Қазақтың қазымы
Өз басым ол, міне, осындай атауға әбден лайық деп ойлаймын. Өйткені, ол қазақтың түп-тарихын әріден тартып, танып-біліп, сурет пен мүсін «тілінде» сөйлетіп, талмай жырлаумен келеді ғой! Қазымның шығармашылығы дегенде... сақ, ғұн тарихы, Ұлы Жібек жолы бойындағы түйелі керуен, тастағы жазулар, балауыз шам, балбал тастар, көне Тараз көріністері бұлаңдап көз алдыңа келе қалары бар... Ал оның өмірі мен шығармашылығы халық музыкасымен тығыз байланыста жымдаса өрілумен келе жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазым Аманқосов сыршырай өнерінің танымал қайраткері ғана емес, оның талантының ауқымы мейлінше кең. Бала кезінде-ақ оны өнерге қатысты істің бәрі де қызықтырған екен. Бірінші кезекте терең сырлы һәм мұңлы ұлттық әуендерге, әсіресе, домбыра мен қобыз күйлеріне таңырқай құлақ түрген де жүрген. Ол кезде мұндай шекті аспаптарыңыз әр үйде дерлік болды ғой. Екі шекті, он екі пернелі домбыра шанағынан сауылдай төгілетін «тәтті күй» талдырмаш ұлды да сиқырлы әуенімен баурайтын еді.
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында домбыра шертіп, ән айту дегенің ауылды жерде «сәнге» айналды емес пе? – деп еске алады Қазым Бейсенұлы. – Менің ағам да студент кезінде дәстүрлі музыка өнерін насихаттаушылардың қатарында болды. Көп уақытын жыр-терме орындауды жаны сүйетін достары арасында өткізуші еді. Ол кезде мен 6-7 жастарда ғанамын, олардың «ықыласты тыңдармандарының» бірі болдым.
Иә, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ауылдың домбырашы жастарының мерекелік іс-шараларда өнер көрсеткенінің ол талай мәрте куәсі де болған. Ұлттық өнерге деген қызығушылықтан ғой бәрі де. Соңыра институт қабырғасында оқып жүргенінде Бексұлтан, Мақсат, Әбен деген сабақтан бос уақыттарында домбыра жасаумен айналысып жүрген шебер жігіттердің соңынан қалмай еріп жүріп, біраз нәрсе үйреніпті. Әлгі әріптестері мұның қолөнер кәсібіне бейімі барын байқап, бетінен қақпай, қолөнершілік кәсіпке баулып- ақ баққан екен. Ақыры, бұл өнер Қазымға да «қонып», жұқа тақтайларды сүргілеп, дайындауды, қалай иуді бір кісідей-ақ меңгеріп алады.
Сол тұста еліміз аумағында экономикалық дағдарыстың салдарынан жұмыссыздықтың белең алғаны белгілі. Іскер де ілкімді азаматтар жеке кәсіптерін ашты. Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде тәлімгерлік ететін Қазымның да сабақтан тыс уақыттарында мекемелер ғимараттары мен жеке пәтерлердің ішкі-сыртқы интерьерін жасап, бояп, безендіру жұмыстарымен айналысуына тура келген еді.
Алайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан былай қарай өздігінен қыл қобыз, домбыра жасап, ұлттық қолөнер кәсібі дамытылуына оның да өзіндік үлесін қосуға ниеті ауыпты да тұрыпты. Өзіне күндіз-түні маза бермеген осы ойының жүзеге асуы да қызық жағдайда өткен.
– Бірде көшеде келе жатып, жол жиегінде иесіз бос жатқан ағаш жәшікті көзім шалып қалды. Сауда-саттықпен айналысатындар тастап кеткен болуы керек. Оның біртегіс жұқа тақтайлары өзіме де ұнай кетті. Маған бұдан неге домбыра жасап алмасқа деген ой келді сонда, – деп жалғастырды әңгімесін сұхбаттасым.
Шынында да ол сол күні әлгі жәшікті үйіне әкеліп, тақтайларын босатып алып, өңдеуге бел шеше кірісіп те кеткен. Қажетті деңгейде иіп, белгілі бір қалыпқа келтіру үшін әлгі жұқа тақтайларды суға салып, одан кейін кептіруіне де тура келген. Арнайы құрғату қондырғысы болмағандықтан, үйішілік жылу жүйесінің батареясы пайдаланылыпты.
Бәрі де, міне, осы істен басталған екен. Оның бірден бірге машығы жетіліп, бұл бағытты училище білімгерлеріне арналған оқу бағдарламасына енгізуді де ойлай бастайды. Дес бергенде, училищеде оқитын ұлдардың ғана емес, қыздардың да арасынан осынау қолөнершілік кәсіпке қызығушылар күткендегіден анағұрлым көп болып шыққан!
Жас қолөнер шеберінің ұсынысы оқу орны басшылары тарапынан да қолдау тауыпты. Соның нәтижесінде көп өтпей осында «суретші- жаңғыртушы» мамандығы да ашылған екен. Кейіпкеріміз домбыра жасап қана қоймай, олардың үні, күмбірі күшейтілуі тұрғысында бірқатар экспериментке де барыпты. Саз аспабының бірі ұзын, бірі қысқа, бірі гитараға да ұқсаңқырайды. Қаншама түр, сипат телігенмен, біреуі де шебердің діттегеніндей болып шықпапты.
– Мен ұлттық аспабымыздың бірнеше түрін жасап көрдім. Өзім ойлағандай деңгейде «үн қатқан» бірі болмады, – дейді Қазымның өзі. – Сонда ғана барып, оның айтулы қолөнер шеберлері қолымен жасалған бастапқы нұсқасынан аса көп ауытқи қоймағанын, ауытқымайтынын да ұғынғандай болдым. Халық ішіндегі хас шеберлер бұл аспапты көп уақыттар бойы қырнап-жонып жетілдіріп, ұшырына да жеткізіп кетіпті!
Домбырамыз бір қарағанда киіз үйге де ұқсайды емес пе? Сондықтан да ол ұлы туынды деп санаймын.
Біздіңше де солай. Қадыр ақын айтатындай, «нағыз қазақ – домбыра екен» ғой! Қазымның бала жасынан домбырамен «достасуы» түп- тегін танып білуіне, түркі дүниесінің түп- астарына ізерлеп үңілуіне басты себепші де болған секілді. Домбырада, домбыра күйінде бәрі тұр еді... Оның осынау халық аспабының бір емес, төрт бірдей түрін жасау арқылы ұлттық өнерімізді бір адым болса да алға ілгерілетуге ден қойғаны жайдан емес-ау. Ол домбырада шебер ойнауды меңгермесе, ежелгі қазақтардың «Ортеке» биін жаңғырта алар ма еді...
Домбыра жасау ісінің кәнігі шебері Қазым Аманқосовтың бойында бірнеше өнер түрінің тоғысуы көне түркі дүниесіне еркін бойлап, қанатын кеңге жаюына да мүмкіндік бергендей. Оның сан қырлы шығармашылық еңбегінің қай- қайсысында болсын көп жылдар бойы жүрегіне ұялап, толғантумен келе жатқан дала мен домбыра образы әркезде де менмұндалаумен тұрады. Қазақтың осынау қос киесі оны жаңа жетістіктерге жігерлендіре де бермек.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші-живописші, мүсінші, қолөнер шебері Қазым Аманқо совтың өнер саласында еңбектеніп жүргеніне отыз жылдай уақыт болыпты. Оған қолөнершілік қабілет арғы атасынан қанмен келген-ау, сірәдағысы. Атасы Бейсен ауылдағы айтулы ағаш шебері-тұғын. Соғыс жылдарында атарба мен өгізарбаңыз колхоз, совхоздың барлық әжетіне жараған да еді ғой. Міне, сол арбаларыңыздың өзін де, әрісі күпшегін, дөңгелегін де қолдан жасап, бұзылса бір демде жөндеп бере қоятын, «қаны жерге тамбаған» қолы епсекті шеберіңіз осы Бейсен қария болған деседі білетіндер. Ол кісі Түркіменстан жағында туып-өсіп, бертінде Тараз жеріне қоныс аударып келген екен. Қазым 1965 жылы осы өңірде дүниеге көзін ашыпты.
– Менің әжемнің де аты қолөнер шебері ретінде ауыл-аймаққа танылған. Есік алдына өрмек құрып, алаша, сырмақ сыратын еді. Ол кісіні көзім көрді. Жеті жас шамасындағы кезім ғой. Әжеме қолқанаттыққа жарап та қалғанмын, – дейді қолөнер шеберінің өзі.
Мен Қазымды бағзы кездерден бері танимын. Шығармашылық тұрғыда көз алдымда өсті десем де болады. Оның жоғары оқу орнын бітірерде сыршырай (сурет) өнері бойынша дипломдық жұмысын Әулиеата өңірінің экологиясы тақырыбында қорғағанынан да хабардармын.
Бүгінде ол бойындағы барлық қабілет- қарымын сәтімен аша алған сан қырлы талант иесіне де айналып отыр. Айтпақшы, ол 1996 жылы жалғанның жарығына шығарған, домбыра күйіне қосылып, «Ортеке» биін билейтін ортекелер ше... Олардың мүсіндерін жасап, «билетіп» жүрген де басқа емес, Қазымның өзі болатын. Тоқсаныншы жылдары бұл ұлттық өнеріміздің ерекше жәдігер-құндылықтарының жаңғыртылуына қосылған қомақты үлестің бірі болды. Шағын ғана шанақта орғи билейтін «ортекелер» өнеріне қызығушылар көп болды сол тұста.
Егемендігіміздің елең алаңында ендігі жерде еліміз сөз жоқ, дамудың даңғыл жолына түседі, ұмытылып бара жатқан ұлтттық құндылықтарымызды қайта ортамызға оралтудың жақсы мүмкіндігі туады, осы іске өзіндік үлесімізді қоссақ деген ізгі ой, арман мақсат қай-қайсымыздың да көкірегімізде «оянып», бүр жарғаны ұмытылар ма! Қазымның да бойында осындай алғы күнге деген ұмтылыс пайда болған.
Ол 1990 жылы Жамбыл педагогикалық институтының көркем графикалық факультетін оқып бітіргеннен кейін қолөнершілік кәсіппен мықтап айналыса да бастайды. Ағаштан түрлі бұйымдар жасайды, яғни қу ағашты кәдеге жаратып, кәдімгідей мән, мазмұн теліп, «тірілтеді». Оның шебер қолынан ұзынырғасы 300-дей домбыра, 20-30-дай қыл қобыз, сондай-ақ бірқатар живопистік картиналар, ағаш мүсіндер туды. Ол сомдаған біраз дүние бүгінде Тараз қаласындағы бірқатар көрнекі орындардың әрін ашып, сәнін келтіріп тұрғанын жас та, кәрі де жақсы біледі.
Ол ұзақ жылдар бойы қазақтың ежелгі дәстүрлі өнерінің бір түрі – талай ғасырдан бері желісі үзілмей келе жатқан «Ортеке» музыкалық-қуыршақ жанрын жетілдіру ісімен де түптеп айналысқан-ды. Бұл еңбегі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне де енгізілген. Қазым – көптеген республикалық, халықаралық сурет көрмелерінің, симпозиумдарының қатысушысы. Қолынан шыққан тамаша картиналар, мүсіндер, музыкалық шекті ұлт аспаптары Франция, Испания, Германия, Біріккен Араб Эмираты, АҚШ елдерінің жеке коллекция-қорларында, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде сақтаулы тұр.
– Әнебір жылдары Отырарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде кішкентай ғана ортеке мүсіні табылғаны есімде. Осынау сирек жәдігерлікке кез болған ғалымдар бастапқыда оның не зат екенін ұғына қоймаған ғой. Соңыра зерттеу барысында оның домбыра ойнау мен жабайы жануар биін біріктіретін ойын- сауық жанры екенін, «билейтін қарақұйрық лағы» екенін анықтайды. Демек, бұл өнер түркілер арасында атамзаманнан бар болғаны ғой. Демек, ол – бұдан мың жыл бұрын болған, қазақтың ғана емес, түркі мәдениетінің де мәуелі жемісі. Ұмытылып кете жаздаған ұлттық өнеріміздің де бірі. Оны жаңаша жаңғыртып, ортамызға қайта оралтқым келді. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай «ортеке» биін де, ортеке мүсіндерін де бірнеше қайтара үстінен қарап, ұдайы жетілдірумен болдым. Бүгінде ең дұрыс – төртінші нұсқасы дүниеге келді...
Айта кетейік, Қ.Аманқосов осы еңбегі үшін 2003 жылы Алматы фестивалінің лауреаты атанған екен. «Ортеке» биін 2015 жылы Абу- Дабиге арабтарға да апарып көрсетіпті. Олар бұл биге әбден разы болған көрінеді. Өйтетіні, қарақұйрыққа, ортекеге қатысты аңыз оларда да бар болып шықты. Мұны былай қояйық, бірқатар қала, ауылдары да «газель» атауына ие.
Қазымның қолынан келмейтіні жоқ. Ол ер- тұрман да, ұлттық өрнекпен безендірілген шара, саптыаяқ, ожау да, басқасын да жасайды. Оның қолынан туған ақ барыс, аққу құс, алтын адам бейнелі мүсіндерді Тараз қаласының көрнекі демалыс орындарынан көптеп кездестіруге де болады.
Екеуміздің жиі болмаса да, оқта-текте кездесіп, мәдениет, өнер жөнінде ақтарыла әңгімелесетін кезіміз де жоқ емес. Бірер мәрте сапарлас та болдық. Қашанғы қарапайымдылығынан жазбайды-ау шіркінің. Төлеген Айбергенов ақынның «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің, ал сен мендегі сезімді көрсең шошыр едің» деп айтқанындай, оның қарапайымдығы қарабайырлығы емес, кеудесінде телегей-теңіз шығармашылық қуаты бұлықси буырқанумен жатыр. Шығармашылық жоспарлары да көп-ақ.
Оны, әсіресе, жаз айларында «ұстау» қиын-ақ. Түрлі деңгейдегі көрмелер мен симпозиумдардан, фестивальдерден, шығармашылық іс-шаралардан қолы босай қоймайды. Оның мұнысы өзінің шығармашылық шеберлігін жетілдіруден, жаңашылдыққа талмай ұмтылудан, жаһандық деңгейдегі жетістік- жаңалықтар жөнінде ұдайы құлақдар болып отырудан әсте танбайтындығын көрсетсе керек-ті.
Ол – «Қазақ өнерінің қайраткері», «Жамбыл облысының дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері. Сан қырлы талант иесінің қолынан 200-ден астам живопистік (сыршырай) жанрдағы тамаша туындылар туды.
Оның маған осы жуырда ғана «Ұлтымыздың айрықша елеулі кезеңдерін, ұлттық құндылықтарын күй тілінде, мүсін, сыршырай түрінде «сөйлеткен» өнер тарландары бізде де баршылық қой. Міне, солардың жарқын идеялары шабытымызды үстейді, қуатымызға қуат қосады, рухымызды асқақтата түседі десем, оның еш артықтығы жоқ. Кейінгі толқын өкілдері – біздің де солардай болғымыз, соларға ұқсағымыз, іргелі еңбектер жасағымыз келеді. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі мен әнші Қыдырәлі Болманов құрған «Үркер» тобының АҚШ-қа барып өнер көрсетуінен кейін айрықша әсерленіп, «Аққу домбыра», «Нағыз қазақ домбыра» символикалық бейнелерін жасап шыққаным бар... Мұны енді... мүсін өнеріндегі ұлттық болмысымызды, ерекшеліктерімізді танытатын жаңа ашылымдар, жақсы жәдігерліктеріміз дейсіз бе өзіңіз біліңіз. Мүсінші ретінде ұлттық өре, өрнегіміз менмұндалаумен тұратын композициялық туындыларды дүниеге әкелгім- ақ келеді. «Ғасырлар үні», «Шығыс әуені» аталатын скульптуралық туындыларым, міне, осындай ізденіс пен тынымсыз еңбектен туды деп батыл айта аламын. Жалпы, біздің әр күніміз ізденіске, еңбекке, шабытқа толы ғой!» деп ағынан жарылғаны бар.
Айтулы қылқаламшы, мүсінші, ағаштан түйін түйетін хас шебердің қолына қазақтың қара домбырасын алып, төгілте күй шертіп, арнайы тұғыр үстінде «ортекелерін» орғыта билетіп отырғанын көз алдыңызға келтіріңізші! Қандай ғажап үйлесім! Қазақы колорит. Өмірдің өзіндей болып, жымдаса өрілген біртұтас болмыс- бейне! Міне, осылай қазақ рухының, мәдени- тарихи мұра – жәдігерліктеріміздің, көне түркі дүниесіне тән тандем-ерекшеліктің мейлінше әспеттеліп, асқақтатылуына талмай қызмет етумен келеді ол! «Шашынан тырнағына дейін қазақ» – Қазақтың Қазымы, міне, осындай!
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист, жазушы.
Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді