Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Көкнәр сабаны тәркіленді

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен көліктегі полицейлер прокуратураның үйлестіруімен құрамында көкнәр сабаны мен апиынның қоспалары бар тағам көкнәрінің шетелден жеткізілу арнасының жолын кесу бойынша кең ауқымды арнайы операцияны аяқтады. Жалпы, есірткі трафигін қазақстандық 50 жастағы азамат ұйымдастырған. Ол еліміздегі 4 дүкеннің иесі болып шықты. Сол арқылы күдікті есірткі жасауға арналған көкнәр сабаны мен өнеркәсіптік еріткішті сатқан. – Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Олар 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 104 тоннадан астам көкнәр сабаны, 600-ден астам «тропикамид» және «мидекс» дәрілік препараттарының бөтелкелері және шамамен 5 миллион теңге, 4 автокөлік пен DAF ауыр жүк көлігі тәркіленді. Бұл ретте бір реттік доза үшін 0,2 грамм экстракциялық апиын жеткілікті екенін атап өткен жөн. Осылайша, айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасы жіберілмеді. Тәркіленген өнімнің құны 4 миллиард теңгеге бағаланады, – деді Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Жалған полицей ұрлық жасаған

Жедел уәкілдер қарапайым тұрғындардың мүлкін иемденудің айла-тәсілін жетік меңгерген 33 жастағы азаматты ұстады. Анықталғандай, полиция формасын киген ер адам азаматтардың сеніміне кіріп, қылмыс жасаған. Мәселен, полиция подполковнигі ретінде өзін таныстырған ол 63 жастағы зейнеткердің үйін уақытша паналап, кейіннен үй иесінің кұны шамамен 700 мың теңгені құрайтын күзен пальтосын қолды еткен. Бүгінгі таңда Қылмыстық Кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, бұрын сотты болған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Зейнеткердің телефонын қолды еткен

Полицейлерге 70 жастағы әжей хабарласып, түс мезгілінде туыстарының қабірін тазалап жатқанда ұялы телефонын жоғалтып алғанын айтқан. Сөзінше, ол қоқыс шығарып келгеннен кейін қабырғаға іліп қойған күртешесінің қалтасындағы гаджеттің жоқ екенін байқаған. Ал, жедел іздестіру шаралары барысында бұрын сотты болған 34 жастағы ер адам құрықталды. Белгілі болғандай, күдікті зират ішімен өтіп бара жатып, оңтайлы сәтте қарт адамның телефонын қолды еткен. Бүгінгі таңда Қылмыстық Кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 Мас жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Өңір аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілерді анықтау шаралары жүргізілуде. Жуырда ғана тәртіп сақшылары Қаратау қаласының көшелерінің бірінен «Changan SC» маркалы автокөлікті байқаған. Автопатруль экипажының инспекторлары жүргізушіні тоқтатқанда ер адам олардың заңды талаптарына бағынбай, жүруді жалғастырған. Десе де, полицейлер жүргізушіні қуып жетіп, көлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында Талас ауданының 50 жастағы тұрғыны көлікті масаң күйде басқарғаны байқалды. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның мас күйде көлік басқарғаны расталды. – 2020 жылдың қаңтар айында құқық бұзушы сот шешімімен 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деді Талас аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Мадияр Қожахметов.  

 Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар