Шаруасы шалқыған шаңырақ
Бұл ауылда біз атбасын бұрған отбасы Берікбай Исаевтың шаңырағы болды. Ол – «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы. Шаруа қожалықты 1998 жылы ашыпты. Қожалықта 10 гектар егістік жер бар. Оған жоңышқа, жүгері егеді. Шамалы жерге егілген қарбыздан да алынатын өнім мол. Осы кезге дейін мал шаруашылығымен айналысып жүрген. Бұл кісі «Ауыл аманаты» жобасымен 7 миллион 600 мың теңге несиеге қол жеткізіпті. Аталған қаржыға 15 жылқы алған. Бұрыннан да қораларында 20 жылқы бар еді. Қазіргі таңда жаздай 8-9 биені байлап, қымыз дайындайды. Жаздай бұл шаруа қожалық тәулігіне 40 литр қымызды сатылымға шығарып жүрді. Ол дегеніңіз күн сайын 40 мың теңге табыс үйіңізге кіріп тұр деген сөз. Қымызыңызды сататын алыс жер іздеп әуре болмайсыз. Есігіңіздің алдынан өздері келіп, қаржысын төлеп алып кетеді. Себебі, жазда қазақтың қастерлі сусыны қымызға тапсырыс беретіндер көп.
Берікбай атаның жары Оразкүл Қасымбекова балабақша қызметкері. Жаздай жылқы сауып, қымыз дайындау ісінің де бір жағында жүреді. Берікбай Исаев жұбайымен бірге 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің бәрі де жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Аталған шаруа қожалық 2 адамды тұрақты, 6-7 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
– Қымыз дайындау ісі өте құптарлық шаруа. Әрине, қиындығы бар. Қиындықсыз ештеңе болмайды ғой. Жұмыстың ауырлығына көнеміз. Саумал, қымыздың сатылғанынан бөлек, балаларымыз бен немерелеріміз жаз бойы қымыз ішіп шықты. Ал, бие сүтінің талай сырқаттың алдын алатынын білеміз. Сондықтан, қымыз дайындаудың қиындығынан қашпаймыз. «Ауыл аманаты» жобасымен бірнеше ауылдастарымыз несие алып, малмен айналысып жатыр. Бұл жоба елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Ауылдың тіршілігі төрт түлік малмен байланысты ғой. Бір айтарымыз, мемлекеттік бұл бағдарлама – ауыл экономикасының көтерілуіне үлкен көмек. Несиені қайтаруға да әр отбасының мүмкіндігі келетіні анық. Тек ерінбей еңбек еткендері жөн, – дейді Берікбай Исаев.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді