Жамбылдық жампоздар жеңіспен оралды
IV жазғы Пара Азия ойындарының грек-рим күресінен U-23 жасқа дейінгі ересектер арасында Әлем чемпионатының және Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының жеңімпаз, жүлдегерлері облысқа олжалы оралды. Жамбылдық жампоздарды спортсүйер қауым Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында салтанатты түрде күтіп алды. Айта кетсек, биыл 22-28 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өткен IV Пара Азия ойындарында Жамбыл облысынан 8 спортшы ел намысын қорғап, өңіріміздің өрендері 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленді. Сондай-ақ, Албания астанасы Тиранада өткен грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Әлем чемпионатында 67 килограмм салмақ дәрежесінде жерлесіміз Сұлтан Әсетұлы топ жарып, алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар, биыл 24-29 қазан аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарына облысымыздан 15 спортшы қатысып, 12-сі жүлдемен оралды.
Салтанатты шара барысында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов жампоздарды кезекті жеңісімен құттықтап, табыс тіледі.
Ал, IV жазғы Пара Азия ойындарының 2 дүркін жеңімпазы, жүзуден Азия Паралимпиада рекордын жаңартқан Нұрдәулет Жұмағали тақымын қысып, тілеуін тілеген барлық жерлестеріне алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгілер арасында Әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлының жаттықтырушысы Асылжан Байзақов пен армрестлингтен Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының қола жүлдегері, сонымен қатар аталған жарыстың жүлдегерлері Раушан Жаналиева мен Айгерім Қараманованың жеке бапкері Жұлдыз Күнтуғанова әулиеаталық спорт сайыпқырандары алдағы уақытта да ел сенімін абыроймен ақтап, биіктерден көрінетініне сенім білдірді.
Айта кетсек, Сауд Арабияда өткен дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында ел намысын біздің өңірден 15 спортшы қорғады. Жалпы, байрақты бәсекеге Қазақстанның атынан 53 спортшы қатысқан болатын.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді