауылға қайтуға қамданады. Кенет лақтырған тасы су бетімен қалқып, жағаға шыққанын көреді. Бұрын-соңды мұндай құбылысты көрмеген ол қимылсыз орнында қатып тұрып қалады. Бір кезде бұлақ суы қызыл түске еніп, ыстық будың лебі бетіне сезіледі. Қыстың қара суығында бұрқылдап буы көтерілген судың бетінде әлденелер жүргендей көрінеді. Жақын келіп суға қолын бір малып жібереді. Шым-шым тартқан су шекеден терді бұрқ еткізеді. Өз көзіне өзі сенер-сенбес күйі киімін шешіп суға қойып кеп кетеді. Жылы су жан дүниесін жылытып, саусағының ұшына дейін бойлай жөнеледі. Осылайша, Сабырбек ата қызғылт түске еніп, күндізгідей жарық төгілген суда бір сағаттан аса уақыт шомылады. – Мүмкін сенерсіздер, мүмкін сенбессіздер. Бірақ, суда өткен бір сағатымды өзім де байқамай қалдым. Осы уақыт арасында бейнебір өзге әлемге түсіп кеткендей, жан-жағымда таңғажайып жәндіктер жүргендей күйге түстім. Тіпті, бастапқыдағы қорқынышым толықтай сейіліп, бір құдірет күш бауырына басқандай болды. Тек, әкем Тұрысбек кешіккеніме уайымдап артымнан бұлақ басына іздеп келгенде ғана су ішінде жалғыз жүргенімді сезіндім. Десе де, әкем де бұлақ суының ерекше жыли түскеніне, түсінің қызғылт түске енгеніне куә болды, – дейді Сабырбек ата. Бала Сабырбек пен әкесі Тұрысбек екеуі сол түні бұлақ басында таңға дейін отырады. Су тек таң ата қайта салқындап, қызғылт түсін жоғалтқан екен. Сол түні Сабырбектің әкесі үлкен екі шыныға су толтырып алып, таң ата үйлеріне қайтады. Ертесіне бұлақ басынан келген судың ерекше дәмге бөленгенін жанұясының бәрі сезінеді. Тіпті, Сабырбек ата сол қасиетті суға шомылғаннан кейін ауырып көрмепті. Туыстары сырқаттана қалса, сол судан аздап ішіп, жараларын дымқыл дәкемен таңатын болған. Ал, ертесіне дерттерінен құлан таза айығып кетеді екен. Бір бала көтере алмай жүрген келіншек бұлақ суын ішіп бала көтеріпті. Міне, осыдан кейін ауыл тұрғындары әр жылдың он тоғызыншы қаңтарында бұлақ суына түсуді әдетке айналдырған. Бірақ, Сабырбек атаның басынан өткен бұл оқиғадан кейін бірде-бір адам бұлақ суының қызғылт түске еніп, суының жыли түскенін көрмепті. Осы оқиғадан кейін араға он жыл салып Сабырбек ата бұлақ басында жүрген қарияны көреді. Қолына сүзгі алып, су беті мен айналасындағы қоқысты тазалап жүрген қария санаулы сәттен кейін көзден ғайып болады. Бұл жайттан суға кім көрінген түсіп, ластап жатқанын түсінген Сабырбек ата ертеңіне бұлақ басын қоршап, содан бері суын таза ұстауға тырысып келеді. Бұл бастау жерасты көлінен шығады. Көл астындағы су тектоникалық жарықпен асып, сарқырап ағады, сондықтан оның аты Сарқырама деп аталған. 1915 жылы бастау басына переселендер диірмен салады. Ол диірмен 1962 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1970 жылдары 1 секундта бұлақтан 47 литр су ытып шығатын. Судың даусы 4-5 шақырымға дейін сарқырап естіліп тұратын. Бүгінгі таңда бастаудан 1 секундта 15-17 литр су шығып жатыр. Судың 4-5 литрі құбыр арқылы ауылға кіреді. Ал, бұлақ суының даусы 200-300 метрден естіледі. Ауыл тұрғындары сарқырама суының тазалығына, шипалығына, салқындығына қарай «Әулиебастау» деп те атайды. Бүгінгі таңда бастау ерекше күтімге алынған.  

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар