Қай кезде де құрметті, мәртебелі

Қай кезде де құрметті, мәртебелі
ашық дереккөз
Қай кезде де құрметті, мәртебелі
Біз ұлағатты ұстаз Жамалбек Батагоевты Диқан ауылына арнайы іздеп бардық. Оның білім саласына сіңірген еңбегін көпшіліктен естіп жүргенімізге біраз болған еді. Өзімен дидарласудың да сәті түсті. Жас күнінен спортты жанына серік еткеннен болар, ағай жетпістің ауылын жағаласа да әлі ширақ. Жүріп өткен жолдарын да ұмытпай, сонау сағынышқа толы студент шақтарына да сапар шегіп қайтты. Таңданғаным – арада елу жылдан астам уақыт өтсе де, сол кездегі оқытушылар мен институт басшыларының аты- жөндеріне дейін қағазға жазылған хаттай еркін айтып отырғаны. Жамалбек Боранбайұлы 1973 жылы Алматыдағы дене тәрбиесі және спорт институтының (қазіргі спорт және туризм академиясы) студенті атанды. «Институт қабырғасынан төрт жыл тиянақты білім алдық. Ректорымыз Қанапия Ахметов, проректор Камал Камалиева еді. Сол кісілер барлық факультетті, кафедраны аралап тыным таппайтын. Деканымыз Танекеев деген кісі болса, куратор Арман Кармышевтің де жанашырлығын көп көрдім. Барлығы да жүректері кең, жандары ізгі адамдар еді», – дейді ардагер ұстаз. 1977 жылы институт бітірген соң, туған жерге оралып, Қайрат ауылындағы сол кездегі Октябрьдің 40 жылдығы (қазіргі Мыңбұлақ) орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Ол уақытта жоғары оқу орнын бітіріп келетін ұстаздар аз. Дене тәрбиесінен кей мектептерде әскерге барып келгендер сабақ беріп жүретін. Аталған мектептің балалары Жамалбек ағайдың сабағына қызығып қатысатын. Әншейінде елеусіз пән саналатын дене тәрбиесі әр шәкірт асыға күтетін қызық пәнге айналды. Батагоев баптаған шәкірттер аудандық, облыстық жарыстардан жүлдесіз қайтпайтын. Сондықтан болар, Батагоевты шақыруға құштар мектеп директорлары көбейді. Жақсы маман қай жерде де сұранысқа ие ғой. Әр жылдары Қаратау қаласындағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов гимназиясында, Бауыржан Момышұлы ауылындағы қазіргі Қонаев гимназиясында ұстаз болып еңбек етті. Қайсарлыққа толы жастық жылдарының жігерін Қаратауда да, Жуалыда да көрсетумен жүрді. Қайрат ауылындағы мектептің жаттығу залын жасақтауға да талай ұйқысыз түндері кетті. Әсіресе, Д.Қонаев гимназиясындағы төрт жылын еш ұмытпайды. Гимназияның спорт залын және спорт алаңын жабдықтауда жаңашыл идеялар танытып, республикада бірінші орын алып еді. Аудандық білім бөлімі сол кездің өзінде жас ұстазды «КСРО-ның үздік мұғалімі» атағына ұсынған. Бірақ, жеме-жемге келгенде, сол атақ нағыз иесіне берілмей, басқаның уысында кетеді. Жамалбек Боранбайұлы 1993 жылы «Қазақстанның үздік мұғалімі» атағына да ұсынылады. Себебі, сол жылы оқушылары тегіс жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Атақ алуға әбден лайықты болған-ды. Бірақ, бұл жолы да сол кездегі мектеп директорының қиянатынан өзіне лайықты атақтан қағылады. Ал, бұл кісіге қиянат жасаған директор сол жылы Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалады. 1995 жылы Диқан ауылында негізгі мектеп жаңадан салынды. Диқан – Батагоевтың туып-өскен ауылы. Сол уақытта аудандық білім бөліміне де Әсия Сағындықова дейтін тәжірибесі мол кісі басшы болып келеді. Сол білім бөлімінің басшысы Жамалбек Боранбайұлын шақырып алып, тоғыз жылдық жаңа мектепке директордың оқу- ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындады. Қырықтан енді асқан Жамалбектің басында сан алуан идеялар тұнып тұр еді. Жаңа мектептің мәртебесін көтеруде аянып қалған жоқ. Бір-екі жылдың көлемінде Диқандағы білім ошағы орта мектепке айналды. Дәл сол жылдары мектеп бітірушілердің білімін Ұлттық бірыңғай тесттің нәтижесімен бағалайтын жаңа жүйе шықты. Ол тұста да жаңа орынбасардың іскерлігі жарқырап көрінді. ҰБТ-ға тапсыратын 11-сынып оқушыларын жыл бойы өзі дайындады. Алғашқы жылы ҰБТ тапсырған 12 оқушының 5-і грантқа ие болса, келесі жылы 14 оқушының 12-сі грант иегерлері атанды. Сол жылы аталған мектепте ҰБТ бітірушілердің орташа көрсеткіші 105 балға жетіп, облыста екінші орынға шықты. Осылайша, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметінде табаны күректей 20 жыл тер төкті. Осылайша ол балаларды спорттан жетістікке жетуге ғана жетелеген жоқ, аталған 20 жылда барлық баланың білімді болуына да бар күш-жігерін жұмсады. – Жамалбек ағай біз мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Сол кезде бәріміз ағайдың жауапкершілігіне, тиянақтылығына, ұқыптылығына таңғалатынбыз. Сенсеңіз, бүкіл он бір сыныптың журналы, мақтау грамоталары, алғыс хат, аттестат секілді барлық оқушының құжаттарын ағай тек өзі жазып шығатын. Жазуы қандай көркем десеңізші. 11 жыл бойы алған марапат қағаздарымыз бен құжаттарымызда тек сол кісінің қолтаңбасы. Ойлаңызшы, мектепте шамаман 300-дей оқушы болса, неше жылдар бойы соларға қатысты барлық қағаздар мен құжаттарды жазып шығу – қаншама еңбек пен төзім. ҰБТ тапсыруға сіңірген еңбегі де зор. Тестті қалай тапсырып, қалай белгілеу керектігіне дейін ең алғаш тәптіштеп үйреткен де сол ұстазымыз. Ағайдан алған тәліміміз мол. Осындай үлгілі де ұлағатты ұстаздарымызға еліктеп, құрметтеп өскендіктен мен де мамандығымды мұғалімдікпен байланыстырдым, – дейді ұстаздың шәкірті Айман Батырбаева. Қазіргі таңда Жамалбек ағай зейнетте. Асыл жары Бибігүл Сариева екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Үлкен қызы Замира Алматыдағы медициналық университетте магистранттар мен студенттерге сабақ береді. Сонымен қатар, жеке емхананың бас дәрігері. Қолындағы баласы Жандостың 7 ұл-қызы болса, кәсіпкер баласы Айдос 6 перзенттің әкесі. Қолындағы Айнұр келіні «Алтын алқаның», Әсем келіні «Күміс алқаның» иегерлері. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Жамалбек ағай енді ұл-қыздарынан немере сүйіп, ұрпақ қызығын көруде. Оны қазіргі таңда жүздеген шәкірттері іздеп келіп, сәлем беріп жатады. Сол сәтте ұстаз мерейі өседі. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген осы болар. Өмірінің 45 жылын білім саласына арнаған, жүздеген шәкірттерді табысқа жеткізген ұлағатты ұстаз Жамалбек Батагоевке «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе де артық емес. Жамалбек ағай ешбір атақ алмаса да Диқан, Қайрат ауылдарына құрметті. Әйткенмен, марапат көңіл марқайтады емес пе? Еңбектің кеш болса да еленгені жөн.  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар