БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТІРКЕУ: Қылмыс санын азайта ала ма?

БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТІРКЕУ: Қылмыс санын азайта ала ма?
ашық дереккөз
БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТІРКЕУ: Қылмыс санын азайта ала ма?
Ел Тәуелсіздігінің төртінші жылында қазақстандықтар КСРО төлқұжатын біртіндеп жеке куәлікке ауыстыра бастағаны белгілі. Мұны ел азаматтарының 16 жасқа толған бозбалаларынан бастап пайдаланды. Арада бірнеше ондаған жылдар өткен соң, басты сәйкестендіру құжаты тағы да бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Мәселен, 2009 жылы жеке куәлікке жеке сәйкестендіру коды бойынша деректер енгізіліп, он жыл сайын ауыстырылатын өзгеріс пайда болды. Үш жылдан соң яғни, 2009 жылы Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі тағы ауыстырылды. Бұл жолғы жаңалық – құжатқа арнайы чип орналастырылды. Ал, келер жылдан бастап жеке куәлік алу үшін міндетті саусақ ізін тапсыру заңдастырылды. Ішкі істер министрлігі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, саусақ ізін алу саусақтардың папиллярлық өрнектерінің бірегей құрылымы туралы деректерді сақтауға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігіне бағынысты Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаевтың айтуынша, дактилоскопиялық тіркеуден 12 жасқа дейінгі балалар өтпейді. Ал, 16 жасқа дейінгі бозбалалардың бұл тіркеуден өтуі ерікті түрде жүргізілмек. – Дактилоскопиялық тіркеу – саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхаты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады, – деген ведомство өкілі бұл процедура азаматтардың шетелге шығуын жеңілдетіп, құжатты қолдан жасаудың алдын алатынын атап өтті. Сөзінше, әрбір азаматтардың жеке мәліметтері озық технологиялармен қорғалады. Жалпы, дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне көз жүгіртсек, мұндай тиімді жұмыстардың жүйелі жолға қойылғанын аңғару қиын емес. Мысалы, АҚШ-та азаматына берілетін төлқұжаттарда 2004 жылдан бергі құжат иесі туралы биометриялық ақпарат, оның ішінде саусақ ізі бар чип орнатылған. Мұндай инновациялар 2006 жылы Ұлыбританияда, 2010 жылы Германияда, 2013 жылы Қытай елінде кеңінен қолданыла бастады. Негізінде, саусақ ізін тіркеу посткеңестік кеңістіктегі елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Ал, қазақстандықтардың көпшілігі мұндай заманауи жаңалықтарды енгізуден хабардар емес. Содан болар, биылғы жылдың 30 маусымында қабылданған заңға үрке қарайтындар да бар. Жасыратыны жоқ, 20 шілдеге дейін көпшілік талқылауында болған құжатқа байланысты пікір-талас қоғамда әлі де толастамай тұр. Қысқартып айтсақ, ел-жұрттың пікірі қақ жарылды. Олай дейтініміз, қарапайым халықтың бір бөлігі жаңа заңның қабылданғанына шын қуанса, өзгелері үйімізде отырып, «жазықты боламыз ба» деп қорқатындықтарын айтады. Тараздық Аружан Байжанның айтуынша, мұндай қадамға үрке қараудың қажеті жоқ. Бойжеткен мемлекеттің өзі кепілдік берген заң көптеген қылмыстардың алдын алатынын алға тартты. «Меніңше, бұл заң дер кезінде қабылданды. Азаматтарымыздың басым бөлігі алаяқтардың арбауына түсіп, алданып қалып жатқан қазіргідей кезеңде қауіпсіздік шаралары алғашқы орында тұруы тиіс. Жалпы, саусақ ізі – Алла берген төлқұжат қой. Бір адамның жаратылысы екіншісіне ұқсамасы айдан анық. Осы себепті, мұндай қадамнан ат-тоныңды ала қашып, қорқудың қажеті жоқ. Заң аясында бір жағы уақытыңды үнемдейсің, екіншіден түрлі қулық-сұмдықтан сақтанасың. Оның үстіне, мемлекеттің өзі кепілдік беріп тұр ғой», – дейді ол. Ал, Ая Болатқызы есімді тұрғын бұл пікірмен мүлде келіспейді. Ол өз сөзінде «саусақ ізін тапсырғанмен құжаттар алу жеңілдейді дегенге сенімім аз» деді. «Өзім де халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істедім. Ол жақтағы бағдарламалардың қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін. Ертең-ақ саусақ ізі шатасып, біреуді қылмыскер деп тұрса қайтпекпіз? Әлгі базадан шығып кеткен қожайындардың үйі секілді. 20-30 жыл бойы тұрып жатқан үйін «Бұл сіздің меншігіңізде емес» деп 40 қағаз жинатты ғой», – дейді ол. Айта кетейік, міндетті саусақ ізін тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 443-1 бапқа сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Нақтылай түссек, заңға бағынбағандар 2 айлық есептік мөлшерінде айыппұл төлесе, шетелдік немесе азаматтығы жоқ азаматтар тіркеуден өтуден бас тартса ел аумағынан шығарылады.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар