Түйіні тарқамаған түйткіл

Түйіні тарқамаған түйткіл
ашық дереккөз
Түйіні тарқамаған түйткіл
Бір кездері бұл «Шөлдала» алабының саяжай болғаны белгілі. Бүгінде бұл жерден жер немесе үй алып, құжатын заңдастыра алмай жүрген тұрғындар көп. Сол уақытта 28 кооперативке басшылық етушілерден жылжымайтын мүлікті саяжайлық кітапшамен сатып алып, оны жекешелендіре алмай жүргендер шағым айтуда. Мемлекеттің меншігіндегі дүниені халыққа қып- қызыл ақшаға сатқан саяжайшылар қазір қайда екені белгісіз. Бірақ, екі ортада шырылдаған ел енді үйі мен жерін қалай заңдастырарын білмей, әбігерге түсуде. Шөлдалалықтардың айтуынша, 2018 жылға дейін жер телімін саяжай кітапшасымен алғандар заңдастырып қойыпты. Ал, одан кейін алғандарға мүлкін заңдастыру мұңға айналған. Саяжай ретінде сатып алып, үй салып алғандар әкімдіктің табалдырығын талай мәрте тоздырыпты. Алайда, еш нәтиже жоқ. Олардың бар уайымы қомақты қаражатқа сатып алып, салған үйінің иесі атана алмай, далада қаламыз ба деп қорқады. Осы алаптың тұрғыны Данияр Абдалиев Қазақстанның азаматтығын алмай тұрып, 2021 жылы Шөлдаладан жер алыпты. Оны нағашысы Руслан Ербаевтың атына рәсімдеген. Саяжайлық кітапшамен алған мүлкін осы жылы, қыркүйек айында көк қағазбен заңдастыру үшін қала әкімдігіне барса, ондағылар: «Бұл құжатпен жылжымайтын мүлікті заңдастыра алмайсыңдар. Жаңа заң шыққан. 2020 жылға дейінгілерге көк қағаз беріледі. Одан кейінгілерге заңды құжат берілмейді. Әкімнің рұқсатын күтіңіздер. Өтініш қалдырып кетіңіздер», – депті. Сол сияқты тағы бір шөлдалалық Әлия Гали есімді тұрғын үйі мен жерін заңдастыра алмай жүр. – Біз 2019 жылы жер алдық. Сол жылы сол жерімізге үй салдық. Содан әлі қолымызда саяжайлық кітапша ғана бар. Заңды құжат жасатқанға қомақты қаражат қажет. 2018 жылдан кейінгілердің өтініші қабылданбайды. Күйеуім қаншама рет сандалды. Бірақ әлі де сатып алған жеріміз бен әр кірпішін өзіміз қалаған шаңырағымызға заңды иелік ете алмай отырмыз, – дейді. Ал, Ақмарал Көлденова 4 жыл бұрын жер алып қойыпты. Соны атына заңдастыру үшін әуелі үй тұрғызуы керек екен. Бос жерге құжат жасай алмайды. «Шөлдалаға әкімшіліктен де адамдар келді. Оларға да барып, құжаттарымды өткіздім. Олардан да еш көмек болмады. Өзім жалғызбасты анамын. Тұрақты жұмысым жоқ. Жер қатынастары бөлімінің мамандары «Үй салмасаңыз, жер мемлекетке өтіп кетеді», деді. Құжат мәселесімен жүрген кезде ортада бір кісілер 200 мың теңгеге заңдастыратынын айтқан. Оған сенбедім», – дейді. Дәл бұл мәселе осы алаптан жер телімін сатып алған Талғат Батыров есімді Жуалы ауданының тұрғынында да бар екен. 2019 жылы қалада жалдамалы пәтерде тұратын ұлына үй саламын деп саяжайлық кітапшамен жер телімін рәсімдеген. Бірақ, әзірге құрылыс жүргізуге қаражаты жоқ. Онсыз мүлікті заңдастыра алмайтынын айтуда. Шөлдала тұрғындарының жанайқайын тыңдаған соң, қала әкімдігінің бас инспекторы Ернұр Үдербаевпен тілдестік. – Бұл мәселеге қанықпыз. Тұрғындармен жиналыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізгенбіз. Жер бөлімінің мамандары келіп, қандай құжат жинау керектігін, не істеу керектігін айтқан. 2018 жылдан кейін жер телімін алғандар жер қатынастары бөліміне барып өтініш жазады. Жазған өтініштері арқылы комиссия тексеріп, шешім қабылдайды. Бұл алап кооперативтің құрамында болып, кейін тарап жатқан кезінде кооперативке басшылық етушілер саяжайлық кітапшамен жерлерді заңсыз сатып кеткен. Құжаттандыруға келген кезде заңға қайшылық туындап жатқаны сол, – дейді инспектор. Шөлдалалықтардың жері мен үйін құжаттандыра алмай жүргендігі осы себептен екен. Ал, тұрғындар саяжай құжатын қолына алған беттен жердің заңды иесі атандым деп ойлап жүре берген. Сондай-ақ, Ернұр Әуесұлы, халықтың айқайы жерде қалмайтынын, барлық мәселе жер бөлімінде қарастырылатынын сөз етті. Негізгі түйткілдің түйінін осы саладағы арнайы комиссия шешеді екен. Ал, 2018 жылға дейін жерін, үйін заңдастырғандар сол кездегі ережеге сүйеніп, істеген. Одан кейін ереже өзгерген. Қазір жер қатынастары бөлімінде жаңа ереже бар екен. Жылжымайтын мүлік база арқылы құжаттандырылады. Ал, саяжайлық кітапшаны база қабылдамайды. Шөлдалалықтарға сол кедергі болып отыр. «Facebook» әлеуметтік желісінде «Тараздағы жаңа шағынауданда 46 миллион теңгенің электр сымы қолды болды. Жаңа аудан ұры-қарының олжасына айналған. «Құмшағал» шағынауданының тұрғындары электр желілерінің сымдарын жымқыру дерегі тыйылмай тұрғанына наразы», – деп хабарлаған» Kaz.nur.kz тілшісінің материалына қатысты қойылған сұрағымызға да жауап алдық. 11-округке кіретін барлық елді мекендерге жауапты инспектор бұл қылмыстық оқиға туралы да өз ойын жеткізді. «Көлтоған-Құмшағал елді мекендеріндегі электр сымдары ұрланғаны рас. Бұл сымдарға электр қуаты қосылған жоқ әлі. Трансформатор да, кабель де оңай қолды болғаны сол. Бұл оқиға бойынша қазір іс қозғалуда. Полиция бөлімі күдіктілерді іздестіруде. Ал, тұрғындардың жарыққа, ауыз суға қатысты көтерген мәселелері өз уақытымен шешімін табады», – дейді. Шөлдалалықтардың жоғарыда айтылған мәселелері бойынша қала әкімдігінің жер қатынастары бөліміне бардық. Бөлімдегі мамандардың берген мәліметінше, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 ақпандағы №113-ші қаулысы негізінде 28 саяжайға өзгертулер енгізілген. Қазіргі таңда бұл алаптарға қажетті инженерлік және инфрақұрылымдық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымды қосу барысында құжаттары заңдастырылмаған тұрғын үй мен жер телімдерін желілерге қосу мүмкін болмапты. Саяжай кітапшасы негізінде пайдаланып отырғандар анықталған. Бүгінде саябақ кітапшалардың заңдылығын тексеру мүмкін болмауына байланысты, жер комиссиясында жерді рәсімдеу туралы өтініштерге қарсылық білдірілуде. Бөлім басшысының орынбасары Нұржан Бекежанов: «2018 жылдың 6-шы желтоқсанындағы №2988 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіту туралы қала әкімдігінің қаулысы шықты. Қаулыда 28 саяжай алаптарына тұрғын алабы ретінде статус берілді. Статус берілген күннен бастап саяжайшылардың жерді беруге құқығы жойылды. Бірнеше рет халықпен кездесулер өткіздік. Оған қала әкімі мен прокуроры да барды. Жерді сатпаңдар деп ескерттік. Ол заңсыз болатыны айтылды. 2018 жылға дейін жер алып, үй салғандарға заңдастырып бердік», – дейді. Қазіргі кезде 404 өтініш түсіп, оның 291-і оң шешімін алып, 113-і қабылданбапты. Олар жерді игермегендер және 2018 жылдан кейін алғандар екен. Өтініші қабылданбағандар сот арқылы шешімін таппаса, жер қатынастары бөлімінің мамандары атына рәсімдеп бере алмайтынын айтуда. Сондай-ақ, 28 саяжайшының халықты алдап, оларға сатылуға тыйым салынған жер телімдерін сатқанын айтты. Ал, алданғандар соларды сотқа беру керек екен. Кооператив басшыларының қолындағы журналдарында фотоға түсіріп алған. 2018 жылға дейін жер телімін алып, үй салып қойғандар әлі де мүлкін атына рәсімдей алады. Білмей, естімей қалғандар бар шығар. Одан бері алғандар өкінішке қарай олай істей алмайды. Шөлдалалықтардың жанайқайын жеткіздік. Бұл мәселеге қатысты тиісті орындардан жауап алдық. Ортада қалған халықтың жазығы жоқ. Енді қала әкімдігі елдің мұңын ескерер деп ойлаймыз.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар