Арманда кеткен ағашым

Арманда кеткен ағашым
ашық дереккөз
Арманда кеткен ағашым

Мен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан немере ағам Қапал Әбсаттарұлы Сайыповты көнекөз қарттардың естелік әңгімелері және қолымдағы құжаттар арқылы ғана білемін. Екеуі де Қапал ағамның нағыз отаншыл ержүрек азамат, елінің, ата-анасының адал перзенті болғанын аңғартып тұр. Осындай ағаға деген мақтаныш сезімі қолыма қалам алғызды. Оның артында ұрпақ қалған жоқ. «Арманда кеткен» деп отырғаным да сондықтан. Бірақ қамшының сабындай қысқа ғұмырында өнегелі өмір сүріпті. Алдымен құжаттар сөйлесін. Марапаттау қағазы

Сайыпов Қапал. Сержант. Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы Қызылтулы және Ленин орденді сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы 19-ыншы гвардиялық атқыштар полкі пулеметшілер ротасы пулеметшілер бөлімшесінің командирі. ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапаттауға ұсынылады. 1918 жылы туылған. Қазақ. БЛКЖО мүшесі. 1941 жылғы шілдеден Отан соғысы майданында. 1940 жылғы желтоқсаннан Қызыл Армия қатарында. Оңтүстік Қазақстан облысы Жуалы әскери комиссариатынан шақырылған.

Жеке жауынгерлік ерлігінің қысқаша нақты мазмұны

Андрюшино деревнясы сыртында болған ұрыста жаудың үш атыс нүктесін жойып, 2-інші атқыштар ротасының алға жылжуына жол ашқан. Андрюшино деревнясында 1944 жылдың 2 және 3 наурыз күндері болған ұрыстарда үш рет жаудың шабуылына тойтарыс беріп, 15 гитлершілерді жайратқан. 1944 жылы 2 наурызда 118.9 биіктігі үшін болған ұрыста жанкештілікпен өз пулеметін жау ұясына барынша жақын жылжытып, оны жойқын атыспен жойып жіберді. Сол ерлігімен аталған биіктікті алуға ықпал жасады. Сайыпов жолдас ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттауға лайық. 19-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Курганский. 19-гвардиялық атқыштар полкінің штаб бастығы, гвардия майоры Прокофьев. 13.03.1944 жыл.

Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алынған мәлімет осылай дейді. Кейіндеу әйелі Сайыпова Валентина Николаевнаға 1944 жылғы 31 наурызда ерінің майданда ерлікпен қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келген. Ал енді елдегі көнекөз, шежіре қарттардан естігенім. ... Жеңгелері «Сайып» атап кеткен атамыз Сақыпназар ескіше сауатты, мектеп ұстап бала оқытқан тақуа кісі болған екен. Алланың жазуы шығар, Сайып ата 40 жасында дүниеден озғанда артында үйелмелі-сүйелмелі алты бала қалыпты. Алды Әбсаттар – 13, одан кейінгі менің әкем Әбдіоқап 10 жаста екен. Соңдарынан ерген Сейітбаттал, Қапар атты інілері, Көшжан, Шәрпия қарындастары бар. Сейітбаттал мен Қаппардан тұяқ жоқ. Жастай қайтыс болып кетіпті екеуі де. Сейітбаттал ашаршылық жылдары ауып көшіп бара жатқанда дүние-мүлік үшін төбелесте қырғыздардың қолынан қаза тауыпты деп отыратын білетіндер. Әкесі қайтыс болғанда 13 жастағы Әбсаттар атамыз елдегі игі жақсылардың ұйғарымымен мектеп ұстаған. Текті адам тегін болған ба, өзінше ізденіп Қармақта оқып, білімін тереңдете түскен екен. «Жұбайы Еркей әжеміз Сұраяқ болыстың Әли деген ұлының қызы еді. Сұңғақ бойлы, етжеңді, мейірімді әрі парасатты жан еді» дейді көзін көргендер. Әжеміздің інісі Жанқожа қара күштің иесі палуан болыпты. Түркісіб теміржолы құрылысында рельсті бір өзі сүйреп кете береді екен. Тұлғасы сол нағашысына тартқан ағамыз бала кезінде «Қопал», кейін Қапал атанып кетсе керек анасының айтуынша. Менің ағам Аманжол да солай суреттейді Қапал ағасын. Ол кісі 1932 жылы туған. Қапал әскерге алынғанда 8-9 жаста екен. Баланың жады жақсы болады, есінде солай сақталған ғой. Денелі адамдардың қимылы ебедейсіздеу келетін әдеті, бала кезінде Қопал атанғаны да сондықтан-ау, шамасы? Әйтпесе, азан шақырып қойған аты Тәңірберген екен. Аманжол ағаның айтуында, Қапал Әбсаттарұлы әскерге алынғанға дейін ауылда белсенді болыпты. Ауылдық кеңесте қызмет атқарған. Ол тұрған Братск ауылында орыстар көп екен, орысша жақсы білген де болуы керек. Әскерге аттанардың алдында Валентина деген орыс қызына үйленіпті. Әрине, ата-ана тарапынан реніш болатыны сөзсіз. Сонда Қапал аға: «Апа, ренжімеңіздерші. Жақында мені әскерге әкетеді. Мен қайтып келгенше күтіп отырар дейсіз бе, өзі-ақ кетеді», – деп басу айтқан екен. Жеңгеміз күйеуі әскерге кеткеннен кейін ата-енесінің қолында қанша тұрғанын анық білмедім, білетінім Қапалдың майданда қаза тапқаны туралы «қара қағаз» сол кісінің атына келген. Соған қарағанда өзі ауылдық кеңесте қызмет атқаратын азамат Валентинамен заңды некеге тұрған. Қапал ағамыздың нағашысына тартқан зор денелі, алып адам болғанын жоғарыда айттық. Әдетте ондай адамдардың мінезі ауыр, салмақты болады. Ал бір ашуланса, қиындау. Қапалдың қатты ашуланғаны туралы Еркей апамыз айтқан бір оқиғаның ұзын-ырғасы төмендегідей. Братскіде ауыл тұрғындары су алатын үлкен құдық басында суға барған қыз-келіншектерге ауылдың екі бұзақысы тиісіп, тыныштық бермейтін көрінеді. Оны естіген өзі комсомол, өзі ауылдық кеңес қызметкері Қапал ағамыз бір күні арнайы барып, әлгі екі бұзақыны ұстап алып екі қолымен көтеріп тұрып бастарын бір-біріне соғыстырыпты да, екі жаққа лақтырып жіберіпті. Содан масқарасы шыққан әлгілер ол маңға қайта жоламайтын болған екен. Тағы да Еркей әжемізден қалған бір әңгіме. – 1943 жылы Қапал үйге кіріп келгені. Мезгіл апақ-сапақ. Сонда шал жарықтық орнынан тұра алмай қалды. Күтпеген жерден келгеніне таңданғаннан болар. Баламның омырауы толған сөлкебай. Бір айдай демалыста болып, қайтып кетті. Одан кейін көруге жазбады Құдай. Еңбек Армиясына алынған әкесінен де хабар жоқ сол күйі, – деп отырады екен әжем жарықтық. Соғыс кезінде елге барып қайтуға демалыс ерекше ерлік жасағандарға ғана берілген. Демек, сол келісінде Қапал аға ерлік жасаған болуы керек. Ал «сөлкебай» дегені орден-медальдары ғой. Қапал ағамыз да әкесі сияқты алты ағайынды болған. Тайып, Башмақ атты екі інісі бала кездерінде шетінеп кетіпті. Інісі Тахир, қарындастары Айтбала мен Хадишаның ұрпақтары Қаратау қаласында, Талас өңірінде тұрады. Мен бұл мақаланы жамбылдықтар осындай жерлестері Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқанын білсін, Қапал ағамның әруағы риза болсын, бір аунап түссін деп жазып отырмын. Арманда кеткен ағашымның есімі Ұлы Жеңістің 70 жылдығында бір аталсын деген де мақсатым бар. Артында ұрпағы қалмаған соң, арманда емей немене!

Әбдімүтәліп Сайыпов, зейнеткер.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар