Жауапсыз мердігер мекемелер көбейген

Жауапсыз мердігер мекемелер көбейген
ашық дереккөз
Жауапсыз мердігер мекемелер көбейген
Облыс орталығында атқарылған жұмыс ауқымды, әлі де қолға алынып жатқан тірлік аз емес және алдағы уақытта атқаратын шаруа да жетерлік. Ербол Қарашөкеев облысқа әкім болып тағайындалғаннан бастап қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, әр салада қордаланып қалған мәселелерді шешуді қала әкіміне жүктеуде. Қалалық әкімдіктің тиісті бөлімдері мен мекемелер мүмкіндіктерінше жұмыстарын атқарып-ақ жатыр. Мұнда кейбір мердігерлер тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар өндірістік кестеден артта қалуда. Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, бірер мердігер мекемені кестеден қалып, құрылыс нысанын белгіленген уақытта пайдалануға бермегені үшін сотқа берген. Мәселен, «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешеніндегі «Ежелгі бекініс» имаратының құрылысы» нысаны бойынша құрылыс жұмыстары былтырғы сәуірде басталған. Мердігер мекеме – «Нұр Тұрсын» ЖШС. Келісімшарт құны – 655 миллион теңге, игерілгені 303,7 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 45 пайызы ғана аяқталған. Мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес, құрылыс жұмыстарын 30 қыркүйекке дейін аяқтауға тиіс еді. Алайда, өндірістік кестеден артта қалуына байланысты, биылғы 6 қыркүйекте №01-1010 ескерту хат жолданған. Сонымен қатар, аталған жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін орындамаған соң, 4 қазан күні сотқа талап арыз беріліпті. «Тараз қаласы Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу. №15 жер телімі, 2 белгі» нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2020 жылдың 10 желтоқсанында басталған. Мердігер мекеме – «Вилена» ЖШС-мен келісімшарт құны 774,6 миллион теңге, игерілгені бар-жоғы 320 миллион теңге ғана. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 30-ақ пайызы аяқталған. Аталған тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеден артта қалуына байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берілген. 2022 жылдың 6 желтоқсанындағы №3115-22-00-2/1690 сот шешімі бойынша «Вилена» ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану туралы сот ісі қанағаттандырылмады. Әрі қарай тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстарын биылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік берілді. Сол себепті 6 қыркүйекте №01-1011 ескерту хат жолданған. Аталған жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін орындамауына байланысты 10 қазанда сотқа қайтадан талап арыз берілген. «Бином» ЖШС-нің 7 нысаны 2022 жылдың желтоқсан айында тапсырылу қажет еді. Аталған нысандар аяқталмауына байланысты мемлекеттік қабылдап алу актісімен пайдалануға қабылданбады. Алайда, жоғарыда аталған нысандарға 2022 жылдың желтоқсан айында 100 пайыз толығымен қаражат төленген. Осыған орай, қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі тарапынан «Бином» ЖШС келісімшарттардың талаптарын сақтамағаны үшін облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз берілген. Биылғы 8 тамызда №3115-23-00-2/1119 сот шешімі бойынша «Бином» ЖШС-нен айыппұл сомасын өндіру туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, айыппұл төлеуге шешім шығарылыпты. Бүгінгі таңда аталған 7 нысанның осы уақытқа дейін аяқталмауына байланысты орындалмаған жұмыстар актісі әзірленіп, «Бином» ЖШС-не 19 қыркүйекте №01-1106 ескерту хат жолданады. Алайда, аталған жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін орындамауына байланысты 4 қазанда сотқа талап арыз берілген. Басқа-басқа, облыстағы іргелі құрылыс мекемесі саналатын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы осылай болған соң, басқа мердігер мекемелер туралы не айтарсың. Ендігі жерде жауапсыз мекемелерді құрылыс жұмыстарына жолатпау керек. «Ұлы Дала» шағынауданындағы №20-1 жер теліміндегі спорт алаңшасы былтыр ғана пайдалануға берілген болатын. Алайда, алаңшадағы «тартан» төсеніші қолдануға жарамсыз болып шықты. Мердігер мекеме өз қаражаты есебінен футбол және баскетбол ойынына қолайлы «фибро мультиспорт Дтех 14000» төсенішін қолдану арқылы қайта қалпына келтірген. Асқаров көшесінің соңындағы 2020 жылғы егжей-тегжейлі жобалау жоспарына сәйкес, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Алайда, жоспарға өзгерістер енгізілуіне байланысты, сметалық құнын өзгертпей жобаға түзету жұмыстары енгізілген. Жоба бойынша тұрғын алқапты толық инженерлік коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2-кезеңмен жоба әзірленді. 1-кезең жұмыстары жүргізілгеннен кейін 2-кезең бойынша қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынылады. Бүгінде тұрғын алқапты электрмен, сумен және газ желісімен қамтамасыз ету бойынша мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Биыл тұрғын алқапта 5 қабатты 16 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Қыркүйек айына жұмыс қарқынын жылдамдату үшін аванстық төлемдер төленген. Қазіргі уақытта 16 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмас бұрын уақытша қоршау жұмыстары жүргізіліп, 14 тұрғын үйдің жер қазу жұмыстары атқарылуда. Мұнымен қоса, тұрғын үйлердің заманауи сәулеттік келбетін сақтау барысында сыртқы қасбетін және шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Келер жылы тұрғын алқапқа қосымша 30 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осыған орай, жобалаушы мекемемен келісімшарт жасалып, жоба әзірленуде. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім берілетін көрінеді. «Хамукат» тұрғын алқабын электр, газ желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аяқталу мерзімі – биылғы 29 желтоқсан. Бүгінде ауыз сумен қамтамасыз ету нысаны бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемесі – «СМУ-Шығыс» ЖШС. Келісімшарт құны – 675 миллион теңге. Мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес, нысанның құрылыс жұмыстары келер жылға өтпелі. Қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі тарапынан құрылыс жұмыстарымен танысу барысында ауыз су құбырының траншеясы алқапта орналасқан жасыл желектердің орнына түсетіндігі анықталған. Осыған орай, жасыл желектерге зиян келтірмеу үшін «Каз Экспо Проект-2017» ЖШС өз есебі тарапынан тұрғын алқаптың егжей-тегжейлі жобалау жоспарына өзгерістер енгізуде. Сондай-ақ, нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар атқарылуда. Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы оңалту орталығының құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеден артта қалуына және өз міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты «Qaratau Construction» ЖШС-мен келісімшарт бұзылған. Оңалту орталығының жобалау-сметалық құжаттамасына ішкіалаңдық желілері мен абаттандыру жұмыстары қосылып, түзетулер енгізіліпті. «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 18 қыркүйектен бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт құны 252,6 миллион теңгені құрайды. Нысанның толық құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға 300 пәтер сатып алуға Ұлттық қор есебінен 2 880,0 миллион теңге және облыстық бюджет есебінен 150 миллион теңге қарастырылған. Қала бойынша бекітілген сипаттамаларға сәйкес келетін пәтерлердің жетіспеуіне байланысты 100 пәтерге арналған Ұлттық қор есебінен қарастырылған 960 миллион теңгені қысқартуға өтінім берілді. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қалған 200 пәтерге конкурс жарияланып, 1-кезеңнің нәтижесінде 13 өтінім түсіп, оның ішінде 11 пәтердің өтінімі қолдау тапқан. Қалған 189 пәтерді сатып алуға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, 2-кезең бойынша 38 өтінім түсіп, қазіргі жағдайда талапқа сай келетіндігі туралы тексеру жұмыстары жүргізілуде екен. «Тараз қаласы «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына асфальт жол төсеу» жұмыс жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы толық әзірленген. Жобалаушы мекеме – «Құрылыс инвест жоба» ЖШС. Жобалау-сметалық құжаттаманың биылғы 3 ақпанда мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстары биылғы 13 маусымда басталыпты. Мердігер мекеме – «Арайстроймаркет-2003» ЖШС. Келісімшарт құны – 3 139,0 миллион теңге. Республикалық бюджеттен 100 миллион теңге, облыстық бюджеттен 330 миллион теңге қарастырылған. Жоба бойынша асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстарында 33,7 километр, яғни «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабында 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Сәду Шәкіров және Қасымбеков көшелеріне екі қабат асфальт жол жабындысымен құдық қақпақтары және Молдағалиев көшесі бойынша да екі қабат 600 метрлік асфальт төселіп, құдық қақпақтары қойылған. Сонымен қоса, Молдағалиев көшесінің асфальт жабындысын төсеу жұмыстары да аяқталған. Нақтырақ айтқанда 2,7 километр асфальт жол жабындысы төселген. Қалған сома қаражаты келер жылға қарастырылып, нысанның толық құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. «Барысхан» тұрғын алқабына асфальт жол жабындысын төсеу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар толық әзірленген. Жобалаушы мекемесі – «Құрылыс инвест жоба» ЖШС. Жобаның биылғы 30 наурызда №19-0105/23 оң қорытындысы алынған. Сметалық құны – 1,6 миллиард теңге. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарына Ұлттық қордан 100 миллион, облыстық бюджеттен 11,1 миллион теңге бөлінген. Мердігер мекеме «UNISERV» ЖШС 14 қыркүйекте жұмысты бастауға рұқсат алып, құрылыс ертеңіне басталыпты. Келісімшарт құны – 1 605,6 миллион теңге. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 16,2 километрді құрайтын 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Биылға бөлінген қаражатқа қоғамдық көлік жүретін 2 көшеге асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, алқап тұрғындарымен кездесу барысында Құрманбетов көшесіне асфальт жол жабындысы 6 метрден 8 метрге ұзартылып, жаяу жүргіншілер жолы мен бордюр қойылған. Қалған қаражатқа келер жылы асфальт жол жабындысын төсеу жоспарлануда. Жоғарыда қолдағы мәлімет бойынша келісімшарт талаптарын бұзып, құрылыс нысандарын уақтылы аяқтамаған мердігер мекемелердің атын атап, түсін түстедік. Ендігі бір мәселе, тұрғын үй, жол, басқа да құрылыс жұмыстары бұрын күн жылыда атқарылушы еді. Күн суытқанда атқарылған құрылыстың сапасы қалай болады? Рас, тиісті қаржыны бөлдіру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжатын дайындау біраз уақыт алатынын білеміз. Дегенмен, көпқабатты үйлерде адам тұратыны, қала ішіндегі жолда жүретін көлік ішінде адам болатыны естен шықпауы керек. Қайбір жылдары «Астана» шағынауданы жыл мезгіліне қарамай қысқа мерзімде салынып, ел игілігіне берілді. Кейбір үйлердің сыртқы сылақтары түсіп, үңірейіп тұрғаны, қыста жылымайтыны туралы тұрғындар талай рет дабыл қақты. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйлердің сапасыз салынғаны туралы әңгіме көп. Керісінше, Кеңес одағы тұсында 1960-1970 жылдары салынған үйлер әлі күнге міз бақпай тұр. Қала ішіндегі асфальт төселген жол да екі-үш жылда ойылып жатады. Қандай да бір құрылысқа тапсырыс бергенде келісімшарт талаптарының орындалуын қатаң бақылап, құрылыс нысандарын мердігер мекемеден қабылдап аларда қырағылық танытуды күшейтпесек, тізім қатары толыға түсері сөзсіз.  

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар