«Анашым, мен сені аялап өтем!»
«Аса құрметті, маматайым менің! Міне, біз оқу жылының бірінші тоқсанын тәмамдап, күздік каникулға шықтық. Сол демалыстар қарсаңында класс жетекшіміз Жанар апай «Каникул кезінде аналарың туралы шығарма жазып келіңдер» деп тапсырма берді. Содан мен біраз күн толғанып жүріп сіз туралы, мама, көптен ойымда жүрген мынадай шығарма жаздым. Пікірін білейін деп апама оқытып едім, көңілі нілдей бұзылып, теріс айнала «ах» ұрып, көздері боталанып қалды. Соңғы кезде, неге екенін білмеймін, ол да қамкөңіл болып бара жатқан секілді. Енді менің жазған шығармама көңіл аударыңыз. «Міне, кезекті каникул басталды. Бір апталық демалыс. Бұл біздің асыға күткен күніміз еді. Апамыз сөзінде тұрды. Жердің шалғайлығына қарамай бізді ту сонау Мойынқұм өңіренен таксилетіп Таразға алып келді. Сізді көріп, дидарласып, қуанышымыз қойнымызға сыймай мәре-сәре болып қалдық емес пе, мама. Біз сізді әрдайым көруге асығамыз. Білеміз ғой сіздің де бізді көруді аңсап, сағынып тұратыныңызды. Күн сайын кешке қарай сіздің телефон шалуыңызды күтеміз. Сіздің жағымды, нәзік даусыңызды естіп, күнделікті мектепте болған оқиғаларды жарыса айтып, арқа-жарқа болып, жүрегіміз нұрға бөленіп, көңіліміз бір марқайып қалады. Сіздің шалған әр қоңырауыңыз біз үшін, сірә, мереке десем артық айтқаным емес, анашым менің. Базбір кезде «Біздің мамамыз басқа мамалар тәрізді неге бізбен бірге тұрмайды? Неге ол бізден алыста?» деген ойлар көкірегімде толқып, мені қинайтын. Кейін біліп, түсініп жатырмын емес пе, оның да өз себебі бар екен. Сен ол туралы тіс жарып айтпасаң да, апам, яғни сіздің мамаңыз анда-санда бізге «Мамаларың қызмет бабымен облыс орталығы Таразда тұрып жатыр. Оның жұмысы өте жауапты, әрі ауыр. Ауруханада медбике болып қызмет етеді. Ауыр, жаны қиналған науқастарды емдеп, аяқтарына тік тұрып кетулеріне көмек береді. Сендер өскенше, әзірше біздің қолымызда жүрсіңдер. Ертең есейген кезде жақсы оқысаңдар сендер де мамаларыңның қолына барасыңдар, бірге тұрасыңдар, азамат болып, оған қолқанат боласыңдар. Қалада тұру үшін жақсы тәрбие, білім керек. Сондықтан, сендер қазір мектепте жақсы оқуға тиіссіңдер. Нашар оқушыларды қалалық мектептерге алмайды...» деп біздің құлағымызға құйып жүр. Біз Нұргүл екеуміз мектеп табалдырығын аттағалы бері жақсы оқуға тырысып бағудамыз. Менің ойымша, қолымнан келгенше тәртіпті болып, жақсы оқып жүрмін, сабағымның барлығы тек қана «5». Өйткені, жаман оқысам Таразға, яғни сенің қолыңа бара алмаймын-ау деп күдіктенем. Нұргүлге де ол туралы мезгіл-мезгіл айтып отырам. Көздері жәудіреп ол оны түсіне бермейтін тәрізді. Әлі ол тым аңғал, аңқау. Әкеміз жайлы ештеңе білмейді, мен сияқты оны іздемейді. Онысы да жөн шығар. Өмірі бір көрмеген әкемізді ол қалай сағынады, аңсайды? Ол түгілі әкем менің есімде жоқ, бейнесін суреттерден ғана көріп жүрмін емес пе...
Әнеубір күні кешке апам, неге екенін білмедім, шешіліп сен туралы біраз әңгіме айтты. Сенің ауыр тағдырың жайлы біліп, жүрегім қатты-қатты соғып, көңілім біраз толқыды, тіпті, кеудемді өксік қысты. Иә, мама, өмір сыны қандай ауыр десеңші? Тағдырыңыз неге солай болды екен? Мектеп бітірісімен өзің қалаған мамандық алу мақсатында медициналық колледжге түсіпсіз. Оны бітіргесін мектепте бірге оқыған, көп жыл сырлас болған, әскери училищені тәмамдаған жас офицер біздің әкемізбен тағдыр қосыпты. Ол да өзің сияқты жас, арманшыл, қиялшыл болыпты. Мамандығы әскери қызметкер болуына байланысты еліміздің бірнеше аймақтарында, әскери бөлімшелерде бірге тұрыпсыздар. Өкінішке қарай, бірге жүру, бірге тұру сіздер үшін тым ұзаққа бармапты. Бірге өмір сүру өлшемі бар болғаны екі жарым жылмен шектеліпті. Жайраңдап, алдағы күндерге жоспар жасап, арман қанатында жүрген әкеміз кенеттен келген ажал – жол апатынан көз жұмыпты. Ойлап отырсам, екі жарым-ақ жыл! Бұл тым қысқа, келте емес пе? Артында аңырап, басыңызды тауға, тасқа ұрып, ағыл-тегіл жасқа көміліп сіз қалыпсыз, мама. Кейін білдік, сол кезде сіз бар болғаны жиырма екіде екенсіз-ау. Қандай қасірет, өзекті өртейтін өкініш десеңізші. Соны ойласам көкірегім ашып, жүрегімді тілгілейді... Мен сол уақытта тура бір жарым жаста болсам, Нұргүл әлі мына жарық дүниеге келмеген де екен. Онда мен тым кішкентаймын ғой, көп нәрсені түсінбеймін. Кейінірек, ес тоқтата бастағанда барып, ауыл сыртындағы бейітке сізбен бірге барып, темір қоршаумен қоршалып, төмпешік болып жатқан қорымға Құран түсіретініміз, сонда сіз «Мына жерде сендердің әкелерің жатыр, «әмин» деп беттеріңді сипаңдар» дейтініңіз есімде жатталып қалыпты. Қазір де сіз ауылға келгенде өзіңізге еріп сол бейіт басына барып тұрамыз ғой. Әкемнің қандай болғанын оның суреттерінен ғана білеміз. Әкеміз неге о дүниеге тым ерте асықты екен?! Ол қасымызда жүрсе біз де басқа балалар секілді еркелеп, оның мойнына асылар едік, басқалар секілді анда-санда тентектік жасар едік. Ол болса біздің маңдайымыздан құшырлана иіскер еді, біз сіздердің бақытқа кенеліп мәз-мейрам болып қолтықтасып қатар жүргендеріңізді көрер едік. Әттең, оның барлығы біз үшін бұл күндері тәтті, орындалмайтын бұлынғыр қиялға айналған секілді. Біз басқалар сияқты әкемізге еркелей алмаймыз, көңілімізді, қуанышымызды, ойымызды онымен бөлісе алмаймыз. Әттең, ол біздің көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқанымызды, асыр салып қазіргі жүргенімізді көре алмайды. Тағдырдың салған ісіне мойынұсынып, күйзеліп сіз жүрсіз... Бұл өзі не сонда?
Әр баланың ерекше бір арманы болады емес пе? Менің арманым – әкемнің жүрек жылуын сезіну, мойнына асылып, оны құшарлана құшу. Көзін көрген достары біздің маңдайымыздан сипап, оның бойындағы жақсылықтарын айтып тауыса алмайды... Әттең, тағдырға не істейсің? Үлкендер «жазмыш», «жазмыштан – озмыш жоқ» деп жатады. Жазмыш деген не? Мен ол сөзді түк түсінбеймін...
...Кеше. Жоқ, оның алдыңғы түні әдемі бір түс көріппін. Мама, сіз, мен, Нұргүл және, сірә, менің ойымша, әкеміз болу керек төртеуміз жасыл желекке оранған қыр беткейінде серуендеп жүрміз. Күн шуақты нұрын аямай бүкіл төңірекке төгіп тұр. Көктемнің саф ауасы бейнебір кеудемізді кеңейте түскендей. Жер бусанып, әне бір шөкім күміс бу тау қыратына тіреліп, жер бауырлап көктемнің ұшып келген қанатындай баяу қозғалады. Жан жағымыз қаптаған, сандаған түрлі түсті бәйшешек гүл. Біз Нұргүл екеуміз оларды теріп, мәз-майрам боламыз. Иістері керемет, мұрын жаратындай-ау, шіркіндердің. Барлығымыз көкке аунап, асыр салып ойнап-күлеміз. Сіздер де бізбен жарысып, жас баладай көңілді жүрсіздер. Таудан құлап, еркелей сылаңдап тау бұлағы ағып жатыр. Суы қандай мөлдір, тап-таза-ау, тап-таза. Жүгіріп келіп, тізерлей қалып, екі алақанымды қосып жіберіп бұлақ суын мейірлене ішемін. Қандай дәмді! Қысқы ұзақ ұйқыдан құмырсқалар да ояныпты. Күннің мол шуағына жылынбақ болып сыртқа шығып, әр бағытта даланы кезіп жүр. Ауыздарына ілінген заттарды күші келгенше өз «үйлеріне» тырбыңдап тасып, тіршілік әрекетімен әлек болып жүр. Түрлі түсті көбелектер де тіршілік қамына кірісіп, гүлден гүлге қонып, нәр татып жүр. Нағыз нұрлы, таң-тамаша дүние! Бір кезде көк аспанда траулаған құстар үні пайда болады. «Әнеки, жыл құстары қанаттарына көктемді ілестіріп біздің өлкеге келіп жетті. Тырналарды қараңдар, қандай әдемі» дейсіз сіз біздің назарымызды зәу биікте самғаған құстарға аударып. Барлығымыз бір шөкім бұлт жоқ нілдей таза көк аспанға қараймыз. «Иә, қандай керемет көрініс!» дейді әкеміз. Сөйтті де ол:
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады.., деп әдемі де бір сырлы, мұңлы өлеңді бастап кетті. Сіз, маматайым, әкеме қосылып, ән қайырмасын айтасыз. Бүкіл әлем ән құшағына еніп кеткендей әсерде болдым. Бір кезде әкем қыраттау жерге барып, қанаттанған құстай екі қолын екі жаққа созып, қомданып, бір сәтте-ақ ақ құсқа айналып, ту сонау шыңырау көк аспанға көтеріліп, әлгі құстарға ілесіп, елеске айналғандай көзден ғайып болды... Сол сәтте мен ұйқыдан оянып кеттім. Лүпілдеген жүрегім кеудеме сыймайтындай жиі-жиі соғады. Жан-жағыма қарап едім, тас түнек, қап-қараңғы түн екен. Бөлмедегілердің барлығы ұйқы құшағында. Бұл не түс? Түк түсінбедім. Ол туралы апама да айтқаным жоқ.
...Есімде қалыпты, бірде түннің қай мезгілі екенін білмеймін. Әйтеуір, мен сіздің тұншыға, жастыққа бетіңізді басып алып солқылдап жылап жатқан кезіңізде ұйқыдан оянып кеттім. Кеудеңізге дем жетпей, екі иығыңыз өксіктен дір-дір етеді. Не болды екен? Алғашқыда менің бойымды белгісіз бір үрей басқаны рас. Шынында, қатты қорықтым. Өйткені, қап-қараңғы бөлмеде сіздің солқылдап жылағаныңызды күштеп тоқтатпақ болып, мұрныңызды қайта-қайта тартып, анда-санда «уҺ» дегеннен басқа еш бөтен дыбыс жоқ еді, мама. Сіз сондай күйде өзіңізді тежей алмай біразға дейін, әбден арша-борша болып бір төгіліп жыладыңыз емес пе сол түні. Оған не себеп? Сіздің ондай көңілсіз кезіңізді сирек болса да соңғы кезде байқап жүрмін. Не дегенмен менің жасым он екіден асып, жан-жағыма зер салып, дүние мен өмірде болып жатқан оқиғалар мен өзгерістерге көңіл аудара бастадым. Өткен жолы апам «Мамаларың сендердің жағдайларыңды ойлап әлі жас болса да басқа табалдырықты аттамай, біреулерге сендерді жәутеңдетіп өсіргісі келмей жеке өмірін ысырып қойып, жалғыз-жалқы өмір кешуде. Сендер соны естеріңде ұстаңдар, аналарыңды ренжітпеңдер, жүрегіне салмақ салмаңдар, ақылды болыңдар...», деп айтып салды. Сол сөздерден кейін менің кеудемдегі жұдырықтай жүрегім біразға дейін тынымсыз алас ұрып, мені терең ойға қалдырды. Ол сөздердің мәнін толық түсінбедім. Бірақ, шынымды айтайын, маған тым ұнамады. Ішкі дүнием астаң-кестең болып, бір мазасыз күйге түстім. Біраздан бері сезініп жүрмін, сіздің тағдырыңызға толғанып, сіздің болашағыңыз үшін апам кейде мазасызданатын секілді. Осы ойым дұрыс емес пе? Әлде мен қателесемін бе? Осы бір сұрақ маған бір ғажап сыр сияқты болып көрінеді...
Иә, расында да, мен үшін сіз ерекше жұмбақ жан тәріздісіз. Шындыққа келгенде, барлығын ұғу маған әзірше ауыр. Сонда да болса мен өз пікірімді айтайын. Кейде іште астаң-кестең болып жатқан әлдебір ойыңызды бізге сездіргіңіз келмей, сыртқы дүниеден жасырып жүретін мұңлы кездеріңіз расында да соңғы кезде жиілеп бара жатқандай. Сіздің қабағыңыздағы кірбіңді сезіп, көңіл-күйіңізді, тіпті, іштей езіліп жүргеніңізді байқап, діріл қаққан даусыңызды естіп, менің де көкірегім қысылып, мұңға бататыным бар. Барлық қиындыққа мойымай, бізді, қос құлыныңды қатарымыздан кем қылмай өсірейін, біздің жарқын болашағымыз үшін белді бекем буып өмір сүрейін деп, алаңдайтыныңызды байқап жүрмін. Нұргүл әлі тым кішкентай емес пе, сіздің ол күйіңізді байқай бермейді. Әрдайым қыңқылдап, себепсізден-себепсіз «Мамамыз қашан келеді?» деп сұрай береді. Өйткені, маған қарағанда ол өзіңді, сіздің аялы алақаныңызды көп сағынатын сияқты. Мен де сағынам ғой, бірақ оны қасымдағыларға білдіре бергім келмейді. Ержетіп келемін, сізге ертерек сүйеніш болғым келеді. Өйткені, біз сенің болашағыңбыз, келешегіңбіз. Шіркін, тезірек өссем ғой. Әрдайым көңіліңіздің көтеріңкі болуын қалаймын, маматайым!
Сізге күліп жүргеніңіз, көздеріңіз нұр шашып көңілді жүргеніңіз өзіңізге өте жарасады. Ол кезде жан жылуыңыз молығып, тым әдеміленіп кетесіз, сіз сол сәтте ерекше мейірімдісіз, пейіліңіз де кеңейе түседі. Ондай кезде кішкентай Нұргүл екеуміздің көңіліміз де арқа-жарқа, көтеріңкі болады. Өзіңнің кішкентай құлындарына деген ана махаббаты, сірә, осы болар. Әлемдегі ең сұлу, ең қадірлі, ең парасатты, ерекше сезімтал асыл жан өзіңсің, мама! Сенің жайдарлы жүзің, көтеріңкі көңілің, жүрек жылуың, аялы алақаның біз үшін өте қымбат.
Кейде, көңілсіз сәттерде, қабағыңыз түйіліп, маңдайыңыздың қыртыстары әдеттегіден көбейе түсетінін байқаймын. Иә, маматай, сізге жеңіл емес-ау, жеңіл емес. Сағыныш сезіміңіз бойыңыздан әлі сейілмей жүр. Әнеу күні қараңғы түнде жылағаныңыз әлі көкейімнен кетпей жүр. Ертеңіне, түк болмағандай, бізге күле қарап, еркелетіп, бетімізден сүйіп, маңдайларымыздан алма-кезек иіскедіңіз емес пе. Сол кезде зер сала қарап, көз алдарыңыздың домбығып, ісіңкі екенін, көңіліңіздегі мұң барын байқаған болатынмын. Менің ойымша, жалғыздықтан жаныңыздың жұқарған кезі болар, сірә... Мүмкін, ол жүрегіңіздің бір түкпірінде жатқан ауыртпалықты, әркімге сездіре бермейтін ащы запыранды, кеудедегі өкінішті жаныңыздағыларға ашылып айта бермейтініңізден болар. Көңіліңіздің наласын, жүрегіңіздің жарасын әрқашан сездірмеуге тырысасыз. Бірақ, әрдайым олай бола бермейтіні өкінішті. Біз сіздің көңіліңіздің кірбің шалмауын, жүрегіңізге салмақ түспеуін тілейміз. Өмірде әділетсіздік мол ғой, мама. Шындықтың жоғы шын шығар, сірә... Мүмкін, өмір дегенің мұң шығар...Сіздің жүрегіңіздің бір қалтарысына әлгі мұң мәңгілік ұя салып алған ба, қалай? Бәлкім, олай емес болар. Көре білген жанға төңірегімізде жақсылық көп пе?.. Қазақ атам: «Пешенеге жазғаннан артып кете алмайсың» деп өзін жұбатып жатады. Сол «пешене» деген не өзі? Оған кім, қалай, не жазады? Сұрақ көп қой менде... Әрине, әрине, бәрін маған әзір ұғу қиын болар...
Қазір біз сізден қашықта, жырақта, ту сонау қиян жердегі Мойынқұмда апам мен атамның қолында тұрып жатырмыз. Сол жерде балалар бақшасына барып, мектеп табалдырығын да сол жерде аттадық. Тәлім-тәрбиені де солардан алудамыз. Барлығы жақсы ғой, бірақ сіздің бізбен бірге болмағаныңыз қабырғамызға қатты батады. Білеміз, сіз қалада қызмет етіп жүрсіз, күнделікті жұмыстан қолыңыз бір босамайды. Біздерді сағындырып анда-санда бір-екі күнге келіп кетесіз. Сол кезде біздің төбеміз көкке жеткендей болады, көрші балаларға «Мамамыз қаладан келді, бізге көп тәтті конфеттер мен сыйлықтар алып келді» деп мақтанамыз-ай келіп. Ол күндері асыр салып ойнап, өзіңізді аймалап, еркелеп, ойымызға келген әңгімемізді жарыса айтып, көңіліміз серпіліп, шалқып, мәре-сәре болып қаламыз. Ол сәттер біздер үшін ең бақытты, қуанышты күндер екенін сіз ұғасыз ғой, маматай. Ал, сіз кеткенде көңіліміз су сепкендей басылады, тіпті, көздерімізге мөлт-мөлт етіп ыстық жас келіп, біразға дейін көңіліміз жабырқап қалады. Балалары мен аналары бірге тұру керек емес пе, мама? Барлығын түсінемін. Балалық шағым тезірек өтіп, шапшаң есейіп, сізге тірек, сүйеніш болғым-ақ келеді. Әлі көресіз, барымша жақсы оқып, жоғары білім алып, есейгеннен кейін сіздің сенімді жәрдемшіңіз боламын, еңбегіңізді ақтаймын. Тек тезірек өсейінші. Мен сені аялап өтем, анашым менің! Тағдыр тауқыметі мен машақаты аналар мен балаларды ажырата көрмесін!».
Міне, маматайым, менің шығармамның негізгі желісі осындай болды. Оның толық көшірмесін сізге жолдап отырмын. Сізге оның ұнайтынына сенемін. Өйткені, ол менің шын жүрегімнен, адал ойыммен жазылды», деп аяқтапты жұдырықтай жүрегі кеудесінде лүпілдеген кішкентай Дамир анасына жолдаған сәлем хатында. Баланың тілі қашанда ақ. Шынайы, ақ көңілмен жазылған шығарма оның ішкі дүниесін ақтарып, әдемі өрнектеп, төгіліп тұр. Жас баланың аңғал көңілімен жазылған әсерлі үшбу хаты бізге жетті. Оны бұзбай, б1р ауыз сөз қоспай, қысқартпай, мамасынан рұхсат сұрай отырып, көпшілік те онымен танысып, бірге толқысын, жүректері елжіресін деген ниетпен газетке жолдадық.
Аналар мен балаларды тағдыр ажыратпасын!
Мына дүрбелеңге толы қызылды-жасылды, беймаза дүниеде ата-аналар да, балалар да өз баянды бақыттарын тапсын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді