- Advertisement -

Сандық жүйе сан саланы қамтиды

21

- Advertisement -

Бүгінгі таңда көшбасшы мемлекеттер болашағын цифрлы технологиялармен байланыстырды. Қарап отырсақ, осы жаңашылдықтар заман ағымымен бізге де жетіп, қоғам соған бейімделіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деген болатын. Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады. Жергілікті әкімдіктерде цифрлық технологиялар басқармасы құрылғанын ескерсек, цифрлық жүйелердің кемелденер шағы әлі алда деген ой келеді.

Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, соңғы жылдары цифрландыруға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде екен. «Біз цифрландыруға басымдық беру арқылы сан салаға жаңа леп әкелеміз. Бұл өз алдына бөлек сала емес. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сынды бірнеше салалардың қарыштап дамуына цифрландыру жүйесі қажет. Ғаламтордың мүмкіндігі кеңейген заманда цифрландыру арқылы қауіпсіздікке көңіл бөлу де аса маңызды. Қазір цифрландыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, сәйкесінше ел экономикасын ілгерілетуге көңіл бөлінуде. Демек, цифрлық технологиялар басқармасының миссиясы цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты өңірде үйлесімді іске асыру деп түсінген ләзім. Осы бағытта жоспарлы жұмыстарымыз баршылық. Ал, оны орындау бізге міндет», – дейді басқарма басшысы.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде облысымызда 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Жоспарда бекітілген 12 көрсеткіштің бүгінде 11-і орындалған. Бір ғана жер деректерінің үлесін цифрландыру орындалмаған. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін қожалықтар жеке цифрлық қолтаңбаларын пайдалана отырып «Qoldau» ақпараттық жүйесіне кіріп, жерлерінің мемлекеттік актісін тіркеу қажет. Сол кезде ғана облыстағы цифрландырылған жер үлесі артпақ.

Бүгінде облыстағы елді мекендерге интернет тарту және мобильді интернет сапасын жақсарту бойынша тиісті тапсырмалар іске асуда. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда 367 елді мекеннің 66-сы 2G, 107-сі 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, 194 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Биыл «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 23 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған.

Ал, «Кcell» акционерлік қоғамы 53 елді мекенде 3G және 4G мобильді байланысының сапасын жақсарту көзделсе, бүгінгі күні 16 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталған. Бұдан бөлек, «Мобайл Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарлап 9 елді мекен сапалы интернеттің игілігін көруде. Оның ішінде Байзақ ауданында Мәдімар, Үлгілі, Жамбылда – Бесағаш, Жуалыда – Шақпақата, Қордайда – Отар, Сарыбұлақ, Меркіде – Жемісжидек, Шу ауданында Белбасар мен Бірлікүстем ауылдары бар.

– Жалпы бұған дейінгі жылдары, атап айтсақ, 2021 жылы 4G мобильді байланысымен 86 елді мекен, 3G мобильді 194 елді мекен және 2G мобильді байланысымен 87 елді мекен қамтылған болатын. Өткен жылы 4G мобильді байланысымен 150 елді мекен, 3G мобильді 140 елді мекен және 2G мобильді байланысымен 77 елді мекен қамтылды. Ал, 2023 жылдың бүгінгі күніне 4G мобильді байланысымен 194 елді мекен, 3G мобильді байланысымен 107 елді мекен және 2G мобильді байланысымен 66 елді мекен қамтылып отыр, – дейді Руслан Ноқрабеков.

Бүгінгі күні талшықты оптикалық байланыс желісімен облыстағы 371 елді мекеннің 192-і, яғни 51,8 пайызы қамтамасыз етілген. Байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімімен және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітіліп отыр. Аталған жол картаға сәйкес, 2025-2027 жылдары 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту, 155 елді мекенді (422 мемлекеттік мекеме) талшықты-оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.

Соның ішінде білім нысандары да бар. Жалпы облысымызда 446 мектеп жұмыс істеуде. Оның 165-інде интернет жылдамдығының төмендігі анықталып отыр. Интернет жылдамдығын арттыру үшін облыс бюджетінен 61 миллион теңге қаралып, бүгінгі таңда 154 мектептің интернет жылдамдығы 20-150 мбит/с аралығында көтерілген. Ал, қалған 11 мектеп бойынша байланыс операторлары тарапынан техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «Цифрлық стандартқа сәйкес келетін әкімдіктердің үлесі» көрсеткіші бойынша өткен жылы жоспар 45 пайызға орындалса, биылғы жоспар 60 пайызға жеткізу көзделген. Жалпы министрліктің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін аймақта білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика, жол инфрақұрылымы, қауіпсіздік, туризм, мәдениет және спорт, ТҮКШ саласы, экология, қаланы басқару салалары бойынша 25 жобаны іске асыру межеленген.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында 9 жоба іске асырылған. Атап айтсақ, олар, өңірлік геоақпараттық жүйе, ахуалдық орталық, жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі, қалалық қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесі, бірыңғай бейнемониторинг жүйесін құру шеңберінде бейнекамералар орнату, жолдарда фотовидеофиксация және бейнеаналитика жүйесі, 109 бірыңғай байланыс орталығы, ата-ана бақылауы, «ақылды» аялдамалар, интерактивті онлайн рейтингтерге негізделген нұсқаулық.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық институты, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен және «Astana Hub» Халықаралық Технопаркімен бірлесіп, IT хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойған. Осы жылдың ақпан айында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық институты аумағында «ZhambylHub» өңірлік IT-хабы құрылған. Оның басты міндеті өңірдегі перспективалы стартап жобаларды қолдау болып табылады. «Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында «инкубация» (кәсіпкерлікті қолдау нысаны, оның классикалық мағынасында алғашқы кезеңдердің жобалары да дамуға қажетті ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді) және «акселерация» (қысқа мерзімде, 3-6 айда жобаның қарқынды дамуын көздейтін стартаптарды қолдау моделі. Кейде қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бастапқы кезеңдердегі инвесторларды тартады) бағдарламалары арқылы жобаларды бизнес-инкубациялау, сондай-ақ оларды «Astana Hub» аумағында одан әрі сүйемелдеу мүмкіндігі пайда болды. «Astana Hub» тәлімгерлерінің қатысуымен тұрақты білім алушылар тренингтерін, сондай-ақ Тараз қаласында IT іс-шаралары үздіксіз өткізіліп жатыр.

Ендігі кезекте жоғарыда аталған мекемелер «ZhambylHub» өңірлік IT хабының базасында Жамбыл облысының IT қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыруда. IT қауымдастықтың басты мақсаты өңірді цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатқа белсенді қатысу арқылы цифрлық технологияларды дамытумен қатар жүретін өңірде тұрақты IT қауымдастығын құру болып табылады.

– Біз биыл Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық институтымен және «AVR Group» компаниясымен бірлесе мектеп оқушылары, колледждер және жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен облыста бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» іс-шарасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «ZhambylHub» өңірлік IT-мен бірлесе Speed Dating форматында жас стартаперлердің кездесуі өтті. Ол іс-шара барысында Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Аян Тұрсынбай және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабек пен 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбай қатысып өз жобаларын қорғады. Ендігі таңда бірлескен жұмыстардың аясында 16-17 қараша күндері Тараз қаласында «Google developer» фестивалін өткізуді жоспарланып отыр. Іс-шараға 500-ден астам адамды аудиторияға тарту, сондай-ақ Google компаниясының халықаралық сарапшыларының қатысуы жоспарлануда, – дейді Руслан Ноқрабеков.

Бұдан бөлек, өңірлік геоақпараттық жүйе аясында жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілді. Яғни, тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен Геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынау нәтижелері бойынша тыңдаудан өтті. Нәтижесі бойынша оң қорытындылы сынақ актісі алынып, (30.06.2023 жылғы №KZ41VQQ00081564 сынақтар актісі) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген. Ал, сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6, жер қатынастары бойынша 7, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылған.

Тағы бір атап өтерлігі, облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модуль әзірленіп, бағдарламаға қатысу мақсатында халық өтінімдерді Геопортал арқылы жіберген. Жастарға берілетін ең жоғары сома 13 миллион теңгені құраса, пайыздық мөлшерлеме 5, бастапқы жарна 5 пайыз. Несие беру мерзімі 19 жыл. Өткен жылы бағдарламаның 3 кезеңі өткізіліп барлығы 737 өтінім қабылданған. 93 қатысушыға «Отбасы Банкке» жолдама берген. Бүгінгі күнге 41 қатысушының өтінімі мақұлданып, баспаналы болған. Биыл 10-20 шілде аралығында өтінім қабылдауының 1 кезеңіне берілетін жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін өзгертіліп 405 өтінім түскен. Комиссия шешімімен 121 өтінім бойынша жолдама беріліп, 284 өтінім бойынша талапқа сай келмеуіне байланысты бас тартылған. Сонымен қатар, осы жылдың 14-27 тамыз арылығында қосымша өтінімдер қабылданып, оның 94-і комиссия қарауында.

Геопортал қолданушылары сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтаудың онлайн-сервисі іске асырылды. 2022 жылдың 20 қарашасында өткен «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы» және 2023 жылғы 19 наурызға өткен «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында» іске асырылды.

– «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде ТМС халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерді енгізу, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы Геопортал алаңында бірінші кезеңінде, Тараз қаласы бойынша 15 қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру мақсатында, 50 миллилн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерімен талқылау жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезеңде автоматтандырылатын қызметтердің тізімі анықталды. 2024 жылдың аяғына дейін автоматтандырылған қызметтердің санын 50-ге дейін, 2025 жылы – 100 және 2026 жылы қызметтердің санын 150-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыруға қоғам дайын. Қазірдің өзінде ел-жұрт мемлекеттік қызметтерден басқа да операцияларды жылдам жүзеге асырудың оңтайлы жолын іздеп тұрады, – дейді облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support