Мағжан ақын сенген жастар - біздерміз!

Мағжан ақын сенген жастар - біздерміз!
ашық дереккөз
Мағжан ақын сенген жастар - біздерміз!
Бүгінгі қазақ жастарына көрсетіліп отырған қолдаулар көп. Ел жастарына артылып отырған салмақ та жоғары. Себебі, біздің жалғыз Отанымыз – Қазақстан. Қай кезде де, қайда жүрсек те Отанға қызмет ету, бойымыздағы жалындаған күш-жігерімізді, білімімізді Отанға арнауға тиіспіз. Біздің бойымызда өз мемлекетіміздің әр жетістігіне деген мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, экономикалық мүмкіндіктері қандай деңгейде болса да, бұл – біздің мемлекет! Біздің буын негізі бақытты буын дер едім. Сонау еліміз Тәуелсіздігін алған 1991 жылдар өте қиындықтар мен қарбаластарға толы болған. Ол жағы түсінікті де. Үлкен құрылымнан бөлініп шыққан жас мемлекеттің аяғынан тік тұруы үшін де жылдар керек еді. Сол ондаған жылдар өткенше мемлекетті басқарған азаматтардан бөлек, қарапайым әр тұрғынға да жеңіл тиген жоқ. Қала мен ауылдарда бірнеше айлап жарық, ауыз су, көгілдір отын берілмеген кездер де, бірнеше айлап жалақы мен зейнетақы кешіккен кезде де сол кездегі тұрғындар сабыр етті, шыдады. Ол уақытта мектеп түлектеріне жаппай жоғары оқу орындарына түсіп кету, студент атанулары қиынға соқты. Білімдері жеткенмен, жатын орын, жүріп тұруы ата-ана үшін оңайға соққан жоқ. Ол уақытта қазіргідей жайлы жатақханалар мүлдем аз болатын. Сондай қиындығы мол шақта да біздің аға-әпкелеріміз жоғары білім алып шықты. Қазіргі таңда ол кісілер Отанымыздың әр қиырында еңбек етіп келеді. Біз мектеп бітірген жылдары жоғары және арнаулы оқу орындары Астана мен Алматы түгілі, өзіміздің Тараз қаласында да жеткілікті болды. Әулиеатаның әлеуеті арта түскен уақыттар деп толық айта аламыз. Студенттерге бөлінген гранттар көлемі, жатақханалар саны да арта түскен. Университеттер мен колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамы да едәуір жақсарған кез еді. Сол жылдары спорт, өнер, шығармашылықтан көзге түскен жастарды қолдауға деген мүмкіндіктер арта түсті. Тіпті, облыс әкімдігі жанынан жастар саясаты мәселелері басқармасы құрылды. Сол басқарма осы күні қанатын кеңге жайып, облыстағы 400 мыңға жуық жастардың басын бір арнаға жиып, қамқорлық танытып отыр. Қазіргі таңда біздің өңірде де жалындаған жастарға орасан мүмкіндіктер бар. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – он мыңдаған студентті кең құшағына сыйдырған білімнің алып кемесі. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты да мыңдаған жасқа білімнің есігін айқара ашты. Гранттар саны жылдан жылға ұлғайып, ауылдағы жүздеген отбасылар балаларын университеттерде тегін оқытуға мүмкіндіктер алып отыр. Тіпті, оқушылар арасында өтетін республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауынан бас жүлде алған оқушыларға арнайы гранттар бар. Бұл – оқушыларды ынталандыру. Бұрынғы кездері мұндай мүмкіндіктердің аз болғаны анық. Өз басыма келсем, сол кездегі Тараз мемлекеттік университетін бітірген соң, көп ұзамай-ақ, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығына жұмысқа қабылдандым. Ал, басқа да курстастарым мен замандастарым ауылдық округ әкімдіктерінен, мектептер мен колледждерден, мәдени орталықтардан жұмыс тапты. Бұрынырақта мұндай мүмкіндікке қол жеткізу қиын болатын. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын «Әулиеата үміті» жастар сыйлығы жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалып келеді. Әр жылдары аталған сыйлықтың аталымдары да, сыйақысы да арта түсуде. Мәселен, 200-250 мың теңге дегеніңіз, жастардың біраз қажеттілігін өтеуге жарап қалатын қаражат. Осы мүмкіндікті де мемлекеттік қолдауы, өз өлкеміз Әулиеатаның жанашырлығы деп қабылдаймыз. Өзім жаныма серік еткен айтыс өнеріне келсек, ол жерде де жас ақындарға қолдау өте көп. Әр ауданда өнерді қолдауға арналған клубтар ашылып жатыр. Әр жылдары бірнеше рет оқушылар айтысы, студенттер және жастар айтыстары жиі өтіп тұрады. Ол айтыстар өңір жастарының жарқырап көрінуіне мүмкіндік береді. Мәселен, 2022 жылы «Хабар» агенттігі ұйымдастырған республикалық командалық телеайтыстың бас жүлдесін Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Айтбек Тұрсынбай бастаған жамбылдық жас жүйріктер жеңіп алды. Кеше ғана облысымыздың атынан республикалық «Алтын домбыра» айтысына Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алина Айдаралы қатысып, еліміздің ең таңдаулы ақындарының арасынан арнайы жүлдемен оралды. Біздің айтыстағы әулиеаталық жас буындар өз мүмкіндіктерін осылай сәтті пайдаланып келеді. Мемлекет бізге осындай мүмкіндіктер мен қолдаулар жасап отыр. Ал, біз жастар Отанымыз үшін не істеп жатырмыз деп бір сәт ойландық па? Бұрындары айтылып жүргендей, «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін», деп ойланатын уақытымыз жетті. Себебі, уақыт пен кезең Мағжан сенген сапалы жастар толқынынан осыны талап етіп отыр. Қазіргі таңда еліміздің және әулиеаталық жастарға да ойланатын нәрсе өте көп. Өздерінің бойындағы кемшіліктермен күресуі қажет. Бұл топтың ішінде әрине өзім де бармын. Себебі, жетістігімізді ешкім тартып алмайды. Кемшілік тұстарымызды түзеу – сапалы істердің бастауы. Жастардың көпшілігі қазіргі таңда әлеуметтік желіде қайтып келмейтін алтын уақыттарын өлтіріп жатыр. «Тik-tok» дейтін құрдымға күні-түні арбалған жастар бар. Бізге уақыттарды босқа өткізбей, нақты іспен айналысатын уақыт жетті. Кешегі Алаш арыстары 20 жасында елдің қоғамдық-саяси істеріне еркін араласқан. Мағжан сенген жастар да биік мақсаттарды көздеу керек. Ғылымның жолына қалай түсем десе де, спорт пен өнердің қандай түрімен айналысамын десе де қазір мүмкіндік мол. Шығармашыл жастарға да қолдау көп. Себебі, рухы мықты, намысы найзағай қазақ дейтін қайсар елдің ертеңгі болашағы – жастар.  

Дидар АПБАСОВ,

айтыскер ақын, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері, облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының лауреаты.

Ұқсас жаңалықтар