Өңірде үш ірі жоба іске асырылады

Өңірде үш ірі жоба іске асырылады
ашық дереккөз
Өңірде үш ірі жоба іске асырылады
Өңірімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел және су арқылы электр энергиясын салуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан осы бағытта облыс көбірек инвестициялардың назарын аударады. Жаңартылатын энергия көздерінің нысандары облыста 2010 жылдан бері дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 451,3 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 21 нысаны жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 6 су электр станциясы, 9 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы. Облыс жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. Осы жылдың 9 айында 542,4 миллион кВт/сағ. электр энергиясы өндірілген. Соңғы үш жылдың ішінде облыста бірқатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылған. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 миллиард теңгені құрайтын «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілсе, «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының екінші кезеңі іске қосылған. Өткен жылы Жамбыл ауданындағы «AEC ASA» күн электр станциясы және Талас ауданындағы «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» аталатын үш жел электр станциясы жобасы іске асырылған. Ал, биыл Сарысу ауданындағы «Шоқпар ЖЭС» электр станциясы жобасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткізілген кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, жоба бойынша 22 дана жел турбинасын орнату қарастырылса, қазіргі таңда инвесторлар тарапынан 20 дана жел турбинасы орнатылған. Жоба 2024 жылдың басында пайдалануға беріледі деп күтілуде. – Облыстың жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары облыста үш ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында «Masdar» компаниясы тарапынан жел электр станциясы, Сарысу ауданында «China Power International Holding Limited» компаниясы тарапынан жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде. Сонымен қатар, өңірде электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген, – деді Дамир Сейсенбекұлы. Одан бөлек, ол жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,4 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілетінін айтып, жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Жиын соңында басқарма басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына ретімен жауап берді.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар