Ғашықтық дертінен туған ән
«Мәриям Жагор деген орыс қызы, Он алты, он жетіге келген кезі. Қазаққа Дудар деген ғашық болып, Сондағы Мәриямның айтқан сөзі! Дударари-дудым, Бір сен ушін тудым! Шіркін-ай, Дудара-ри-дудым!». Иә, халық арасында жиі айтылып жүрген «Дудар-ай» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Әнді тыңдай отырып, қазақ жігітіне ғашық болған орыс қызының бұл әні жылылық пен махаббаттың, ғашықтық пен құштарлықтың символына айналғандай деуге болады. Бұл әннің авторы – Мария Жагорқызы есімді орыс қызы. Мария Жагорқызы қазақ жеріне көш аударған қарапайым шаруаның қызы. Ол Ақмола облысында өскендіктен қазақ тілін жетік меңгерген, домбыра тартуды да білген екен. Ол Дудар есімді қазақ жігітін құлай сүйіп, ғашықтық сезімін «Дудар-ай» әсем әнімен жеткізген көрінеді. Өлең жолдарында әйгілі болған Дудардың шын есімі Дүйсен болған.
Көбі ән авторын білмегендіктен, оны халық әндерінің қатарына қосып жіберген деген дерек те бар. Алайда, кейіннен музыка зерттеушілері Александр Затаевич пен Борис Ерзакович әнді тереңірек зерттеп, шығу тарихын анықтаған.
Бұл әнде өзінің жігітіне арнаған әнімен халық жүрегіне жол тапқан қыздың арман-мұңы жатыр деуге әбден болады. Жастардың қосылуына екі ұлттың әдеп- ғұрыптарындағы өзгешеліктер кедергі келтірсе керек. Оның үстіне діни наным-сенімдері де басқа. Бірақ сол заманда да жүрекке, махаббатқа әмір жүрмеген ғой.
Тарихи деректерге үңілер болсақ, бірде Марияны айттырып қойған көрші ауылдағы құдалары келіп күтіп отырады. Тағдырдың мұндай тәлкегіне көне алмаған қыз өзін қоярға жер таппай, құла дүзге қаша жөнеледі. Аты аңызға айналған «Дудар-ай» әні сол кезде туған деседі. Мұны естіген Дүйсен сүйіктісінің соңынан іздеп барады. Көп қиыншылықты бастарынан өткерген жастар тағдырдың тауқыметіне шыдап бағады. Олар өзен жағасында тұрып, қамыстан баспана тұрғызып мекен етеді. Қазақ жігіті мен орыс қызының махаббаты туралы ғажап әңгіме күллі атырапқа жайылады.
Күндердің күнінде баласының тауқымет көріп жүргенін естіген Дүйсеннің ата-анасы екі жасты үйге алдырып, тойларын жасап берген екен. Қиындықтың қандайына болса да төзе білген ғашықтар ақыры өз дегендеріне жетеді. Бірақ, олардың бұл бақытты шағы, жеңіске жеткізген қуанышты кезеңдері ұзаққа бармайды. Үйлену тойынан кейін-ақ Дүйсен патша әскері қатарына шақырылып, өз борышын өтеуге кетеді. Әскер қатарында жүргенде өкпе дертіне шалдыққан Дүйсен көп ұзамай қайтыс болыпты. Небәрі 18 жасында жесір қалған Мария уақыт өте қайта тұрмыс құрған.
Дүниеге төрт бала әкелген ана ретінде бақытты өмір сүріпті. Деректерге сүйенсек, Марияның екінші күйеуі оның жанын жақсы түсінген кісі болған деседі. Алғашқы сүйген жары – Дүйсенді жүрегінің түкпірінде сақтаған Мария өзінің кейінгі күйеуін де қадірлеп, өмір бойы сыйлап өтіпті.
Мария Рекина 1899 жылы өмірге келген. Өз өмірінің көп бөлігін Қорғалжын ауданы, Кеңбидайық ауылында өткізген ол Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып бара жатқан жерлестеріне әндерін арнап, жігерлендіріп отырған көрінеді. Сол үшін де оған «Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілген. Ал, оның «Дудар-ай» әні әлі күнге дейін айтылып келеді, қазіргі кең тараған әндердің бірі. Қытай елінде де танымал.
Ғашық жанның ішкі толғанысы мен ғашықтық сезімін білдіретін осынау бір ән тыңдарманын ерекше күйге бөлеп, бойдағы бар сүйіспеншілік сезімді оятады. Сонысымен де ән арада бір ғасыр уақыт өтсе де халық жүрегінен орын алып келеді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді