«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалған сөздің салмағы – ауыр, зардабы – зіл

Жалған сөздің салмағы – ауыр, зардабы – зіл
ашық дереккөз
Жалған сөздің салмағы – ауыр, зардабы – зіл
Қазақ – сөз баққан халық. Айтылған әрбір жақсы сөзде қасиет бар. Ал, сөздің жаманы – жалған сөйлеу. Өтірік айтудың үлкен- кішісі болмайды. Өтірік айтып үйренген адам, қазіргі тілмен айтқанда, жалған ақпарат таратқан адам. Ал, жалған ақпарат қаншама адамды зиянға ұшырататыны белгілі. Ерте заманда Жанқұтты шешенге жас Абай сәлем бере барыпты. Сонда Жанқұтты Абайды түрлі сұрақтармен сынап көріп, жауабына риза болады. Әлден уақытта Абай: «Ата, сізден бір сұрақ сұрауға бола ма?», – депті. «Е, шырағым, сұрай ғой», – депті сонда Жанқұтты. Сонда Абай: – Ата, арзан не, қымбат не, даусыз не? – деп сұрапты. Жанқұтты шешен: – Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, даусыз – кәрілік емес пе? – деп жауабын айтып, батасын берген екен. Бұл сөзден байқағанымыздай, бұрынғы би-шешендеріміз де өтіріктің арзан және құнсыз екенін құнттап айтып, жастарымызды ондай жағымсыздықтан аулақ болуға шақырған. Жалған сөздің жарға жығатыны туралы өмірдің өзінде талай-талай мысалдар бар. Бір жолы мал бағып жүрген бала ауылға қарай: «Қойға қасқыр шапты, қойға қасқыр шапты!», деп айқайлап кіріпті. Содан бүкіл ауыл дүрлігіп, мылтығын, шоқпарын алып, мал жайылып жатқан жерге барады. Сөйтсе, қасқыр түгілі қасқалдақ та жоқ. Малшы бала өтірік айтқан екен. Ауылдың дүрліккенін қызық көріпті. Келесі жолы әлгі бала ауылдың малын бағып жүргенде қойға шынымен екі қасқыр шабады. Бір отар малға ойран салып, опыр-топыр талап жатады. Малшы бала қорқып: «Қойға қасқыр шапты» деп ауылға қарай шаба жөнеледі. Бірақ, бұл жолы ол баланың сөзіне ешкім сенбей, көмектеспей қояды. Алдындағыдай өтірік айтып тұр деп ойлайды. Сөйтіп, екі қасқыр отар қойға орасан зиянын тигізіп кетеді. Бұл жерден ойнап болса да, жалған сөйлемеу керектігін аңғаруға болады. Жалған сөздің салмағы – ауыр, зардабы – зіл. Бұрыннан айтылып келе жатқан мынандай тәмсіл бар. Ертеректе бір бай құл сатып алу үшін базарға барады. Әлгі кісі арзан нәрсені сатып алғанды жақсы көреді екен. Содан базарды аралап жүрсе, бір алып тұлғалы құлдың бағасы арзан екен. Бай: «Бұл неге арзан?», – деп сұрайды. Сонда базардағы сатушы: «Бұл құл – өте еңбеккеш. Жұмысты жапырып істейді. Мұның кемшілігі – өтірік айтады, сөз тасиды. Сол үшін бағасы арзан»,– депті. Сонда бай: «Жұмысымды жапырып істеп жүрсе болды емес пе? Есігімнің алындағы құлмен сөйлесем бе? Өтірігінен маған не зиян бар?» деп ойлап, әлгі құлды арзан бағаға сатып алады. Құл шынымен еңбеккеш екен. Жұмысты жапырып істеп, байдың көңілінен шығады. Бай барлық құлынан оны артық көріп, мақтап, сөйлесе бастайды. Үйіне кіргізіп, тең сөйлесетін болады. Сөйтіп жүргенде әлгі құл өтірік айтып, байға: «Сіздің әйеліңіз көзіңізге шөп салып жүр», – деп екі тарапты шағыстырады. Бай әлгі құлды сонша жақсы көріп, әр сөзін құп алатын жағдайға жеткен еді. Өзінің ең жақсы көретін құлы айтып тұрған соң, әйелін қызғанып, қатты ашуланып, соққыға жығады. Сол соққының салдарынан әйелі нашарлап, бақилық болады. Кейіннен байдың жанында жүрген көмекшілері: «Байеке, неге сабыр етпедіңіз? Әйеліңіз сізге адал болды. Көзіңізге ешқандай шөп салған жоқ. Әлгі құл өтірік айтты!», – дейді. Ашуланып, құлды шақырып алып қайта сұрайды. Құл қорқып тұрып: «Мен өтірік айтып, күнә арқаладым, байеке», деп жалған сөйлегенін мойындап қояды. Бай болса өмір бойы өкініп өткен екен. Бұл жерде де бақытсыздықтың себепкері жалған сөз болып тұр. Қазір әлеуметтік желі ел ішінде кең таралып кетті. Ол жерде танымал кісілер елдің жағдайы, саясат туралы сан түрлі ғайбат сөздер мен дәлелі жоқ болжамдар айтып жатады. Осындай дәлелсіз пікірлердің өзі мыңдаған адамның көңілін бұзып, елге тұлға болып отырған азаматтарға деген сенімсіздікті туғызады. Әлеуметтік желіге пікір айттым екен деп, не болса соны айтып, біреудің ар-намысына негізсіз тие беруге болмайды. Өтіріктің үлкен-кішісі, жақсысы мен жаманы болмайды. Өтіріктің бәрі зиянды. Бала күнімдегі бір жағдай есіме түсіп отыр. Мұны балалық деп айтуға да болады. Бірақ, ол сәт те менің тәрбиелі болып қалыптасуыма әсер етті. Шона есімді сыныптас көршім болды. Бір сыныпта оқимыз, бірге ойнаймыз. Бір күні сабақтан кейін әлгі досымның үй жағына бара қалдым. Әкесі Құдайберген екеуі есіктің алдында малдарын суғарып жүр екен. 3-сыныптағы баламыз ғой. «Ой, келе ғой, Шонаның досы», деп Құдайберген ағамыз мені де бауырына тартып, еркелетіп жатыр. Мен сол кезде еркінсіп кеттім бе: «Аға, Шона балаңыз бүгін сабаққа барған жоқ», – деп қойып қалдым. Шона бірақ сабаққа толық қатысып келген еді. Ағамыз ештеңені тыңдаған жоқ: «Әй, жүгермек! Неге сабаққа қатыспадың? Үйден мектепке барам деп кетіп едің. Қайда тығылып отырдың? Мүмкін, ауылдың үлкен балаларымен бірге темекі тартып келген шығарсың?», – деп баласын жерден алып, жерге салды. Шона байқұс не айтарын білмей бүрісті де қалды. Әкесі ашуына мініп алған, сөзге тоқтайтын емес. Сосын мен: «Ә, шатастырдым ба?», – дегенім бар емес пе? «Шағыстырдым ба?», – деп айтқым келген шығар. Бірақ, қанша бала болсам да, жалған сөйледім, өтірік айттым. Сол өтіріктің зардабын тартып, сыныптасым әкесінен сөз естіп қалды. Сол кезде санама «Өтірік сөз жаман екен ғой» деген түсінік келді. Бір ағамыздың мына сөзі мені ойға қалдырды. Ол: «Бірде амандасып келейік деп құдамның үйіне бардық. Тамақ піскенше есік алдында әңгіме-дүкен құрып отырдық. Бір кезде есік алдында салынған күркеге көзім түсті. Үстінде киіз үйдің уығынан жасалған балдақ жатыр екен. Құдама қалжыңдап: «Құдеке, мына шіріген балдақты неге сақтап қойдың, ұстаған адам қайтадан құлап жазым болады ғой», – дедім. Сонда құдам тұрып: «Оны ертең сен ұстасын деп сақтап жүрмін», – деп қойып қалмасы бар ма. Әрине, әзілдеп айтты ғой. Содан ертесі күні өзімнің есігімнің сыртындағы мұзды ойып жатып, аяқ астынан тайып жығылдым. Бір аяғым екінші аяқты басып түсіп, сол жерде аяғым морт сынып кетті. Өзім тұра алмай, кешегі балдақты алғыздым. Сол балдақпен бір ай ауруханада, екі айдай үйде жүрдім. Міне, ойнап сөйлесең де, ойламай айтқанның кесірі», – деп сөзін түйіндеді. Атақты айтыс ақыны Қонысбай Әбілов бір жиында көпшілікке қаратып, сабақ алсын деген оймен: «Кенже қызым ерке болды. Ылғи оған мен сені мектебіңе мойныма мінгізіп апарамын деуші едім. Бірінші сыныпқа баратын күннен бір жеті бұрын қызым ойнап жүріп аяғын сындырып алды. «Папа, мектепке бара алмайтын болдым» деп қызым жылаған соң, «Қорықпа, қызым. Біз қасыңдамыз, қамқоршыңбыз», деп мектепке мойныма мінгізіп апаруға тура келді. Аузымнан шыққан сөзіме періште әумин деген болуы керек», – деп әсерлі әңгіме айтып берді. Жоғарыда айтылған екі мысалдан да үлкен әсер алуға болады. Қазақ мұндайда «Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы кәсіп – анық ырыс» дейді. Әзілдескен, қалжыңдасқан дұрыс. Алайда, адам баласы ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болғаны жөн. Әсіресе, жастар жағы ауыздан шыққан әр сөзді, қалжыңды ойланып барып айтқандары дұрыс. Көбіміз осы желіде біреулерге тіл тигізіп, ауызға келгенді айтып жатамыз. Ол арқылы да басқаның жүйкесіне тиетінімізді таразылай бермейміз. Әрқашанда бір-бірімізге жақсы сөз айтып жүрсек, қандай жақсы!  

Есет ДОСАЛЫ

   

Ұқсас жаңалықтар