Жасұлан әлемді, Елдос сары құрлықты бағындырды
- author «Ақ жол»
- 30 желтоқсан, 2014
- 210
Жалпы, арғымақ жыл өңір спортшылары үшін табысқа толы болды. Тараз төрінде тастаяқтан әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Төрткүл дүниенің «сен тұр, мен атайын» бильярдшылары динамикалық пирамида бойынша кіл мықтыны анықтасты. Жерлесіміз Максим Пан да өзінің бағын сынап, біраз жерге барды. Сонымен қатар бокстан ел біріншілігі тартысқа толы жағдайда өрбіді. Алаш жұрты үшін нөмірі бірінші спорт саналатын бокста жамбылдық былғары қолғап шеберлерінің нөмір бір екенін көз көрді. Әскерилер арасындағы әлем чемпионы, 52 келідегі Олжас Сәттібаев, 56 келінің серкесі Алмас Жақыповтар алтыннан алқа тақса, 69 келі салмақ дәрежесіндегі қос өреніміз Асланбек Шымбергенов пен Сағадат Рахманқұлов ақтық сында айқасып, алғашқысы алтынды, екіншісі күміс медальді иеленді. Ол аз десеңіз, Инчхонда өткен Азия ойындарындағы табысты қосыңыз. Каратэ-додан Гузалия Гафурова алтын алған алғашқы Алаш аруы ретінде тарихқа енді...
Иә, Инчхон татамиі де қазақ дзюдошылары үшін үлкен жеңістерді тарту етті. Әсіресе, 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз Елдос Сметов қарсыластарының бәрін айқын жеңіп, Азиаданы жеңген тұңғыш қазақ дзюдошысы ретінде тарихқа өз есімін алтын әріптермен жазды. «Талай адам маған күмәнмен қарады. Тіпті, менің спортшы ретінде шеберлігіме сенім артпайтындардың да қарасы байқала бастады. Мен солардың көкейіне ұялап алған сенімсіздікті сейілтіп, өзімнің шын мықты екенімді дәлелдегім келді» деді ол Азиададан кейінгі әсерімен бөлісіп. Қазақ дзюдошыларынан шыққан тұңғыш Азиада чемпионы Елдос Сметов бұдан кейін Инчхондағы додада командалық есепте күміс медальді иеленді. Ол бұл додада жапон үздігі Тори Шишиманы, ағымдағы жылғы әлем чемпионы Волдбаатар Ганбатты иппонға түсірді! Азиададан кейін өзіне деген сенімділігі артқан жамбылдық жампоз Астана төрінде өткен Гран-при жарысында олжа салды. Украиндық Денис Величенко, өзбек Бахром Иноеатов, ресейлік Дмитрий Куликов ақтық сында моңғол Амартушвин Дашдавааны айқын ұтты. Қатарынан қос жарыста оза шауып бәйге алған Елдос шын мәнінде үздік. Енді оның мақсаты – олимп шыңын бағындыру. Жылдың таңдаулы спортшысының бірі – Жасұлан Қыдырбаев. Ауыр атлетиканың әліппесін Алматы өңірінде таныған зілтемірші жігіт соңғы үш жылдың бедерінде Тараз топырағында шынығып жүр. «Тараз-Аренада» жарау аттай бапталып жүрген Жасұлан Қыдырбаев асқақ Алатаудың баурайында, әсем Алматы шаһарында өткен әлем біріншілігінде жүлде алады десең, сенетіндер аз еді. 94 келіде Илья Ильин орнын босатқан соң тек 2009 жылы Владимир Седов алтыннан алқа тақты демесеңіз, одан кейін алтын медальді көру мұңға айнала бастаған. Алматыдағы додада мамандар Владимир Седов алтынға таласатынын айтып қалды. Жұлқа көтеруде оған көзіміз де жете түскен. Седов әлемдік рекордты қайталап, 188 келіні ырқына көндірген соң Владимирдің жеңіске жететініне күмәніміз болмады. Жасұлан болса, 179 келі нәтижемен алғашқы жаттығуды түйіндеді. Екінші жаттығуда алтынға қол созу үшін Седовтан он келі ауыр зілтемірді бастан асыру керек. Владимир алғашқы мүміндігінде 215 келіні көтере алмады. Екінші рет беттегенде еңсерді. Үшінші мүмкіндігінде 219 келіні бойынан асырып, алтынға бір табан жақындай түсті. Енді оның алдын орайтын бір ғана спортшы бар. Ол кім? Жасұлан Қыдырбаев. Жүлдеге қол жеткізіп қойған жамбылдық оғлан Седовтан озу үшін 229 келіні көтеруі тиіс. Қыдырбаев әлгі салмаққа беттеді. Ильин секілді сом темірдің қасында ұзақ тұрмастан аспанға атты. Нәтижелі! Иә, ақ түйенің қарны жарылған күн деп осындайда айтылса керек. Екі жылға спорттан шеттетіліп, әлемдік доданың басталуына үш күн қалғанда ғана үміті оянған қазақ зілтеміршісі тарих жасады. Ол өзі қатысқан алғашқы әлемдік сында алтыннан алқа тақты! Талай ауыртпашылықты бастан өткерген жамбылдық оғланның тынымсыз еңбегі өз нәтижесін берді. Ол қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Алғаш рет қазақтың ұлы әлемдік сынды бағындырды. Жасұлан үздік! Енді ол осы жетістігін қайталап қана қоймай, олимпиада ойындарында да олжа салуды армандайды. Ол үшін тынымсыз еңбек керек. Өйткені Ресей спортшысы Александар Иванов бұл доданы сырттай тамашалады. Ол ендігі олимпиада менікі деп отырған көрінеді. Ал біз Жасұланға сенеміз!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді