Жаңа мүмкіндіктер жолы

Жаңа мүмкіндіктер жолы
ашық дереккөз
Жаңа мүмкіндіктер жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында экономикамыздың негізгі бағыттарын айқындап берді. «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан, қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – дейді Президент. Бұл ең алдымен, әлемдегі барған сайын күрделеніп бара жатқан экологиялық апат қаупін азайтуға бағытталған игілікті іс. Өйтпеген күнде көмір сутегі шикізатын көптеп пайдалану ауаны ластап, қоршаған ортаның тепе-теңдігін бұзуда. Жаһандық жылыну үрдісінде көмірсутегі шикізатынан шығатын зиянды қалдықтардың да әсері мол. Ғалымдардың болжамынша, осы жүзжылдықтың соңына қарай ауаның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметр көтеріледі екен. Қазірдің өзінде құрлықтарды басып жатқан топан су соның салдары. Сондықтан, әлем сарапшылары энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін негізгі күн тәртібіне қойып отыр. Еліміздің ба лама лы энергия көздерін дамытудың «жасыл» жолына көшуіне елордамыз Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің зор серпін әкелгені белгілі. Ең бастысы, баламалы энергия көздері, ол – болашақтың қажеттілігі. Көрмеден кейін еліміздің оңтүстік өңірлерінде қолға алынған жобалар бүгінде елімізге соны серпін беруде. Жалпы, бұл аймақтарда жылына 2,5 миллиард киловатт-сағат күн энергиясын өндірудің мүмкіндігі бар. Бұл отандық ғалымдарды жаңа жобаларды жүзеге асыруға жетелеп отыр. Алматы энергетика және байланыс университеті шағын энергия көздерін жаңғырту зертханасының қызметкерлері мен магистранттары әзірлеген жоба бойынша күн сәулесін жинайтын толық автоматтандырылған арнайы тақталар ғимараттан шықпай-ақ, күн сәулесінің түсу бұрышын анықтап, оны компьютер арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Баламалы энергия өндіруге қажетті құралдың тағы бір түрі – вертикальды желдік роторлық турбина. Оны отандасымыз Альберт Болотов ойлап тапқан. Бүгінде оның бұл еңбегі Қазақстаннан тыс көптеген елдерде қолданылып келеді. Ресей, Қырғыз және Корей елдері де пайдалануда. Алыс аймақтарға электр қуатын жеткізуде бұл құрылғының пайдасы айрықша елеулі. Бүгінде баламалы энергия өндірудің озық әлемдік технологияларын енгізу – энергетикалық тиімді бағдарламаларды іске асыруға серпін беретіні сөзсіз. Әртүрлі бағалаулар бойынша елімізде оның қорларының әлеуеті де жоғары. Оны бүгіннен бастап қолға алу өте маңызды. Еліміздің ст ратегиялық дамуы бағдарламасында көзделгендей, 2030 жылға дейін баламалы қуат көздерінің энерготеңгерімін 20 пайыздан асыру қажет. Жалғыз біз ғана емес, бүгінде көптеген елдер өндірістік қуаттағы газ-жылу электрстансаларының жүктемелерін төмендете отырып, баламалы энергетика жобалары санын арттыру үстінде. Ал, бүгінгі күні Жамбыл облысында өндірілетін қуат көзі еліміздегі өндірілген қуат көзінің 20 пайызын құрап отыр. Бұдан бөлек, бүгінде ядро энергетикасының даму болашағы туралы да ұмытпауымыз қажет. Тағы бір жай, сарапшылардың бағамдауынша, Қытайдың қазіргі және келешектегі сұранысы Қазақстанның барлық энергия өндірісінің тең жартысын ғана қамтиды. Жылына 40 миллиард киловатт-сағат энергияға мұқтаж. «Сондықтан болашақта Қазақстан энергиясына деген сұранысы арта түспек. Ал, елімізде жаңартылған энергияны қолжетімді бағамен жаппай өндіру кезінде энергияның бұл түрін тұрақты түрде арзан бағаға сату, елдің экономикалық- әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, өндірісте жаңа жұмыс орындарын ашу, қоршаған ортаны таза сақтау, жаңартылмайтын энергия көздерінің мол қорын бұзылмаған күйінде сақтап қалу секілді пайдасы мол болмақ», – дейді облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев. Соңғы он жыл көлемінде баламалы энергия көздерінен қуат өндіру облысымызда жақсы жолға қойылып отыр. Күн, жел, су электр стансалары пайдалануға беріліп, олардың жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватқа жеткен. Қазіргі таңда аймақта осы мегаватты құрайтын 21 нысан жұмыс істеуде. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 175,65 мегаваты тоғыз жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. Атап айтсақ, Орталық Азиядағы ең ірі, қуаттылығы 100 мегаватт болатын, Жуалы ауданында іске қосылған «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі таңда 100 мегаватты құрайтын станция күніне 660-680 мың киловатт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл қос күн электр станциясының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады. Бүгінде өңірімізде басқа да баламалы энергия көздері игерілуде. Олардың әлеуеттері әрқалай деңгейде. Атап айтқанда, Меркі су электр стансасы – 2,02, Меркі – 3 су электр стансасы – 1,5, Т.Рысқұлов ауданындағы «Қарақыстақ» су электр стансасы – 2,3, Шу ауданындағы «Тасөткел» су электр стансасы – 19,2, Қордай ауданы «Қордай-1» жел электр стансасы – 21, «Қордай» жел электр стансасы – 1,5, «Қордай – КА-1» жел электр стансасы – 26,4, «Отар» күн электр стансасы 0,5 мегаватт энергия өндіру қуаттылығына ие. Ал, алдыңғы жылы 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр стансасы» іске қо сылды. Жобаның басты құрылтайшысы қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы, оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan» компаниясы болды. Жобаның жалпы құны 44,8 миллиард теңгені құрады. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел қондырғысы мен электр жабдықтары, сондай-ақ, бір станса торабы мен көпбейінді орталық салынды. Өткен жылы облыста төрт жоба іске асырылды. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы жа лпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы. Оның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, «KEGOC» акционерлік қоғамының біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Келесісі Талас ауданындағы әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс» ЖШС іске асырды. Алдағы жылдары облыста тағы да 4 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Мойынқұм ауданында жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы бар. Оны шетелдік «Total Eren» ЖШС жүзеге асырғалы отыр. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, Жуалы ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ. Ал, Қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы қуаты 1 гигаватты жел электр және 400 мегаваттық күн стансаларын Т.Рысқұлов пен Талас ауданында іске асыру көзделуде.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар