«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Халықаралық пошта бизнесіне ерекше мән берілуде»

«Халықаралық пошта бизнесіне ерекше мән берілуде»
ашық дереккөз
«Халықаралық пошта бизнесіне ерекше мән берілуде»
«Қазпошта» АҚ – еліміздегі пошта байланысының ұлттық операторы және ТМД-да осы саладағы жедел дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Оның ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де, сансыз мәселесі де бар. «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиевпен сұхбат барысында салаға қатысты проблемалар кеңінен сөз болды. – Ілкіде сәлемдеме мен хат- хабар ғана жеткізумен айналысқан пошта қызметі бүгінде заманауи бағытта түрлі қызмет көрсетеді. «Қазпоштаның» бүгінгі ахуалы қалай? – «Қазпошта» – бүгінгі күні халыққа көптеген әмбебап қызметтер көрсететін, кең ауқымды, республика бойынша дамыған желісі бар пошталық, қаржылық, агенттік қызмет түрлерін ұсынатын ұлттық оператор болып табылады. Біздің компания бүкіл облыс бойынша бөлімшелердің ең тармақталған желісіне ие бола отырып, қазіргі таңда ауыл-аймақ халқына барлық қызмет түрін көрсетеді. Мойындайтын бір шындық, жалғыз біздің еліміз бойынша ғана емес, әлем бойынша да пошта арқылы хат- хабар тарату, мерзімді басылымды жеткізу қызметіне сұраныс азайған. Ол біздің қаржылық әлеуетімізге әсер ететіндіктен, біз қызметті әртараптандыру жағына көштік. Соңғы тоғыз айдың нәтижесімен айтар болсам, «Қазпошта» 5 мыңға жуық газет-журналды, 130 мың дана хат-хабар, 70 мыңға жуық сәлемдемені жеткізді. Былтыр еліміздегі бұл қызмет Орталық Азиядағы ең ірі пошта қызметінің операторы мәртебесін алды. Біз пошта қызметінен бөлек қаржылық, брокерлік, цифрлық және логистикалық қызметті ұсынамыз. Бүгінде 500 шамасында заңды тұлға біздің қызметімізге жүгінеді. Жеке тұлғаларға келсек, шамамен 600-700 тұрақты клиентіміз бар. – Кейбір ауылдағы пошта бөлімшелері халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын алмастырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асуда? Биыл біз газеттер мен журналдарға онлайн жазылу сервисін іске қостық. Енді Post.kz мобильді қосымшасы арқылы кез келген адам мерзімді басылымға жазылып, пошта бөлімшесіне келмей-ақ төлем жасай алады. Тағы бір жағымды жаңалық, өзіңіз сұрап отырған тиімді қызметтердің қосылуы дер едім. Былтыр «Қазпошта» мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында келісім жасалып, пилоттық жоба басталған болатын. Бұл дегеніңіз – халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ елді мекендердегі ауыл тұрғындарына пошта бөлімшесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетіледі деген сөз. Кез келген ауыл тұрғыны пошта бөлімшелеріне барып, электронды- цифрлық кілт алып, мемлекеттік әлеуметтік көмек үшін тіркеуден өте алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтудың техникалық құралдарын, санаторий-курорттық орындарға жолдаманы ресімдеу, тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Сол арқылы ауылдағы ағайынның жұмысы біршама жеңілдеді деп ойлаймыз. Себебі, енді аудан немесе облыс орталығына шапқылап барудың қажеті жоқ. Жалпы, «Қазпоштаны» Орталық Азия өңіріндегі барлық сәлемдемеге «қақпа» деуге болады. Түсінікті тілмен айтсақ, біз «айқара ашқан есіктен», әрбір тұрғын әлемнің кез келген маркетплейсінен тауар сатып алу мүмкіндігі болу керек. Бұл мақсатта «Қазпошта» халықаралық пошта бизнесіне де ерекше мән беріп отыр дей аламын. Мәселен, әлемнің жетекші халықаралық алаңдары – «Amazon», «Aliexpress», «Iherb» тағы басқаларымен келіссөз жүргізілуде. Қазір «QazPost» қосымшасын әзірлеуге ең үздік IT мамандары атсалысып отыр. Ол ыңғайлы қосымшаға айналады деп ойлаймыз. Бұдан өзге де кең ауқымды қызмет түрлерін ұсынып отырмыз. – Соңғы жаңашылдықтардың тағы бірі – гибридтік электронды пошта жүйесінің іске қосылуы. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз. – Иә, қызметтің бұл түрі де жоғары сұранысқа ие. Оның тиімділігі сол, жолдаушы тарап кеңседен шықпай, филиалдарға бармай- ақ тәулік бойы онлайн форматта жібереді. Бұл – абоненттік жәшік нұсқасында, электронды түрде іске қосылып, керекті хаттар мен хабарландыруларды, мемлекеттік органдары өкілдері арасындағы құжаттарды жеткізуге арналған. Бір ерекшелігі – бұл электронды пошта egov электрондық үкімет жүйесімен біріктірілген. Сондықтан, мемлекеттік қызметтерге тапсырыс беруден бастап, құжаттардың түпнұсқасын пошта арқылы жеткізу сияқты кешенді форматта қызмет ұсынады. Бұған қоса, «POS Mobile» қосымшасы арқылы көрсетілген қызметтер немесе сатылған тауарлар үшін қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға болады. Бұл өңірдің кәсіпкерлері үшін тиімді. Ол саудагерлерге тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін контактісіз төлемдерді қабылдауда ыңғайлылықты қамтамасыз етеді. Жаңа қызметтеріміздің бірі Western Union. Бұл – халықаралық аударымдар сонымен қатар жетелдетілген аударым, пошталық ақша аударымдары, басқа банктің шотына жіберілетін аударымдар. Енді кез келген адам қолма-қол ақшаны біздің бөлімшелерімізде өзінің немесе басқа біреудің банктік картасына сала алады. Тек карта нөмірі және алушының аты-жөні болса болды. Сондай-ақ, Viza картасына телефон нөмірі арқылы ақша аударымын жасауға болады. Post.kz мобильдік қосымша арқылы виртуалдық карта ашуға болады. Темір жол билеттерін сату, шетелден интернет дүкен арқылы тапсырыс қабылдау сияқты қызметтерді де көрсетеміз. Бүгінде жеке адам ғана емес, халық жаппай бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады ғой. Сондықтан, біз ұсынып отырған қызмет түрлерін қала, ауыл тұрғындары білсе, тиімді пайдалана алса дейміз. Мәселен, біздің қызметтер арқылы клиент интернет арқылы әмиян ашып, бөлемшеге келіп ақшасын ала алады. Ауылдық пошта байланыс бөлімшелерінде каспи голд картасына қаражат салуға болады. Кез келген бөлімшелерде «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға болады, post. kz арқылы үйден немесе кеңседен шықпай бөлімшеде брокерлік шот ашуға болады. WhatsApp чат-боты арқылы клиенттеріміз оператормен байланыса алады. – Жалпы, қала тұрғындары үшін мүмкіндік көп. Олар дамыған заманның артықшылықтарын бірінші боп пайдаланады. Мәселен, бүгінде қалалықтардың дені интернет арқылы сауда жасайды деп айтуға әбден болады. Ал, ауыл тұрғындары ше? Оларға не істеу керек? Осы ретте, ауылдағы пошта бөлімшелерін қалай дамытуды көздеп отырсыздар? Бүгінде біздің филиалда 855 адам еңбек етеді. Оның құрамында 206 пошта байланыс бөлімшесі, 7 серіктес бөлімшесі бар. Сонымен қатар, аймағымызда 11 сәлемдемелер супермаркеті, 31 банкомат, 269- дан астам Post терминалдар, 3 төлем терминалы және 3 поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесі жұмыс істеп тұр. Пошта байланысы жөнелтілімдердің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету принципінде жүргізіледі. Тасымалдау жұмысын 37 жол бағыты бойынша 86 автокөлік атқарады. Осылайша, компания өз қызметімен барлық облыс тұрғынын қамтамасыз етеді. Бөлімшелерде азаматтар пошта және қаржылық қызметтерден бөлек, логистикалық, брокерлік, агенттік және e-commerce қызметтерін ала алады. Біз тиімсіз ауылға жеткізілім маршруттарын сақтап қалуға мәжбүрміз. Себебі, ауыл-аймақтарда қаншама тұрғындар бар. Оларға да сапалы пошта, қаржылық, агенттік және мемлекеттік қызметтер ұсынылуға тиіс. Бұл бағытта телемедицинаны, оқыту бағдарламаларын дамыту, түрлі сала бойынша кеңес беру сынды түрлі қызметтерді іске қосу идеясы бар. Осы жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен, «One Web» компаниясы арқылы батыс өңірлердегі ауылдарға спутниктік интернет орнату бойынша алғашқы қанатқақты жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жаңалық біздің өңірімізге келеді деп ойлаймын. Жалпы, электрондық сауда тек қалаларда емес, ауылда да дамуы керек. Уақыт жағынан сәл ұтылса да, бөлімше арқылы қаншама затын алып отырған сан мың адам бар. Бұл мәселе де өзінің шешімін табады деп ойлаймын. Клиентте тауарды елдің кез келген нүктесінен 48 сағат ішінде сатып алып, қол жеткізу мүмкіндігі болуға тиіс. – «Қазпошта» жұмысына қатысты оқырмандардың шағымы көп. Көбіне басылымдардың уақытында жеткізілмейтіні сөз болады. Мұның себебі неде? Бұл мәселені түбегейлі шешуге болмай ма? – Мұның себебі біздің тараптан болып отырған жоқ. Әрине, біздегі пошташылар мен курьерлер жалақысының төмендігі мәселесі бары рас. Дегенмен де редакциялар тарапынан басылымдардың баспадан шығу кестесін бұзу немесе қаржылық қиындыққа байланысты нөмірлерді біріктіріп жіберуі сияқты жағдайлар да жиілеп кетті. Бұған кейбір мекенжайларда, әсіресе жаңа үйлерде пошта жәшіктерінің болмауын, үй нөмірлерінің дұрыс көрсетілмеуін, көпқабатты үйлерге кіруге мүмкіндігі болмауын да қосыңыз. Осының барлығы басылымдардың дер кезінде жеткізілмеуіне әсер етеді. Бұл проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мүлік иелерінің бірлестіктерімен бірлесіп, абоненттік пошта жәшіктерін түгендеу, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне пошташылардың кіруі үшін домофондарға әмбебап кілт беру жағын қарастыруы қажет деп ойлаймын. Біз де аянып қалып жатқан жоқпыз. Былтырдан бастап «Жаяу курьер» жобасы іске қосылды. Осы жоба арқылы біз курьерлердің жалақыларын көбейттік. Неғұрлым көп хат, сәлемдеме жеткізсе, оның айлығы соғұрлым көп болады. Қоғамның және кез келген кәсіпорынның басты құндылығы – адам. Сондықтан, «Қазпошта» басшылығы ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылыққа, еңбек қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге және еңбек жағдайына ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері қызметкерлердің лауазымдық жалақылары өсті. Жалақы өсіру пайыздары жалақы деңгейіне байланысты 25 пайыздан 7 пайызға дейін дифференциалды түрде белгіленеді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН.

Ұқсас жаңалықтар