Мүмкіндіктерді мүлт жібермеген жөн

Мүмкіндіктерді мүлт жібермеген жөн
ашық дереккөз
Мүмкіндіктерді мүлт жібермеген жөн
Облысымызға еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек жұмыс сапарымен келді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, шаруа қожалық иелерімен кездесіп, шаруаларға саладағы мамандардың жұмысын ілгерілетуді мақсат тұтқан Әбілхайыр Ғалымұлы әуелі Жамбыл ауданындағы «Елдос» шаруа қожалығына барып, 20 гектарға егілген қант қызылшасының жай-күйімен танысты. Кездесу барысында вице-министр: – Дән себуші және балшық тазалайтын техникаларға 2 пайыз субсидия беріледі. Биыл су тапшылығын көрдіңіздер. Жаңбырлатып, тамшылатып суаратын құрылғыларға 50 пайыз субсидия бар. Сонымен қатар, инфраструктурасына, қазған құдығына да бөлінеді. Осындай мүмкіндіктерді әрбір шаруа тиімді пайдалана білу керек, – деді. Шаруа қожалық иесі Бақтияр Төребеков биылғы өнімнің ойдағыдай екенін айта келе, кейбір тыңайтқыштарға бөлінетін субсидия уақтылы берілмейтінін жеткізді. Содан кейін атқамінерлер аудан орталығы – Асаға атбасын тіреп, шаруа қожалық басшыларымен кездесу өткізді. Онда вице-министр ауыл шаруашылығына қатысты республикада қолға алынып жатқан шараларға тоқталып, 2019 жылы өңірімізде бастау алған пилоттық жобаға тоқталды. 2,5 пайызбен шаруаларға берілетін несие беретін жоба бүгінде республика көлемінде таратылады. Биыл бұл жобаға 100 миллиард теңге бөлінген. Соның 24 миллиард теңгесі Жамбыл облысына бағытталған. Бұл қомақты қаржының өңірімізге бөлінуі үкімет тарапынан көрсетілген ерекше қолдау екені белгілі. Сондай-ақ, Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, жобаға келер жылға тағы 100 миллиард теңге бөлінеді екен. Бұл қаражат 400 бастан жоғары ірі қара ұстап, одан сүт өндіретін шаруаларға және көкөніс сақтау қоймаларын салғандарға, құс етін өндіретіндерге, су үнемдеу технологияларын шаруашылыққа енгізгендерге беріледі екен. Қазіргі таңда ауыл халқына қиындық тудырып жүрген мәселелердің бірі – жайылымдық жерлер. Бұл туралы Әбілхайыр Ғалымұлы: – 2018 жылы қабылданған жайылымдық жерлерге арналған арнайы заң бар. Алайда, ол заң күшіне енбей тұр. Бүгінде оған өзгерістер енгіздік. Парламентте бірінші оқылымда мақұлданды. Аталмыш заңға «Қоғамдық жайылым» деген түсінік енгізілді. Енді елді мекеннің және шалғайдағы жайылымдар «қоғамдық жайылым» деп аталады. Оны ешқандай шаруа қожалықтарына беруге болмайды. Сәйкесінше, әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгерістер енді. Яғни, қоғамдық жайылымдық жерлерге шаруа қожалықтар мал жайса енді жауапқа тартылады, – деді. Жиынның соңы шаруа қожалық басшыларының сұрағымен жалғасып, түрлі мәселелер талқыланды. «Айзере», «Дүйсебай» шаруа қожалығының иелері шаруашылықта шешілмей жүрген қиындықтарға қатысты өз ойларын жеткізді. Вице-министр бұл күні аудандағы «Асланбек 08», «Кaz Fruitsline» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «АТБ» шаруа қожалығы мен «Қызылдихан» өндірістік кооперативінде болды.  

Нұржан ӘЛІШ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар