Басты жаңалық
Ел мерейін асырған нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келді
- author «Ақ жол»
- 17 қараша, 2023
- 310
Ел мерейін асырған нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келді
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш халық санағы 1999 жылы өткені белгілі. Сынақ нәтижесінде ел халқының саны азайғанымен, қазақтың үлесі ғасырға жуық уақыттан кейін тұңғыш рет 50 пайыздан асқанына бір қуандық. Келесі 2009 жылғы санақта Қазақ елінің тұрғындары 16 миллион адамнан асып жығылып, тәуелсіздік алған тұстағы деңгейге жеттік деп тағы да қуанышымыз қойнымызға сыймады. Енді, міне, кезекті тарихи сәт келіп жетті: біз 20 миллион болдық!
Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВСтратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 14 қарашада елімізде 20 миллионыншы азамат өмірге келген. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделіп, ол көп уақытты қажет ететін болса, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл үрдісті жеделдетіп, 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Еліміздің мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. Естеріңізге сала кетсек, 1991 жылы республика халқының саны 16,4 млн адамды құраса, тәуелсіздік жылдарында 22,3 пайызға өсті. Мәселен, 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы бала туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7 пайызға көбейген. Ал 2021 жылы, яғни пандемиядан кейін ең көп бала туу көрсеткіші тіркеліп, елімізде бір жылдың ішінде 445 мың сәби өмірге келді. Халық санының табиғи өсім беруіне нәресте өлімінің азаюы да әсер еткен. Жалпы, өлім-жітім көрсеткіші 1991 жылғы 1000 тұрғынға шаққанда 8,20-дан 2022 жылы 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5 есе азайған. Ал ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі болып саналатын туудың жиынтық коэффициенті, яғни репродуктивті кезеңде бір әйелдің орташа есеппен қанша рет бала табатынын көрсететін коэффициент 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендегенімен, кейіннен біртіндеп көбейіп, 2022 жылы 1 әйелге 3,05 баланы құрады. Ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Мысалы, былтыр 1991 жылмен салыстырғанда 6,8 жылға көбейген. Соның ішінде ерлердің орташа жасы – 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға артты. Осылайша, 2022 жылы елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен 1,3 жасқа жоғары. Сонымен біз қазір халық саны жөнінен әлемде нешінші орынға шықтық? Түрлі әлемдік статистика көрсеткіштерін жариялайтын «Worldometer» сайтының мәліметінше, 2023 жылдың басында елімізде халық саны 19 606 633 адамды құрап, Румыния (19 892 812) мен Чилиден (19 629 590) кейін 66-орында болыппыз. Ал дәл қазір бұл екі елдің халық саны азайып, сәйкесінше 19 788 612 және 19 640 668 адамды құраған. Ал біз 20 миллионға жетіп, әлемде 64-орынға көтерілдік. ТМД елдері арасында Ресей (144,4 млн адам, 9-орын), Украина (36,7 млн, 41-орын) және Өзбекстаннан (35,2 млн адам, 43-орын) кейін 4-орында тұрмыз. Дереккөз: Egemen kz.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді