Қазақ тарихының атасы

Қазақ тарихының атасы
ашық дереккөз
Қазақ тарихының атасы

М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашидиін» оқығаннан кейінгі ой

Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі, бір күндік немесе бір жылдық оқиға ретінде алып қарастыратын тарихи акті емес, сондықтан да зерттеушілер мұны процесс ретінде зерттеп, жаңа хандықтың құрылуының басы мен қалыптасу кезеңін көрсетуге, дәлірек ашып беруге тырысуы объективті мәселе. 

Мұхтар Қазыбек, М.Х.Дулати қоғамдық қорының директоры.

С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов Қазақ хандығының құрылуына байланысты пікірлерін: «Оның құрылу тарихы Орыс ханның ұрпақтарының – бас имейтін сұлтандарының бастауымен Моғолстан шегіндегі Өзбек ұлысының халқының бір бөлігінің 1458 және 1462 жылдар аралығында көтеріле көшіп кетуімен және 1468 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін «көшпелі өзбек» деп аталынатын мемлекеттің ыдырауымен байланысты»,− деп жазды. М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты атақты классикалық еңбегінен біз көптеген жайттарға, сұрақтарға жауап таба аламыз. Ең алдымен, Қазақ хандығының құрылуы туралы ең құнды дерек-мәліметті алғаш рет хатқа түсіріп, таңбалап, кейінгі ұрпақ мезгілін, мерзімін шатастырып жүрмесін деп жазып кеткен ғұлама бабамыз М.Х.Дулати болатын. Бұл деректі жазып кетпесе, ауыз әдебиетінен, жыраулар мен ақындар жырларынан мұндай мәлімет неге екені белгісіз сақталынып қалмаған. С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов 1457 жылы ойрат тайшысы Өз Темірден жеңіліс тапқаннан кейін Өзбек ұлысында бүлік басталып, оның арты ұлыс халқының бір бөлігінің бөлініп, көтеріліп кетуіне алып келді деп атап көрсетеді. Ал жазушы һәм тарихшы М.Мағауин бұл мерзімді 1457 емес, 1456 жылы деп есептейді. Жәнібек пен Керейдің көшіп кетуін тақ таласына ғана қатысты еместігін: «қайшылық − елдің тіршілік-тынысынан, даму бағдарынан туындаған. Әбілхайыр Орта Азияның отырықшы аймақтарына бейімдік танытады, соған орай елдің тұрмыс жайына да, әдет салтына да басқа тұрғыдан қараса керек. Ал Әбілхайырға қарсы топ – Орда-Ежен, Тоқай-Темір әулеті ежелгі дәстүрді берік ұстанып, ата салтын бәрінен де жоғары қойған сияқты», – деп тұжырым жасайды М.Мағауин. Мағауин көрсетіп отырған факторды да терістеу жөн бола қоймас, ал академик М.Қозыбаев болса, Жәнібек пен Керей Әбілхайыр ханнан қашқан жоқ, олар саяси дербестікке ұмтылды, содан бөлініп көшіп кетті деген сөзге екпін түсіреді. Бір тарихи оқиғаға көзқарас та бірдей бола бермейтіні, әр зерттеуші әртүрлі пайымға келіп тіреліп отыратыны мәлім. Қазақ ордасының құрылуы тарих ғылымының ең өзекті де, өткір де ділгір мәселелерінің бірі болып табылатындықтан, бұл мәселеде ең алдымен тарихи деректерге, нұсқаларға иек арту қажет. Бізге жеткен мұсылман тарихшылары еңбектерінің ішінде ең сенімді тарихи дереккөзі – М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» («Хақ жолындағылар тарихы») атты дүниежүзі ғалымдарына мәлім классикалық еңбегі болып табылады. Бұл күні бүгінге дейін Қазақ ордасының құрылуына арнайы тоқталған аса маңызды мәдени жәдігер болып саналады. Көптеген тарихшылардың таласты, екі ұшты пайымдауларының дәйексіздігін – «Тарих-и Рашиди» бұлтарыссыз дәлелдей алады. «Тарих-и Рашиди» арнайы тапсырмамен жазылған шығарма да, қарапайым тарихшының қаламынан туған туынды да емес, ол ес білгеннен есейген шағына дейін билік тұтқасын қолына ұстаған әулеттің ортасында өсіп, ат жалын тартып мінген, билік тізгінін өз қолына ала білген, әмірін жүргізген ықпалды тұлғаның, қолбасшы, мемлекет қайраткерінің, ойшыл да оқымысты, жазушы, ғұламаның жүрек қалауымен жазылған жауһар шығарма. «Тарих-и Рашиди» 1541-1546 жылдары Кашмирде М.Х.Дулати әмірлік етіп, дербес тәуелсіз билік жүргізіп тұрған жылдарда жазылып бітті. Саяси тұрғыдан алғанда да, шығармашылық тұрғыдан алғанда да тәуелсіз тұлғаның, ақын һәм жазушылық қабілет пен қайраткерлік қасиет бойына туа біткен кемел ой иесінің ісмердің қолынан шыққан жүзіктей көркемдік деңгейі мықты туындысы. Батыс пен шығыс ғалымдары ең алдымен «Тарих-и Рашидидің» шынайы, жалған сөзсіз жазылған еңбек екеніне куәлік беріп, сілтеме жасаса, орыс шығыстанушысы В.В.Вельяминов-Зернов бұл еңбектің күдік келтірмейтін ең сенімді дереккөзі болып табылатынына қуанып тәнті болғанын жасырмайды. Оның үстіне Керей мен Жәнібекке қолдау көрсетіп, қоныс берген Моғолстан ханы Уәйіс ханның үлкен ұлы Есенбұға хан болатын. Есенбұға хан Жүніс ханның інісі еді, ал Дулати болса Жүніс ханның үшінші қызынан туған, жиені болатын. Атақты Ұлы Моғол империясының негізін қалаушы Бабыр Жүніс ханның екінші қызынан туған еді, Захарад-Дин Бабыр мен Мұхаммед Хайдар бір-бірімен туған бөле болып табылады. Жүніс ханның екі бірдей жиені ерлеп ірі-ірі мемлекет қайраткері, әлем халқының мәдениетінің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан, олжа салған Шығыс елдерінде заманында теңдесі жоқ оқымысты, қайраткер ретінде танылды. Дулатидің нағашы атасы болып табылатын Есенбұға ханның, сондай туған нағашы атасы Жүніс ханның өмір тарихы мен қызметі туралы Мұхаммед Хайдар бала кезден әңгімеге қанық болып өседі. Қазақ хандығының құрылуын – Мұхаммед Хайдар ата-бабалар әңгімесінен ертеден-ақ білетін. Өйткені Қазақ ордасының құрылуына Есенбұға ханның қолдап, демеу жасауындағы мақсат бұлар бір тамырдан таралған туыс, бауырлар болса, екінші жағынан ертеңгі күні саяси тірек, одақ болатын бірлестік, орда деп білді. Бір ханның жеріне екінші бір ханның адамдары екі жағдайда келеді, біріншісі жаулап, басып алған жағдайда, ал екіншісі одақтасқан жағдайда ғана. Жәнібек пен Керейдің Есенбұға ханмен алдын ала жасалған өзара келісімі болған сияқты. Кедергісіз, қақтығыссыз көшіп келуі алдын ала жүргізілген дипломатиялық әрекеттің нәтижесіндей көрінеді. Керей мен Жәнібек Есенбұға ханның жеріне емін-еркін көшіп келуінің астарында не жатқандығы айқын. Қазақ ордасы билік жүргізген жылдарды Дулати нақты білген. Қазақ ордасы тарихын ол үнемі назарында ұстап, бақылап әрі арақатынасты да үзбей отырған. Сондықтан да оның «Тарих-и Рашидиіндегі» деректері сенімді әрі күмән туғызбайды. Ал деректің өзін талқылау тарихшының дүниетанымы мен көзқарасына, қалам қауқарына да, ұстанған ұстанымына да байланысты болмақ. М.Х.Дулати былай деп жазды: «Сол күндерде Әбілхайыр ханның бүкіл Дешті Қыпшаққа билігі жүріп тұрған еді. Ол Жошы әулеті сұлтандарына шабуыл жасады, оның қысымынан Жәнібек хан мен Керей хан қашып, Моғолстанға келген болатын. Есенбұға хан оларды үлкен қошеметпен қабылдап, бұларға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасы деген жерді берді. Олар бұл жерде абырой мен атаққа ие болды. Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін, өзбек ұлысы бір-бірімен қырқысып, араларында үлкен араздық туды. Содан жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамнан асатын, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ мемлекеті сұлтандарының билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады <Алла жақсы біледі>. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді» Дулати келтірген дерек, айғақ осы, тарихи оқиғаның болған жылын да нақты көрсетіп берген. Жоғарыда біз келтірген тарихшылардың мәліметтеріне қосымша мына жайтты да баса айтып кеткен жөн. Жәнібек хан мен Керей ханның Моғолстанға кетіп қалуының себебі Жошы ұрпақтары жорық жасауына байланысты болған еді дейді тарихшы. Дулатидің «Моғолстанға кетіп қалған еді» деп жазуына қарағанда Өзбек ұлысынан түп көтеріле көшу әрине 1465 жылдан бұрынырақ болып отыр, ол 1456-1457, 1465-1466 жылдарға дейінгі аралық болып табылады. Дулати Керей мен Жәнібектің бөлініп, көшіп кеткен жылын дәл көрсетпесе де, оны оқиғаны баяндауынан толық аңғара аласыз. Үдере көшіп кету мерзімінің сол 1456-1457 жылдар шамасында болғанын аңдайсыз. Ал «абырой мен атаққа ие болған жылдар» бірнеше жылға созылып, Қазақ ордасының шаңырағы берік бола түсті. Содан қазақ сұлтандары Қазақ ордасында билік ете отырып, Өзбекстанның көп бөлігіне толық әмірлігін, билігін жүргізді, бұл 870 (1465-1466) жыл болып есептеледі. Сонымен Қазақ ордасының саяси құрылым ретінде өмірге келіп, толық билік жүргізуі 1465 жыл болып саналуға тиіс. Бұл ұлы тарихшы М.Х.Дулатидің бізге қалдырып кеткен ең құнды деректерінің бірі ретінде бағалануға тиіс. Егер Моғол империясының ыдырап, көптеген хандықтарға бөлініп, әлсіреуі тарихи жағдайға байланысты болды десек те түбі де, тегі де бір халықтардың бөлінген халықтың әртүрлі хандықтарда тіршілік етуі бұл әрине тағдырдың ісі. Бір тұтастықтан айырылған ел – бір мақсаттан, бір мүддеден де айырылды, оның ақыры бөлшектенуге алып келіп соқтырды. Ал тегі бір халық – ортақ тамырын, тегін, ата қонысын, ата-бабаларының ұлы да даңқты істерін ешуақытта есінен шығарған емес, ол олардың тарихи жадында сақталынып, қатталынып отырды. Оның көрінісі ауыз әдебиеті үлгілерінде айқын бейнеленіп отырды. Қазақ ордасының негізін қалаған Жәнібек ханды, аса құрмет тұтып халық әз Жәнібек деп атап, аңыз, әпсаналарда солай баяндалып кетті. Елі, халқының қамын ойлап түн ұйқысын қашырған ханына әз деген құрметті ат қосып, әз Жәнібек деп ардақтады. Атақты қараүзген шипагер Отейбойдақтың «Шипагерлік баянын» жазуға тапсырма берген де осы әз Жәнібек хан. Атақты уайымшыл, дала философы Асан қайғы да осы Жәнібектің жанынан кеңесшісі, ақылшысы ретінде табылып отырды. Дулати Қазақ ордасын, яғни, Қазақ хандығын құрған әз Жәнібек пен Керейден кейін Бұрындық хан болғанын, одан кейін әз Жәнібектің ұлы Қасым хан басқарғанын, ол Дешті Қыпшақты толық билегенін, әскерінің саны мың-мыңдаған адам еді, Жошыдан кейін одан ұлы хан болған еместігін атап көрсетіп баға береді. Қасым ханнан соң оның ұлы Мамаш, одан кейін немересі Таһирдің хан болғанын, ол кезде қазақтардың азайып кеткенін, одан соң оның бауыры Бұйдаш хан болған кезде қазақтар 20 000 болып қалғанын, оның 1533-1534 жылдары қайтыс болғанын баяндап өтеді де Моғолстан мен қазақтардың арақатынасына тоқталып, Рашид сұлтан таққа отырғанға дейін екі ел арасында татулық пен достық орнағанын, бейбіт қарым-қатынас жасалып келгенін, 1533 жылдан кейін, Рашид хан болған соң бұл қатынасты үзіп, Рашид хан бұзғанына арнайы тоқталып өтеді. Моғолстан мен Қазақ хандығы арасындағы ежелден келе жатқан достық қарым-қатынастың бұзылуы Моғолстан үшін үлкен қателікке ұрыну екенін тарих көрсетіп берді. Өйткені Рашид сұлтан әкесі Саид ханның орнына хан болғаннан кейін ежелгі ата дәстүрін, салтты аяқ асты етіп таптады, жосықсыздыққа ұрынды. Моғолстанда шаңырақ көтерген Қазақ хандығы ұлттық мемлекеттік құрылым болды. Ал Қазақ халқының ұлт болып ұйысуында тікелей тарихи рөлді әз Жәнібек хан мен Керей хан атқарды. Сол кезеңдегі қазақ жұртының ұлттық мемлекет құруы дәл осы Моғолстанның батыс жағында болған тарихи әрі саяси оқиға еді. Есенбұға хан ең алдымен еліне бауырлас, ағайын-туыс, тайпалас халықты құрметпен қарсы алуында үлкен мән-мағына жатыр. Біріншіден, елінің батыс шекарасын нығайтуға саяси одақ үшін де қажет болды, оның үстіне шығыс тараптан оқтын-оқтын жорық жасап, елді шауып кетіп отырған күшейіп келе жатқан қалмақтарға да қарсы тұруға одақтас күш болар деп ойлады. Қазақ ордасының құрылуына байланысты екінші бір тарихшы ғалым К.А.Пищулина: «Қазақ хандығының бастауы, оның құрылуының себептері – Жәнібек пен Керейдің түп көтеріле көшіп кетуінде ғана емес, қайта ортағасырлық Қазақстан халқының шаруашылық, әлеуметтік-саяси даму барысымен, сонымен қатар қазақтардың этникалық тарихымен тығыз байланысты»,− деп жазды. Ғалымның атап көрсетіп отырған себептері негізсіз де емес еді, ежелден еркіндік аңсаған, бас бостандығы мен тәуелсіздігін басты мұрат-мақсат тұтқан ел өз сағатының соғар сәтін де күтіп жүрді, ең алдымен олар саяси тәуелсіздікке ұмтылды. Кез-келген мемлекеттің құрылуы – бұл ең алдымен саяси тәуелсіздік алуы болып табылады. Әз Жәнібек хан мен Керей хан саяси тәуелсіздікке ұмтылмаған болса, онда қазақ хандығы да саяси құрылым − мемлекет ретінде орнап, орнықпасы да мәлім еді. Олардың бұл саяси күресі белгілі бір дәрежеде тарихи жағдайға байланысты қантөгіссіз өтті, оңтайлы сәтті өз мүдделеріне қарай шебер пайдалана білу жағдайында жүзеге асты, яғни іргелерін бөліп, түп көтеріле көшіп кету жолымен қазақ хандығының қара шаңырағын көтерді. Тарихта Қазақ мемлекеті екінші рет 1991 жылы бейбіт, қантөгіссіз жағдайда Елбасының көрегендік саясатының нәтижесінде түбегейлі түрде өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болып құрылып, әлем қауымдастығының құрамына кірді. «Тарих-и Рашиди» қазақ тарихының ұлы арнасына жататын мағыналы шығарма болса да, ол әлі күнге дейін қалың бұқараның игілігі бола алмай келеді», − деп жазды Ә.Марғұлан Дулати туралы зерттеу мақаласында 1941 жылдың өзінде. «Қазақ тарихының ұлы арнасы» деп аса жоғары бағалаған ғұлама, ол қандай арналар екендігіне тоқталып дәлелдеп береді. Қазақ тарихына қатысты, оның Алтын Орда мен Шағатай ұлысынан бөлініп, жеке мемлекет болып құрылуы. Мұны анықтап алғаш жазған М.Х.Дулати. Сонымен қатар Қасым хан билеген дәуірдегі (1480-1520) қазақтардың қуатты да көркейген мемлекет болғанын келістіре суреттеп баяндайды. Өзбек ұлысы мен Қазақ елінің Алтын Орда дәуірінен қалған жұртшылық мұрасына таласып, қақтығысып, айқасуы. Ә.Марғұлан осы үш ерекшелікті екшеп, елеп, атап көрсетті. Қазақтар өзбектермен жауласқан кезде Моғолстан хандары қазақтармен одақтасып, Шаһибек ханға қарсы соғысты. Мұны «Тарих-и Рашидидің» авторы да әдемі етіп баяндайды Сайд ханның Бабыр патшаны қолдап, өзбектерге қарсы күрескенде Қасым хан бұларды қолдайды. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақтар туралы «Тарих-и Рашидидің» І-кітабының «Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсеткен күндерінен әңгіме» деген 39-тарауында Жәнібек пен Керей ханның Қазақ хандығын құрғандығы туралы құнды дерек осы тарауда баяндалады. 1-кітаптың «Сұлтан Ахмет ханның ұлы Саид хан жайында әңгіме» атты 67-тарауында Саид ханның Ташкент маңында 5 мың әскермен Сүйініш Қожа ханның 7 мың әскерімен шайқасып, жеңіліп қалғанын, содан Әндіжанға кеткенін, ал Бабыр патша да Бұхараның маңында өзбектердің жеңіліп, Хисарға кеткенін баяндайды. «Көктем шығысымен Саид хан Қасым ханға кетті». Ол заманда оның әскерінің саны 300 000 (үш жүз мың) болған еді деп атап көрсетеді Дулати. «Сұлтан Саид ханның Сүйіншік ханнан жеңілгеннен кейінгі [болған] оқиғалар жайында» деген ІІ кітаптың 32-тарауында Қасым ханға қатысты мәліметтер одан әрі толықтырыла түседі. «Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік ерекшеліктері туралы, бұл атаудың оларға берілу себебі хақында және олардың істерінің салдары жайында әңгіме» атты ІІ кітаптың 33-тарауында Қасым ханның әскерінің санына қатысты Дулати мың-мыңнан (миллион) еді деп жазады, Керейден кейін баласы Бұрындық хан болады. Бірақ, оның беделі, ықпалы болмады. Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды Қасым хан некелеп алады (оны Сұлтан Әбу Саидқа ұзатады, ол қайтыс болған соң, некелеп алған, сондықтан ол бір жағы Саид ханға жезде болып келеді). Әдік сұлтан, одан кейін Қасым хан, одан соң оның ұлы Мамаш хан болды. Әдік сұлтанның ұлы Таһир хан болған кезде, ол өте қатыгез еді, төңірегіндегі 400 000 елі қашып кетіп, өзі қырғыздар арасында қайтыс болды. 1524 жылдары қазақтар миллион болса, 1537 соншама халықтан із де қалмады деп жазады ғалым бабамыз. Осыған байланысты кейбір анықтай кетуді қажет ететін жайттар бар, шын мәнінде қазақтар мүлдем жойылып кетті ме, әлде мұның өзі басқа мән бере ме, мұны басқа деректер арқылы анықтай түсу қажеттігі туады. Қадырғали би Қасымұлы Жалайыри: «Жәдік ханның көптеген әйелдері мен күңдері болды, балалары да көп болды. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғым хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді. Тоғым хан, оның ұлдары «тоғыз сары» деп аталады. Мәлік сұлтанның баласы Башыбек сұлтан тоғыз сарымен бірге Жағат уәлаятының шекарасында шаһид болды, сол ұрыста тағы әйгілі әрі даңқты отыз жеті сұлтан қаза болды»,− деп жазады. Қазақ ордасының тарихындағы бұл ең бір ауыр кезең, ел тағдыры сынға түскен уақыт еді. «Өзара берік одақ жасасқан, Қазақ ордасын біржолата құртуға ниеттенген өзбек ханы Ұбайдолла мен моғол ханы Әбдірашид, бірі Мәуреннахр жақтан, бірі Шығыс Түркістан жақтан шеру тартып аттанады. Моғол мен өзбектің қалың қолы Ыстық көлдің шығыс бетіндегі Сан-Таш деген жерде қосылады... Бірақ олардың саны аз болатын. Тарихтың 944 жылы, 18 сафар, қазіргі есеп бойынша 1537 жылы 27 шілде жұма күні, төрт халықтың таң азаннан түн қараңғылығына дейін созылған табандасқан, қиян-кескі соғысында қазақ-қырғыз әскері түгелімен қырғынға ұшырайды. Қанды ұрыста қазақ халқының Керей хан мен Жәнібек хан әулетінен таралған барлық жауынгер басшылары – Тоғым хан бастаған отыз жеті сұлтан қаза табады. Бұлардың ішінде Тоғым ханның Тоғыз сары деген атқа жеткен ержүрек тоғыз ұлы түгелімен кетіпті. Ал шейіт болған әскер саны белгісіз, ондаған мың болса керек», − деп жазады жазушы-зерттеуші М.Мағауин. Шайқас болған жердің атын Қ.Жалайыри Жағат уәлаятының шекарасында болған деп дәл көрсетсе, М.Мағауин шайқас Ыстық көлдің шығыс жағында Сан-Таш деген жерде болған деп жазады. Ал зерттеуші К.Пищулина бұл шайқастың болған жерін Қ.Жалайыри дерегі бойынша Жағат деген жерде болған деп көрсетіп, Сан-Таш жөнінде әңгіме де қозғамайды. Қ.Жалайыри көрсеткен Жағат деген уәлаят сонда қай жерде орналасқан деген сұрақ туады. Жазушы Әнес Сарай «Ноғайлы» (зерттеу) деген кітабында біз көтеріп отырған мәселеге өз көзқарасын ноғайлыны билеген Мұса би ұрпағы Шейхмамаймен байланыстыра баяндайды. Ол былай деп жазады: «1535 жылы Сейдекке Бұхар ханы Убайдолладан да, Ташкент билеушісі Сүйініш Қожаұлы Барақтан да елші қатынады. Мұның соңы әскери одаққа айналған сыңайлы. Оңтүстіктен Шәйбәни ұлдарының қысымына төтеп бере алмаған Тоғым Сібір хандығының шекарасына ұзауға мәжбүр болған. Бәлкім басқару жүйесі нашарлаған хандықты басып алуды көздеуі ғажап емес. Бұған дейін Жағатты Шағатай немесе Жетісу өлкесіндегі бір өңір деп түсініп, Тоғымды күйреткен Моғолстан ханы Әбдірашид делініп келді. Батыс сібір чад (жаад) тайпасының қонысы болғандықтан, бұл тарап Жағат аталды. Демек, Тоғым 37 сұлтанымен осы Жағатта Шейхмамайдан күйреген. Бұл бас көтере алмастай ауыр жеңіліс болды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің : «930 (1523/1524) жылы миллионға жеткен қазақтан 944 (1537/38) жылы ізі де қалмады» деп жазғаны осы кезең шындығына жатады». Ә.Марғұлан М.Х.Дулатидің «бұл қауымнан жер үстінде еш кісі қалмады» деген сөзіне байланысты: «Мұхаммед Хайдардың бұл сөзі «қазақ қауымы» 1538 жылы тегіс қырылып бітті» деген ұғымды бермеуі керек. Бұл жөнінде академик Бартольдтың жоруы дұрыс болуға тиіс. Ол кісінің айтуында Хайдар 1538 (37) жылы қазақ қауымынан жер үстінде біреуі қалмауы деуі, ол тек бұрынғы Қасым хан жасаған саяси күштің уақытша ыдырағанын айтқандық». Ә.Сарайдың зерттеу мәліметтеріндегі деректер Дулатидің қазақтардың жер бетінде ізі де қалмады деп жазуының астарын аша түседі деп білеміз. Вельяминов-Зерновтың да қазақтардың жойылып кетуіне қатысты дерекке мән беріп, бұл мүмкін емес қой деп алаңдаушылық білдіруінің де себебін келтірген деректер аша түседі. Мұхаммед Хайдар еңбегінде Қазақ хандығының құрылуынан бастап өрлеп-өркендеу кезеңін, халқының саны мен әлеуметтік-экономикалық, саяси жағынан күшейген кезеңдерін оқиғаларды баяндау барысында ашып көрсетеді. Оның Қазақ ордасының билік тізгінін қолына алған хандардың есімдері мен қызметіне қысқа тоқталып отырса да, көптеген тарихи кезеңдердің көрінісін ашып беріп кетеді. Әсіресе, Жәнібек хан мен Керей ханды ірі саяси, мемлекет қайраткері ретінде көрсетеді, бұлар жас мемлекеттің бастауында тұрса, Қасым хан билікке келген тұста Қазақ ордасы айналасындағы мемлекеттерге танылып, қуатты да іргелі ел деңгейіне көтерілген ел болды, оның қорғаныс қабілеті де артып күшейді, соғыс жүргізу тәсілдері де, әскері де айбарлы бола түсті. Дулати Қазақ хандығының күшеюін жеке тарихи талантты да дарынды, парасатты тұлғалармен тікелей байланыстыра қарайды. Хандықтың өркендеп гүлденуі, халықтың әлеуметтік жағдайының өсуі, шаруашылығының дамуы ең алдымен елді басқарып отырған ханға байланысты. Мұны «Тарих-и Рашиди» авторы кейде оқиғаны баяндап, суреттеп көрсету арқылы да оқырманға жеткізе біледі. Дулати сахара халқының шаруашылық жайын, тіршілігін, қонақ күту дәстүрін, сый-сияпат көрсету салтын, қонақты Құдайдай қадірлеу ғұрпын, жайлауға шығу, серуендеп, жылқыларды қызықтау, сұхбат құру және тағы басқа жоралғыларды жазушы ретінде ретіне қарай жандандыра, төндіре суреттеген тұста ерекше сұлу көріністерге тап болғандайсыз. Салт-дәстүр, қазақы қалып қалам қуатымен түрленіп, нәрленіп, құлпыра түскендей – ғажап суреттер. Қаламгер қаламынан ой өрнектері төгіліп-төгіліп түскендей, мөп-мөлдір шықтай жалтылдап сәуле шашқандай әсер сезімге бөлейді. Көркем сөзбен ой пернесін басқандай, небір әуезді, сазды көрініс қызықтырып алып кеткендей күй кештіреді. Қасым хан мен Саид ханның арасында Шу бойында өткен сұхбаттасу күндері – «Тарих-и Рашидиде» қазақтарға қатысты ең бір ғажап көріністер деуге болады. Қасым ханның образы, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, талғам-таразысы, оның ішкі болмыс-бітімі, қимыл-қозғалысы, дүние танымының соншама кеңдігі, жанының жайсаң, көңілінің, пейілінің жомарттығы, яғни ханға, текті әулетке, қазаққа тән хас сипаттары қысқа көрініс қауызына сыйдырып жіберілген. Қаламгердің қалам қарымы мүлде ашылып, жомарт ойынан – ілтипат лебіздер лағылша төгіліп тұрады. Бұл Саид ханның Қасым ханға деген сүйіспеншілігі, достығы ғана емес, Дулатидің де ата жұртына, кіндік кескен жеріне, ата дәстүрі мен ата мұрасына, қазақ қандасына деген ерекше жүрек түкпірінен ой көрігіне қызып алаулап төгіліп тұрған ілтипат сезімдері де деу керек. Дулатидің Қасым ханға деген ерекше сүйіспеншілігі болмаса, Саид ханмен екеуінің арасындағы кездесу соншалықты есте қаларлықтай етіп бейнелене де алмас еді. Сонымен қатар қазақтарға ғана тән этнографиялық мол материалдарды өте шебер түрде қиыстырып жібере білген жазушы – өмірдің қызу көрінісін тапжылтпай сөз кестесімен өрнектей жеткізіп, өзінің ілтипатын да сездіргендей. Ол Қасым хан бейнесін Дулатидан артық кескіндеген бізде ешкім де жоқ. Қасым хан бейнесі арқылы қазақ халқының өсіп, өркендеп, қанатын кең жайып, жыл асқан сайын айбарлы да қуатты елге айналып келе жатқанын да айшықтап көрсете білген. Сондықтан Дулати қазақтар туралы сырт адам ретінде емес, өзінің қандасы ретінде ішкі әлеміне терең еніп, бойлай жазуы табиғи нәрсе. Дулатидің «қазақ» сөзіне қатысты пікірі қандай еді, бұл сөздің шығу төркіні қалай деген мәселеге де қаламгер өз жауабын жазып кеткен. «Басында жұрттан қашып, олардан бөлініп шығып, біраз уақыт бытырап шашылып, сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап оларға осылайша таңылды»,− деп жазады тарихшы. Қазақ сөзінің мән-мағынасы еркіндік, тәуелсіздік, біреуге бас имеушілік, дербестік, өз бетімен тіршілік етушілік дегенді білдіреді. Моғолстанның ханзадалары мен әмірзадалары қазақылық тіршілік кешті, оның мәні де ешкімге тәуелсіз болмауда жатыр. Қазақ атауы саяси, әлеуметтік мәнге ие сөз. Шәкәрімнің де «Ел болып, өз еркімен еркін жүрген» деген сөз қазақтықтың мағынасы» деуі осыған байланысты. Қазақ сөзі сырттан, жат жұрттан таңған атау емес, ол ұлыстың іштей ыдырауы нәтижесінде дербестікке, еркіндікке ұмтылуға байланысты пайда болған атау. Ал Мұхаммед Хайдар болса дүниежүзіне ең алғаш рет Қазақ хандығын, қазақ халқын паш еткен тарихшы һәм жазушы болды. Сайд ханның Қасым ханның алдына баруы 919 (1513-1514) жылы болған, осы кездесудің айы мен жылын Мұхаммед Хайдар аса бір ұқыптылықпен хатқа түсірген. Айтулы дата мен тарихи уақиғалардың болған күнін, мезгілін, жылын барынша дәл көрсетіп таңбалап отыру дағдысы – Дулатидің жазу стиліне тән сипат. Мемлекет қайраткері, қолбасшы, жазушы ретіндегі Дулатидің бұл қасиеті даңқты қолбасшы Б.Момышұлының бойында қайталануы – ғажап-ақ, адам таңқаларлық әрі кісі сүйсінерлік құбылыс. Б.Момышұлы да сұрапыл соғыс жылдары ұрыс барысын, қоршаудан шыққан күндерін күнделік дәптеріндегі жазбаларында дәл күндеріне дейін нақтылап түсіріп, жазып отырған. Қазақ хандығының өркендеу кезеңін ерекше суреттеген Мұхаммед Хайдар Қасым ханнан кейін хан болған Таһир ханның тұсында азып-тозып, қазақ қауымы бытырай бастағанын, санының да өсудің орнына азайып кеткенін қынжыла баяндайды. Дулати Қасым хан қайтыс болғаннан кейін баласы Мамаш ханның билікке келгенін, одан Әдіктің ұлы Таһир, одан соң Бұйдаштың хан болғандығын, олардың ел басқара алмай бас-аяғы Қасым хан өлгеннен кейін он алты-он жеті жылдың ішінде қуатты елді құлдыратып алғанын қысқа ғана баяндайды. Бұл кезең қазақ хандығының құлдырап тоз-тоз болып барып, кейін Хақназар ханның тұсында күш алатын аралық өлара кезеңі болатын. Алайда Мұхаммед Хайдар 1533 жылы Моғолстан жерінен мүлде кеткеннен кейінгі кезеңде Қазақ ордасындағы тарихи, саяси жағдайдан хабарсыз болып қалды, онда болып жатқан өзгерістерді, оқиғаларды білмеді деген кейбір алып-қашты пікірдің орынсыз екенін «Тарих-и Рашидиді» зер сала оқыған адам түсінеді. Болмысынан аса зерек, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыратын Дулати Қазақ Ордасының кейінгі тіршілік-тынысын назарынан тыс қалдырмаған деп сенімді түрде айта аламыз. Себебі Дулати Моңғолия мен Қазақ Ордасы, Орталық Азиядағы ірі-ірі уақиғаларды, Алтын Орда ыдырағаннан кейін пайда болған хандықтардың кейінгі тарихы туралы толық хабардар болып отырған. Өйткені Бабыр құрған Ұлы Моғол империясына жан-жақтан ағылып келіп жатқан адамдар да, сауда керуені де мол болатын, бұл қатынас Кашмирде де жалғасып жатты. Оның үстіне бұл гүлдену үстіндегі империяға, Кашмир уәлаятына өнер, білім, ғылым, өз заманының озық ойлы кісілері шоғырланған еді. Дулатидің болмыс-бітіміне оқшаулану, томаға-тұйықтық жат еді, дала демократиясы үлгісінде, ақсүйектердің, билеуші, әмірлік жүргізуші әулеттің ортасында тәрбиеленіп өскен ол – ел билеу ісінде әділдікті ұстанды. Сондықтан да ол барлық тарихи мәселелерге процесс ретінде шынайы түрде қарап, объективті пікір білдіруге, жазуға күш салды. Қазақтармен Есенбұға хан, Жүніс хан, Сұлтан Махмұд хан, Ахмет хан, Сайд ханнан бері қарай жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынас, бауырластық пейілдің тіні үзілмей келген еді, ол өз жалғасын кейінгі хандар билігі тұсында да дамытып, ілгерілетіп отырған болатын. Рашид сұлтан хан болғаннан кейін осы достықтың алтын арқауын бұзды, екі ел арасындағы атадан келе жатқан байланыс бұзылды. Оған тікелей кінәлі Рәшид сұлтан деп білді Дулати. Қазақ хандығының 1456 жылдан 1551 жылға дейінгі, өзі қайтыс болған кезге дейінгі тарихын Дулати мейлінше объективті түрде өз еңбегінде суреттейді. Ал Моғолстанның өзін құрған моғолдар, Шығыс Түркістандағы моғолдар кейін Қазақ хандығының құрамына қосылды, сондықтан тарихтың тұтас желісінде бұлар да түптеп келгенде қазақтар болатын, сол себептен олардың тарихы да Қазақ хандығының тарихынан алшақ емес, соған келіп ұштасады. Бұл тұрғыдан алғанда, жалпы М.Х.Дулати қазақтардың үш ғасырлық тарихын түбегейлі түрде өз әдеби-мемуарлық диалогиясында қамтып суреттеген данышпан, майталман суреткер болып табылады, бұған ешкім де дау айта қоймас деп ойлаймыз. Сондықтан да М.Х.Дулатиді Қазақ тарихының атасы деп атау заңды да деп санаймыз.

Ұқсас жаңалықтар