Әлеуметтік төлем талаптары түсіндірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында айтылған зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізілетіні жайлы түсіндіріп, еңбеккерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдауға облысымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келді. Министр Тараз қаласындағы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыш зауыты» ғимаратының мәжіліс залында аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен және өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. – Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету үшін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер пакеті жасалды. Тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісі қабылдады. Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттарына тоқталар болсақ, жұмысшы 55 жасқа толуы және соңғы 7 жылда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы керек. Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде және БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі, – деді Светлана Қабыкенқызы.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады. Министр төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетінін атап өтті. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауы тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа кетіп, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдер алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2025 жылы 42 мыңнан астам, 2026 жылы 47 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
– Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі, – деді Светлана Жақыпова.
Сондай-ақ, заңнамалық түзетулер бойынша жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру көзделеді. Кездесуде Светлана Жақыпова облыс кәсіпорындары қызметкерлерінің сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында министр «Қаратау» ААҚ регрессшілерімен кездесу өткізді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді