Зағип жандар қазақша оқу құрылғысына зәру

Зағип жандар қазақша оқу құрылғысына зәру
ашық дереккөз
Зағип жандар қазақша оқу құрылғысына зәру
Технология қарыштап дамыған қазіргідей уақытта адамның табиғи мүмкіншіліктерін арттыратын құрылғыларға басымдық беріліп жатқаны белгілі. Үй жинап, өздігінен бау-бақша өсіретін, ота жасап, зауыттардың қазанын қайнататын құрылғылардан бөлек, өздігінен дүкенге барып келетін, тіпті қоқыс шығаратын, өңдейтін, бұзылғанды жөндейтін небір роботтар көпшіліктің жұмысын жеңілдетуде. Қолы жоққа «қол» сыйлап, тіпті бел омыртқасы зақымданған науқастарды да аяғынан тұрғызатын қосымша технологиялық құрылғылар баршылық. Өкінішке қарай, бұл тек дамыған елдерге ғана тән көрініс. Ал, бізде мұндай жаңашылдықтар тек фантастикалық киноларда ғана кезігетіні жасырын емес. Ол тұрмақ, бізде әлі күнге зағип жандардың сауатын ашуға арналған қазақ тілді сапалы синтезатор да жоқ. Көршілес өзбек, қырғыз, әзербайжан елдерінде мұндай құрылғылар бұрыннан бар. Бізде бертінде пайда болғанымен, оның өзінде біріншіден, қазақ тілді әріптер мен сөздер дұрыс оқылмайды, екіншіден қолжетімсіз. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітаптар, атап айтқанда, бедерлі-тактильді Брайль және үлкейтілген қарпі бар кітап пен аудиокітап шығару мәселесінің бар екенін растап, дегенмен мұндай әдебиетпен жұмыс істейтін маман тапшылығын және мәселеге тиісінше көңіл бөлінбегенін де жеткізген еді. Бұған дейін бұл бағытта ресейліктердің өнімдеріне жүгініп келгенімізді, бірақ мәселенің түбегейлі шешілуі қаражатқа тіреліп отырғанын ашып айтқан болатын. Ал, енді зағип жандарға арналған қазақы синтезатордың мүмкіндігі мен қажеттілігіне тоқталайық. Қазіргі заманда білім алуда, яки жұмысқа орналасу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды да қоғамға бейімдеу өте көкейкесті болып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда көзі нашар көретін компьютерлік технологияларды пайдаланушылар кез келген ақпаратқа деген қолжетімділікке синтезделген сөйлеу арқылы ие бола алады. Яғни, қолданушының компьютердегі барлық әрекеттерін дауыстап отыратын арнайы бағдарламалар бар. Бертінге дейін көзі көрмейтін және нашар көретін қазақстандықтар үшін ақпаратқа деген қолжетімділік айтарлықтай шектеулі болып келді. Олар білім алатын және құқықтық мәтіндерді тек орыс немесе ағылшын тілдерінде ғана оқи алатын, ал қазақ тілі үшін сөйлеу синтезаторлары мүлдем жоқ болатын. Сонымен, 2014 жылы «Элита Групп» атты Ресей компаниясы қазақ тіліне арналған синтезделген дауыстарды жасақтауға кіріскен еді. Дикторлар студияда қазақ тіліндегі 1500-ден аса сөйлемдерді жазып шыққан. Синтезаторды жасаушылар арнайы бағдарламалар көмегімен алынған қорды талдап, жаңа дауыстарды жасау үшін қажетті жұмыстар атқарды. Құрастырушылар жасақтаманың барлық кезеңдерінде қазақ тілінде сөйлейтіндермен, яғни тілді тасымалдаушылармен және Қазақстан филологтарынан кеңес алып, ақылдасып отырғанын да алға тартуда. Дегенмен, бұл синтезатордың жұмысы да сәтті шықты деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі, оны тұрақты қолданушылар тарапынан сын пікірлер жиі айтылуда. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында қазір зағип оқырмандар үшін арнайы ақпаратты оқуға және енгізуге көмектесетін Брайль Focus Blue дисплейі бар. Ал, компьютерді бағдарламалық қамтамасыз ету монитордан ақпаратты дыбыстауға JAWS, Брайль шрифтіне аударуға Duxbury бағдарламалары мен тактильді бедерлі-графикалық құрылғы «PIAF», портотивті электрондық лупа «Руби», кітап оқитын электронды «SARA CE» құрылғысымен және өлкеміздің тарихи ескерткіштерінің құрылысымен, тарихын таныстыру мақсатында 3D принтерімен жұмыс жүргізілуде. Десек те, мұндағы аталмыш бағдарламалар орнатылған компьютерлер арзан болғандықтан, қолданушыларға да қолайсыздық тудыруда. – Бізде жалпы айтқанда, қазақша синтезатор деген компьютерлер, я болмаса телефондар атымен жоқ. Брайль қарпі арқылы бізге арналған кітаптар көп. Мен өзім тарихи кітаптарды қатты қызығып оқимын. Мәселе онда емес. Мәселе сол қаріп түрін біреу білсе, енді біреу білмейді. Мысалы, менің көзім бала күнімнен көрмейді. Яғни, мен бала кезден осы қаріпті оқып, үйреніп өскенмін. Ал, кейбір азаматтар оқыс жағдайлардан осындай күйге түсіп жатады. Ондай азаматтар үшін қаріпті үйреніп кету оңай емес. Invasion секілді компьютерлерде қазақша бағдарлама, синтезатор мүлдем жоқ. Мұндай қосымша бағдарламалар орысша да, өзбекше де, көршілес елдеріміздің барлығының ана тілдерінде бар. Ол синтезаторлар әрбір сөйлемді, сөздерді, әріптерді дыбысталуына дейін оқып береді. Тамара Дүйсенова осы мәселені көтерген кезде төбеміз көкке жеткендей қатты қуанып едік. Қуанышымыз ұзаққа созылмады. Қаншама көзі көрмейтін кішкентай бүлдіршіндер бар. Олардың көзі көрмесе де, көкірек көзі білімге, әдебиетке құштар. Ең алдымен, бізде осындай зағип жандардың зейінін, сауатын ашатын сапалы синтезатор да, оны шығаратын бәсекелестік те жоқ. Шетелдік SART деген қосымша бар, одан басқа ешқандай синтезатор болмағандықтан, барлығы соған жіпсіз байланып отыруға мәжбүр. Ол қосымша қазақша әріптерді дұрыс оқымайды, оқи алмайды. Сол бағдарламаның құны 500 мың теңгеге жуық. Біріншіден, ондай қаражатты бізге кім бөлсін? Екіншіден, тілімізді шорқақтатып оқитын бағдарламаның барынан жоғы жақсы. Оған қоса бізде ол қосымшаны көтеретін компьютер де жоқ. Біздің компьютерлердің барлығы арзан, бағасына қарай сапасы да нашар. Гаджеттердегі «Soyleu App» қосымшалары да қазақ тілінде жұмыс істемейді. Оның бәрі біздің ана тілімізге деген құрметімізді таптап жатқандай. Егер осындай синтезатор бізде жасалып, қолжетімді болса, көзіміз ашылғандай болар еді, – дейді тараздық тұрғын Асылбек Бөкеев. Соңғы он жылда кітапханадан шықпай, тарихи шығармалар мен деректі кітаптарды тұрақты оқып жүрген Асылбек Нұрахметұлы тым болмағанда зағип жандар жиі бас қосатын кітапханада осындай құрылғы болса деген ұсынысының айтыла-айтыла арманға айналғанын жасырмайды. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген қарт оқырман Арыстанбек Сәрсенбай да қазақша оқуға бағытталған құрылғы болса, зағип оқырмандар үшін олжа екенін айтады. – Жергілікті және республикалық мерзімді басылымдарды тұрақты оқып тұрамын. Өндірістік жарақат алғаннан кейін көз жанарым зардап шексе де, жылдар өтіп зейнетке шықсам да оқуға деген құштарлығым сейілген емес. Баспасөзден күн сайын мемлекетімізді дамытуға бағытталған жоспарларды, мақсаттарды жиі оқимын. Әрине, тілеулеспін. Десек те, ондағы атқарылып жатқан әрбір игі іс өскелең ұрпақ үшін екенін ұмытпауымыз керек. Ал, сол өскелең ұрпақтың арасында туабітті жанарынан айырылған сәбилердің көбейіп келе жатқаны жүрек ауыртады. Бізде егде азаматтар үшін қара тануға, білім алуға мүмкіндіктер жоқтың қасы. Ал, енді өсіп келе жатқан жастардың күні ертең осы мәселеге тіреліп, тауы шағылар ма екен деп те қабырғаң қайысады. Сондықтан, биліктегі азаматтар көзі көрмейтін жастарымыздың мәселесіне де көз қырын салып қойса екен деймін. Оларды осы бастан оқу, білімге бағыттайтын, құштарлығын арттырып, шығармашылықтарын шыңдайтын жүйелер мен мүмкіндіктер, құрылғылар мен қажеттіліктер қарастырылса, – деген ойымен бөлісті Арыстанбек Қанапияұлы. Ықылым заманнан Ұлы дала ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің: «Өнер-білім бар жұрттар, ...Теңізде жүзді балықтай, Дүниені кезді жалықпай, Білгендерге осылар, Бәрі-дағы анықтай, – деп өрілген өлеңі бүгінгі заманның талабын тамырынан тап басып тұрғандай. Өңірдегі зағип жандар ендігі таңда қолданыстағы синтезаторлардың қазақша нұсқасын жасау ісі қатаң қадағаланса және өңірде сондай бағдарлама мен оған сай компьютер болса деген ұсынысын айтып отыр. Қалай дегенмен, жарық дүниенің жалғыз сәулесін көрудің өзі арман болған жандардың талап-тілегі тасада қалып кетпесе екен.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар