Жылудың берілуінде әлі де кемшілік бар

Жылудың берілуінде әлі де кемшілік бар
ашық дереккөз
Жылудың берілуінде әлі де кемшілік бар
Облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінің күн тәртібінде жылу беру мәселесі қаралды. Облыстағы нысандарды жылыту маусымына дайындап, оның өту барысын қадағалау үшін облыстық штаб құрылған. Сондай-ақ, аудандар мен Тараз қаласында жергілікті штабтар жұмыс істейді. Жоспарға сәйкес, ай сайын штаб отырысы өтіп тұрады, ағымдағы жылыту маусымында 5 штаб отырысы өткен. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы 12 қазаннан басталды. Бұл жұмыстар жөнінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев мәлімдеді. – Жергілікті «Казгидромет» филиалының ауа райы болжамына сәйкес, қазан айының үшінші онкүндігінде ауа температурасында жылылық байқалады, үшінші онкүндіктің ортасында жауын-шашын күтіледі, жаңбырдың соңы сулы қарға ұласады, сондай-ақ, желдің күші секундына 15-20 метр болады деп күтілуде. Ағымдағы жылыту маусымында жылу энергетика кешендерімен жалпы 1,100 миллион Гкал жылу энергиясын өндіру жоспарлануда. Жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард м3 газ тұтыну жоспарланып отыр. Оның ішінде «ЖГРЭС» АҚ – 1 079,6 миллион м3, «ТЭО» АҚ – 118,23 миллион м3. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 15 мың тоннаны құрайды, оның 12 744 тоннасы «ЖГРЭС» АҚ-на, 1 865 тоннасы «ТЭО» АҚ-на, 485 тоннасы «Игілік» МКК-на, 345 тоннасы «Жамбыл-Жылу» МКК-на тиесілі. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына қаралған 8,804 миллиард теңге толық игеріліп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Энергетика министрлігімен облысқа қажетті 24,4 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді. Оның 12 938 тоннасы Жаңатас қаласына, 10 000 тоннасы «Жамбыл ГРЭС» АҚ-на, 1 500 тоннасы «Таразэнергоорталық» АҚ-на қарастырылды. Жаңатас қаласының қазандығына 12 938 тонна мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаралды. Бүгінгі кестеге сәйкес қыркүйек-қазан айларына жоспарланған 3 250 тонна жеткізілді. Өткен жылдан қалған 1 040 тонна мазутты есепке алғанда қазіргі таңда қоймада 59 тәулікке жеткілікті 3 540 тонна мазут бар, тәуліктік тұтыну шығыны 56-60 тонна деп есептеліп отыр. Ағымдағы жылыту маусымына орай облыс тұрғындары үшін 149,7 мың тонна көмір жоспарланып, бүгінге 85,4 мың тоннасы жеткізілді, қамтылу деңгейі 57 пайызды құрап отыр. Көмір отынын ағымдағы жылдың мамыр айынан келесі жылдың сәуір айына дейін қамту жоспарланған. Мамыр-қазан айларындағы, яғни 6 айдағы көмір жеткізу жоспары 77,7 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге жеткізілген көмірдің көлемі бойынша жоспар 110 пайызға артық орындалып отыр. Қараша-сәуір айларындағы жоспар 72 мың тонна болып жасақталған. Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысады, оның 24-і өңірлік операторлар, бүгінгі таңда көмір тұйықтарында 14,4 мың тоннаға жуық көмір бар. Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлердің бағасы сортына қарай 16 – 19,5 мың теңгені құрап отыр. Елді мекендерге дейінгі арақашықтығын ескерсек, жеткізу құны шамамен 20-23 мың теңгеге дейін барады. Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм аудандарында көмір сатумен айналысатын, теміржол тұйықтары бар нарық субъектілері жоқ болуына байланысты бұл өңірлердің тұрғындары Тараз және Шу қалаларынан көмір сатып алуда. Бүгінгі күнге көмір вагондары тұрақты келуде. Көмір қоймаларында тапшылық жоқ. Дегенмен, қыс маусымы кезінде көмірді көтеріңкі бағамен сатудың алдын алып, бағаны тұрақтандыру мақсатында көмірді ертерек сатып алу үшін аудан әкімдіктері тұрғындармен тиісті түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет және көмір бағасын тұрақтандыру үшін көмір сатушылармен келісім (меморандум) жасасу ұсынылады. Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жалпы 66,2 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, толыққанды қамтылды. Оның ішінде білім нысандары 55 977 тонна, денсаулық сақтау нысандары 4 469 тонна, мәдениет нысандары 4 341 тонна, спорт нысандары 854 тонна және әлеуметтік арнаулы мекемелер 550 тонна көмірмен қамтамасыз етілді. Білім нысандарына жоспарланған көмірдің басым бөлігі білім басқармасы тарапынан сатып алынған. Ал, Жуалы, Қордай, Шу аудандарындағы білім нысандарына аудан әкімдігіне қарасты кәсіпорындардың (Комхоз) тарифтік смета есебінен шарт негізінде көмір сатып алынған. Қазіргі таңда қазандықтардың көмір қоймаларында 60 пайызға жуық көмірлері бар, қажет болған жағдайда көмір сатушылардың қоймасынан тасымалданатын болады, – деген басқарма басшысы Құдайберген Қорғанбаев облыстағы 2 ірі жылу көздері бар екенін айтып өтті. Аталған кеңесте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының қысқы жылыту маусымына дайындығы да талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 389 ұйым болса, оның 41 нысаны орталықтандырылған, 218-і газдандырылған, 128-і қатты отынмен, біреуі дизельдік отынмен, біреуі электрлік пешпен жылытылады. Қатты отынмен жылытылатын нысандарға 4389 тонна көмір қажеттілігі жоспарланып, сатып алынған. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева басқармаға қарасты барлық мекемелердің жылыту жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеев демалыс күндері өзі ескертусіз барып, көрген кей мектептерде, колледждерде жылу жоқ екенін көргенін айтып, бұл жұмысты қатаң қадағалауды міндеттеді. Барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нысандардың жағдайын аралап көріп, тиісінше жұмыс істеуді тапсырды. – Баяндамада барлық жұмыстың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтасыздар. Алайда, ескертусіз барып, араласаңыздар кеткен кемшіліктерге көз жеткізесіздер. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы білім, денсаулық басқармасының басшыларымен, аудан, қала әкімдерімен үнемі байланыста болып, жылыту мәселесін тексеріп отыруы керек. Жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар, – деген Ербол Шырақпайұлы жиын соңында барлық нысандарға жылудың кем-кетіксіз дұрыс берілуін қадағалауды тапсырды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар