Сағынар менің ауылым бар

Сағынар менің ауылым бар
ашық дереккөз
Сағынар менің ауылым бар
Соңғы кезде кіндік қаным тамған, соқпақтарында табанымның ізі қалған ауылымды, туған атамекенімді жиі сағынатын, тебіренетін, тіпті кейде аңсайтын болдым. Ата- бабаларымның, әке-шешемнің дауысы тұнып қалған, өмірімде ізі өшпес өрнек болып жатқан ауылым еш көкейімнен кетпейді. Жолдың қашықтығына қарамастан, уақыт тауып, мезгіл-мезгіл барып тұру бірте-бірте өмірлік әдетіме айналып бара жатқандай ма, қалай? Мүмкін оған басты себеп – өмірдің біраз өткелдерінен өтіп, ата жасына келгендігімнен болар. Әйтеуір, «Ауыл» десе жұдырықтай жүрегім лүп-лүп етіп сабырсызданып, тәтті сезімге, беймаза күйге енеді. Сірә, ол туған жердің тартылу күші болар деп ой түйемін. Бұл – Құдіреттің біз толық ұға бермейтін, сезіне білмейтін бір тылсым жұмбақ дүниесі болар. Қарт Қаратаудың алтын бесігі саналатын, тарихы терең Көсегенің Көкжоны мен үшін мына жарық дүниенің жұмағы, Мысыр шаһары. Ол сүйсіндіріп, жүрегіңді сыздатып өзіне магниттей тартады да тұрады. «Алмасаң, бермесең жат боласың» деген қазақта сөз бар. Ауылыңмен араласпасаң, балаларыңды ел азаматтарымен таныстырмасаң ертеңгі күн не болмақ?! ...Міне, аңсарым ауып тағы да туған ауылыма жол тартып келемін. Сарысу ауданының ең биік белі – Аққырқа асуына келіп бір сәт аялдадық. Осы биіктен көз жетер жерге дейін аймақ алақандағыдай көрінеді. Анау қазыналы жер қойнауын қопарып, өңдеп жатқан «Қазфосфат» ЖШС-нің кәсіпорындары мен карьерлері болса, анау бір қырат-дөңде «ЕвроХим» компаниясының ғимараттары көзге шалынады. Қаратау жотасын қуалай жел күшінен қуат алатын 40-50 зәулім электроқұрылымдар тау жотасымен бірнеше шақырымға шұбатылып, самал желге қалақтары шыр айналып, тіршіліктің хабаршысындай өңірге үн қосып тұр. Әнеу беткейдегі сарғайған көлемді егін даласында бірнеше комбайн астық оруда, одан арырақта Үшбас өзенінің оң беткейінде төрт түлік мал мамыражай жайылып жүр. Ал, биік асудағы Әшір Бүркітбаев ауылындағы (кезінде байлығымен, табысымен аты алысқа кеткен «Түркістан» тың совхозының орталығы) Мұхтар Әуезов атындағы мектептің әр жылдардағы түлектерінің атсалысуымен ашық аспан аясында архитектуралық сән беріп тұрған, жартылай ақшаңқан киіз үй ғимараты, «Қаратау қыраны» монументі мен тау жолбарысының көз тартар әдемі тас мүсіндері сүйсіндіреді. Топ болып табиғаттың долы мінезіне қасарысып, бой көтеріп келе жатқан жасыл желек те бұл асудағы жаздың ыстығына, қыстың қытымыр аязына, апталап соғатын қарлы боранына, қуаңшылыққа дес бермей желге тербетіліп, тамыр бойлап өсіп тұрғанына таңғаласың, бойыңа ерекше әсер аласың. Көз жетер жерде шағын үш тау шоқысының етегінде шоқжұлдыздай болып көрінген, жасыл желекке бөленген, мені өзіне тартып тұратын, сағындыратын алтын бесігім –Үшбас ауылы. Кеңестік дәуірде, өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдары осы өңірде 7 колхоз болса, кейін келе компартияның үндеуімен 1954 жылы олардың басы бір ұжымға қосылып, Андреевка қыстағы орталыққа айналып, «Түркістан» тың совхозы шаңырақ көтеріпті. Оған дейін Үшбас ауылы осы Көкжон өңірі шаруашылықтарының орталығы болған екен. Кейіннен «мәңгі бұзылмас Одақ» деп әнге қосқан ұлы мемлекет тоз-тоз болып тарап, әрқайсысы егеменді елге айналып, бұрынғы берекелі шаруашылықтар шамалы мезгілде-ақ көзден бұл-бұл ұшып, жоқ болды. Халық байлығы талапайға түсіп, жекеменшікке айналдырылды. Сөйтіп, әркім өз күнін өзі көретін жаңа заман туды. Біраз байлық пысықайлардың, биліктегілердің иелігіне өтіп, жұмғанның алақанында, тістегеннің аузында кеткені, ал өмірге бейімделмегендер жерсіз, жайылымсыз, малсыз қалғаны жасырын емес. Біздің аудандағы алдыңғы қатардағы айрандай ұйып отырған көпұлтты «Түркістан» ұжымшары да бір-екі жылда талан- таражға түсіп, жеке-жеке шағын агрокәсіптерге айналды. Тың игеру жылдары көшіп келіп, қоныстанған орыстар, украиндықтар, немістер, күрділер «тарихи Отанымызға кетеміз» деп пәленбай жылдар бойы мекен еткен ауылдарын, үйлерін тастап үдере көшті. Ал, қазақ қайда барсын? «Көппен көрген – ұлы той!» деп қоныстарынан жылжымай, жан сауғалап, үйреншікті мекенінде қала берді. Менің Үшбас ауылым да біраз өзгерістерге ұшырап, уақыт талабына көніп, бірте-бірте халық есін жиып алды. Бұйырған тіршілігін жасап, егін егіп, шөп шауып, мал жинап, бала-шағасын өсіріп, елден қалмай тиімді білім беріп, жан сақтап отырғандарына «тәубе!» дейді. – Ата-бабамыз аманат еткен, құт қонып, бақ ұйыған мекенімізді, кіндік қанымыз тамған, кәусар ауасын жұтып, мөлдір таза суына шөлімізді қандырған, бала кезімізден қозы қайырып, ат жалын тартып мініп, тай-құлындай тебісіп қатар өскен, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, араларымызға сызат түспеген құрбы-құрдастардан бөлініп қасиетті туған ауылымызды тастап қайда барамыз? Ықылым заманнан аталарымыз Қаратаудың осы Көкжон аймағын мекендеп, үй-жай тұрғызып, егін салып, мал өсірген. Бұл өңірдің тарихы терең, нешебір аңыздарға арқау болған киелі жер. Ауылымызда шағын мектеп, кітапхана қызмет етуде. Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа спорт алаңы кімді болмасын қызықтырады. Ауыл жастары, мектеп оқушылары сонда бір мезгіл доп ойнап, жаттығады. Тіпті, кейде аудандық спорт жарыстары осы алаңда өткізіледі. Аудан орталығы Жаңатас қаласы мен ауылымыздың арасы 20 шақырым, асфальт жол салынған. Ауылдық медициналық- фельдшерлік пункт ғимараты апатты жағдайда болғандықтан, жабылып қалған. Аудан басшыларының айтуынша, келесі жылы жаңа ФАП ғимараты салынбақ. Тағы бір жағымды жаңалық биыл ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбыры өткізілді. Бір ай көлемінде оның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл да мемлекетіміздің халыққа деген қамқорлығы. Ауыл тұрғындары татулығымен, бірлігімен ерекшеленеді. Соның арқасында ауылымызда 3-4 жыл бұрын мешіт ғимараты бой көтерді. Енді соның жанынан Құран оқытатын, ас беретін асхана салынуда. Біраз жылдардан бері Жаңатас қаласында жұмыс орындары ашылып, «Қазфосфат» және «ЕвроХим» компаниялары жұмыстарын жандандыра түсті. Қытайлықтар энергия өндіретін бірнеше ондаған жел генераторларын орнатуда, оның біразы іске қосылған. Олар өңірімізді қажетті электр қуатымен қамтамасыз етпек. Облысымызға іссапармен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірдің болашағына шолу жасап, тұрғындар таяу жылдары табиғи газбен қамтамасыз етілетінін, «ЕвроХим» компаниясы бір мезгілде 1200 адам жұмыс істейтін минералды тыңайтқыштар зауытын салуға кіріскенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Саудакентке жақын жердегі Сорбұлақ басына түрік ағайындар Орта Азияда ең үлкен сода өндіретін зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Ауыл жастары сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасып, еңбекпен қамтамасыз етіледі деген үміттеміз. Әйтеуір, ауыл жастары туған жерінен жеріп, басқа жаққа қоныс аударып кетпесе деген ой ғой бізде. Басқа өңірлердегі қаңырап бос қалған ауылдардың кейпін көріп, ауылымыз тозбаса екен деген ой жиі мазалайды. Не де болса ауылымызды сақтап қалу – басты міндетіміз. Ел тілегі осы, – дейді жергілікті мектеп мұғалімі Құрманғали Айтжанов. – Қазақтың бүгінгі күнгөрісі – егін салып, мал өсіру. Біздің өңірдің тұрғындары да егін шаруашылығымен айналысады. Мал өсіріп нәпақасын тауып отырғандар да бар. Кезінде ауыл-ауылдардан мал терілері мен жүндері жиналып, пайдаға асырылатын. Қазір олар ешкімге керек болмай қалды, рәсуә болып, тау-тау болып ауыл сыртындағы шұқырларда сасып-кеуіп жатыр. Жүн мен теріні халық игілігіне жаратпай жатқанымыз өкінішті. Неге теріден тігілген сыртқы киімдерді, аяқкиімдерді, терімен қапталған жиһаздарды басқа елдерден пәленбай қаржыға сатып аламыз? Неге соны жергілікті кәсіпкерлер көзін тауып өзімізде өңдеп-өндірмейді? Түсінбеймін... Сөз орайында айта кеткен жөн, мал жайылымы бар. Бірақ, сол жайылымдардың жағдайы да жыл санап нашарлап барады. Ауыл маңындағы жайылымдардың тозуы қатты байқалады. Әсіресе, мал басы көбейген сайын ауыл маңайы тозып, шаң басып, ауыл-аймақтың көркін жоюда. «Жайылымдар туралы» Заңның нормалары толықтай жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, шалғайдағы жайылымдарды пайдалануды ұйымдастыру мәселесі де толық шешімін таппай отыр. Үшбас өзені ертеректе ерте көктемде аттылы кісінің өзіне өткел бермейтін, қазір суы едәуір азайды. Оған да өз себебі бар шығар. Бірақ, билік иелері қолдаса өзенді буып, су қоймаларын жасауға, сөйтіп елді сумен қамтамасыз етуге болар еді. Кеңес заманында солай болды. Кейін тоған тозып, қараусыз қалды. Ауыл іргесіне бұрынғыдай бау-бақша егілмейтін болды. Сол өкінішті. Оған енді не амал бар?.. – дейді байырғы ауыл тұрғыны Ділдә Жанұзақұлы. –Егін шаруашылығымен айналысқанымызға көп жылдар болды. Біздің өңірде астықтың өнім беруі, шөптің шүйгін шығуы ауа райына көп байланысты. Қар мен жауын, ылғал мол түскен жылы әжептәуір өнім аламыз, қамбамыз дәнге толады. Ал, биылғыдай жауынсыз, қуаңшылық жылдары біразымыз егін себуге жұмсаған қаржымызды қайтара алмай қиналамыз. Расын айтуымыз керек, уақыт өткен сайын жер тозып барады. Кеңес заманындағыдай егінге керекті фосфор, селитра және де басқа тыңайтқыштар алуға мүмкіншілігіміз шамалы. Бидай тұқымы да нашарлап бара жатыр. Өйткені, оны мезгіл- мезгіл ауыстыруға, тиімді жаңа сорттарын сатып алуға қол қысқа. Техникаларымыз да тозып барады. Сол проблемаларды шешу үшін бүгіндері жеке-жеке әупірімдеп тіршілік етіп жатқан шағын шаруа қожалықтардың басын қосып, қолда бар техниканы бір жерге жинап, қуатты агрофирмаларға айналдырсақ орынды болар еді. Сонда береке орнап, тірлігіміз алға басады. Бұл ұсынысымды қолдайтындар арамыздан табылады. Тағы бір айта кететін жай, ауылда біраз үйленбеген бойдақ жастар бар. Әке-шешелерімен бір үйде тұрады. Үйленейін десе, үй жоқ. Егер мемлекет қолдаса, субсидия немесе төменгі пайызбен несие берсе солар бір-бір үй болып, түтіндерін түтетіп кетер еді. Мектепке келетін балалар саны әжептәуір өсіп, ауылымызға жаңа толқын қосылар еді. Егер ауылды көркейтіп, берекелі мекенге айналдырғымыз келсе, жастарды еңбекке баулып, оларға тиісті жағдай жасап, бағдарлама бойынша үй салып, барынша қолдағанымыз жөн. Қазақ ауылсыз қалай тіршілік етеді? Осыны ойлап қатты толғанамын, – деп ой түйеді ауыл тұрғыны Айдар Зеберұлы. – Мен осы өңірде дүниеге келіп, өсіп, жоғары білім алған азаматтардың бірімін. Мамандығым – инженер- құрылысшы. Ұзақ жылдар Жаңатас қаласының құрылысында еңбек еттім. 90-шы жылдары Таразға қоныс аудардым. Нәпақа табу үшін Алматы, Шымкент шаһарларында, Созақ ауданында құрылыс саласында еңбек еттім. Бірақ, қайда жүрсем де ауылымнан қол үзбей, ағайындармен араласып, барып-келіп жүремін. Өйткені, мұнда ата-бабамның сүйегі жатыр. Хакім Абай «Өлген мола, туған жер жібермейді» демеп пе еді? Ауыл проблемаларын бір кісідей білемін. Мына біздің Көсегенің Көкжоны мал өсіруге өте қолайлы аймақ. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, табын-табын сиыр өсіріп жатқан, істің көзін тапқан ағайындар баршылық. Кейде солардың ауыр еңбегін көріп, неге сүт фермаларын, бордақы байлау кешендерін өңірде дамытпайды деген ойлар келеді. Олардың өнімдерін Жаңатас қаласының тұрғындарына өткеруге болады. Біраз жылдардан бері ауыл тұрғындары мақсары егіп, мол өнім алып жүр. Бірақ оның пайдасын оңтүстіктік өзбек ағайындар көруде. Ерте көктемнен келісімшартқа отырып, арзан бағаға мұртын бұзбай өздеріне тасып алып кетуде. Олай болса, неге сол пайданы өзіміз көрмейміз? Өсімдік майын шығаратын шағын цех ашуға мүмкіншілік бар ғой. Кезінде иісі аңқыған дәмді нан пісіретін наубайхана да болды. Иә, ұсыныс жасау жеңіл шығар, бірақ ойланатын істер жоқ емес, – дейді Сейітпек Үнипаұлы. – Ұзақ жылдар Жаңатас қаласындағы мектептерде ұстаз болып қызмет еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Жаңатаста тұрамын. Ауылға, туған жерге деген көңілім ерекше. Бір тал шыбық қадасам да елге, туған атамекеніме пайдам тисе екен деп жүремін. Бала кезімде көрдік, көктем шыға Үшбас өзенін байлап, шағын су қоймасын жасап, канал мен арықтарды қолмен қазып, ауылға мол су шығаратын. Жаз бойы ауыл көшелерінде үзілмей сылдырап су ағып жататын. Әр үйдің ауласында алма, өрік, шие, шабдалы жайқалып өсіп тұратын. Ауыл төңірегіне жүгері, картоп, қызанақ, қауын-қарбыз өсірілетін. Жаз бойы ауылдың бала- шағалары мен әйелдері сол бау-бақшада еңбек етіп, табыс табатын. Қазіргідей картоп пен қызанақты, қияр мен қауын- қарбызды қаланың базарынан тасымай, өз ауласында өсіретін. Ауылдың дәл ортасында көрікті алма бағы болды. Одан жиналған алманы шаруашылықтың асханасына, артылып жатса Жаңатас қаласына жөнелтілетін. Тіпті, дала қостарындағы механизаторларға үлестіріліп, оларға сусын ретінде компот дайындалатын. Сыртта жүрген қойшылардың балалары да тәтті алманың дәмін тататын. Қазір барлығы басқаша. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі малмен айналысып, бау- бақшаға бұрынғыдай көңіл бөлмейтін болды. Анау бір кездері көзтартар алмабақтағы ағаштар қартайып, кеуіп, біразы сынып, құлап жатыр. Ауыл тұрғындарында енжарлық, жалқаулық, бойкүйездік басым болып бара жатқаны ойландырады. Мысалы, бүгіндері әр үйде кем дегенде 5-6 жылқы бар, соларды байлап, сауып, қымыз өндіруді мүлдем ұмытқан. Ерте кезде ауылға қымыз ішуге арнайы атбасын бұратындар аз болмайтын. Месте ысталған, сапалы сапырылған, тамсана ішетін бал татыған дәмді сары қымыз әр үйде болатын. Ал, қазір бәрі басқаша... Өткен жылы өзен жағасындағы көп жылдар бос жатқан жерді темір тормен қоршап, қияр, қызанақ, картоп, қауын-қарбыз ектім. Жердің құнарлығы соншама, картоп та, қауын-қарбыз да, қызанақ пен қияр да мол өнім берді, қарық болып қалдық. Тіпті, игере алмай, алған өнімдерді көршілерге, жақындарыма үлестіріп бердім. Биыл да сол тірлігімді жалғастырудамын. Істің көзін тапсаң әлі де жерден көп пайда болатынына көзім жетті. Кейде қаладағы үйде төрт қабырғаға қамалып жатқанша, ауылға кері оралып, үй салып, ауылымның дамуына үлес қоссам, мәртебесін көтерсем деген ой келеді, – деп аяқтады өз сөзін құрдасым Дулат Өтешұлы. Міне, ашық пікірлесіп, ой бөліскен, ағынан жарылып әңгіме айтқан ауыл тұрғындарының көкейде жүрген өмірлік мәселелері. Әрине, әр саналы пенде туған елін, жерін құрметтейді, сыйлайды, оның дамығанын, гүлденгенін көргісі келеді. Ол заңды да. Рас, ауылдың қазіргі ахуалы туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауларында ауыл мәселесіне ерекше тоқталып, әркез көңіл аударып келеді. Біраз қаулылар, бағдарламалар қабылданды. Кейбір облыстардағы болашағы жоқ делініп, мүлдем тарап кеткен ауылдарды теледидардан көріп, ауыл жастарының келешегін ойлап жүрегің сыздайды. Халықтың табысын арттыру мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Біздің өңірде не істелді, жалпы алғанда ауыл тұрғындары бұл жобадан не пайда көріп отыр? Ауылдың ертеңі не болады? ...Көп жылдардан бері қалыптасқан дәстүр бойынша Аққырқа асуында бірер сәтке көлігімізді тежедік. Боз жусанның кермек иісі мұрынымызды қытықтайды. Көк аспанда жеп-жеңіл қауырсын ақұлпа бұлттар қалықтап барады. Дала симфониясының басты иесі – бозторғайлардың тынымсыз шырылдаған құлаққа жағымды үні мына тұнық әлемді әсем әнге бөлеп тұр. Қаратаудың қатпарлы қыратына көз салсам, сонау көз ұшында естен кетпес балалық бал дәуренім өткен, кір жуып, ат жалын ұстап өсіп, ержеткен туған ауылым мұнарланып көрінеді. Кезінде 1955 жылдың жаймашуақ жазында заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов осы өңірге арнайы келіп, тың игерушілердің тіршілігімен етене танысып, шабыттанып, «Түркістан солай туған» атты көркем очеркін жазып, өңірдің тыныс-тіршілігі мен табиғатын әдемі суреттеген. Алдымызда кербез қыздай түрленіп, керіліп жатқан, сағым ойнаған ел бесігі – туған ауылым артта қалып барады. Өмірдің әр сәтінен ләззат алудың өзі керемет екен ғой! Мына, мың құбылған құйтырқы, алмағайып заманда елім-жерім деп туған өңірін қастерлеген, өздері мекен еткен ауылды қалай сақтап қаламыз, қалай гүлдендіреміз, елдің жағдайын қалай жақсартамыз деп ой-санасына салмақ салып жүрген жерлестерімнің жан-дүниелерін толғандырып жүрген әңгімелері, орынды, ойлы сұрақтары, жанды өтініштері санамды қытықтайды. Кеудемде қимастық сезім ойнайды. Жүрегім аласұрып, «Сағынар менің ауылым бар!» деп құшағымды керіп, бүкіл жаһанға айқайлағым келеді. Біле білсек, туған жерге деген махаббат, аяулы сезім қанша жыл өтпесін еш ескірмейтін, жүректің бір түкпірінде әрдайым түлеп, ұшқындап жататын ерекше жұмбақ, тылсым, сырлы, көңілге ыстық дүние екен. Лайым, алтын бесігіміз, қазақтың исі аңқыған, ата-бабаларымыздың салт- дәстүрі мен рухани бейнесі сақталған ауыл тозбасын.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры, Сарысу ауданының және Жамбыл облысының

Құрметті азаматы.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар