«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихи мәні терең сапар

Тарихи мәні терең сапар
ашық дереккөз
Тарихи мәні терең сапар
9 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келді. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, екі ел басшылары Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты. Ресей Президентінің ресми сапары алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің елімізге қандай мақсатта келе жатқанын түсіндіріп, бұл туралы өзінің «Известия» газетіне берген сұхбатында айтты. «Ресей Президентімен Астанада өтетін кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өзге де талқылайтын тақырыптар барын айтты. Сонымен қатар, Өңіраралық ынтымақтастық форумы жайлы сөз қозғап, бұл аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат екенін атап өтті.

Өңіраралық ынтымақтастық форумында не айтылды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты. Қасым- Жомарт Тоқаев аталған форум 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда- экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді. – Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ, әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі. Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге де аударды. Ең әуелі, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты. Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды. Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналады. Отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті. – Біз су секторын жаңғыртуға кірістік. Жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ, 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленуде. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екі елдің күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сөз сөйледі.

Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер

Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысынан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері шағын форматта келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің сапары екіжақты қатынастар жылнамасындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. «Сіз Қазақстанға ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Бұл – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды құқықтық негізі саналатын әрі көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтуға жол ашатын жан-жақты құжат. Сіздің сапарыңыздың саяси және тарихи мәні зор», – деді Президент. Мемлекет басшысы екі халық арасындағы берік достық байланыстарға, ортақ тарих пен тату көршілік қатынастарға мән бере отырып, Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қостанай қаласында өтіп жатқан XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде қол қойылатын келісімдер мен бизнес келісімшарттары облыстарда ғана емес, екі ел экономикасының көптеген салаларында да мол әлеует бар екенін көрсететініне сенім білдірді. Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан астанасындағы бүгінгі кездесу екіжақты қатынастардың жай-күйі жөнінде пікір алмасып, келешекті бағамдауға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. – Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Оны, әлбетте, цифрлар әйгілеп тұр. Біз жаңа ғана XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатыстық. Бұл – өте жақсы формат. Адамдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап, жұмыс істейді, араласады әрі бұл әрдайым елеулі нәтиже береді. Осы жолы да солай боларына сенімдімін. Бұған қоса өте маңызды тақырып таңдалып отыр. Азық-түлік – кез келген қоғамның, мемлекеттің тыныс-тіршілігінің негізі. Елдеріміздің әлеуеті зор. Өз қажеттіліктерімізді ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық нарықтардағы көптеген серіктестерімізге де көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе ынтымақтастығымыздың барлық артықшылығын пайдаланып, келешекте осы мүмкіндіктерді арттыруда ғана болып тұр», – деді Владимир Путин. Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары стратегиялық әріптестікті нығайтуға деген өзара ұмтылысын нақтылады. Өңіраралық және шекара маңындағы елді мекендер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, тараптар мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, көлік-логистика, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей Президенттері халықаралық ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөз өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Мұның нақты пайдасын шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам сезініп отыр. Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, спорт және тағы да басқа салалардағы ықпалдастықты нығайтуды көздейтін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Өз кезегінде «Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты», деген Владимир Путин шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтті. Кездесу соңында президенттер Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты қатынастарды нығайтуға және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге қос тарап та бейілді екенін растады.

БАҚ өкілдері үшін брифинг

Екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ресей Президентінің ресми сапарының мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа ерекше мән берілді. Сонымен қатар, келіссөздер барысында өзара тиімді өндірістік кооперацияның перспективалары егжей-тегжейлі қарастырылды. Президенттің айтуынша, бүгінде бірлескен жобалар пулы 143-ке дейін көбейіп, жалпы инвестиция көлемі 33 миллиард доллардан асты. Екі елдің үкіметтеріне жобаларды сапалы іске асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды. Бұдан бөлек, екі ел басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселесін және ірі мұнай-газ жобаларының жүзеге асырылу барысын талқылады. Келіссөздер барысында көлік-транзит саласына ерекше назар аударылды. Президенттер екі елдің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін үйлесімді дамыту ісіне күш салуға уағдаласты. Екі ел басшылары бұған дейін өзінің тиімділігін көрсеткен жыл сайынғы өңіраралық форум өткізуді жалғастыру қажет екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, олар негізгі халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік бар екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Владимир Путинмен жүргізілген келіссөздер нәтижесі Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік және одақтастық байланыстарды жан-жақты нығайтуға екі тараптың да ниетті екенін растады. Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективаларына тоқталды.

Қандай құжаттарға қол қойылды?

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары келісілді. Сондай-ақ, Ресей Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында «Көкшетау», «Семей» және «Өскемен» жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша екі елдің Энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметінің 2024-2025 жылдарға арналған өзара іс-қимылы бойынша іс-шаралардың бірлескен жоспарына, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық еңбек және жұмыспен қамту қызметі арасындағы еңбек инспекциясы мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға және «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» мен «Информационное телеграфное агентство России» Федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорны арасындағы ақпараттық серіктестік туралы келісім құжаттарына қол қойылды.

Президенттер бірлескен мәлімдеме жасады

2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толу қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Шарттың рухы мен әрпіне сәйкес екі елдің өзара іс-қимылын серпінді түрде жалғастыру мүддесін негізге ала отырып, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, сондай-ақ, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны жоғары бағалай отырып, өткізілген келіссөздердің ашықтық, сенім мен өзара түсіністік ахуалын атап өтіп, сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттарды іске асыру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ, оларды сапалық жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенім білдіре отырып, 2023 жылғы 9 қарашада Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XIX өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындыларына маңызды мән бере отырып, бірлескен мәлімдеме жасады.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар