Фатима Ғабитова ұстаздық еткен мектеп

Фатима Ғабитова ұстаздық еткен мектеп
ашық дереккөз
Фатима Ғабитова ұстаздық еткен мектеп
Адамзаттың құндылығы – қай кезде де білім. Қазақ даласындағы оқу-ағарту тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Орта ғасырлардың өзінде-ақ көптеген мектептер мен медреселер, білім беретін дала мектептері болды. Осылайша, ең алғашқы қазақ мектебі Әулиеата жерінде Ұлы Жібек жолының бойындағы қасиетті Меркі жерінде де бой көтерді. Ол білім ошағы қазіргі таңда №18 жалпы білім беретін тірек мектебі деп аталады. Көненің көзіндей болған білім ошағының тарихи тамыры тереңде жатыр. 1930 жылы қазақ-өзбек мектебі болып ашылып, 3 қазақ, 3 өзбек қызы киіз үйде оқып білім алған. Бұл қыздарға татар молда мұғалім Рашид Нигматулин сабақ берген. Бұлар алғашында арабша оқып, кейін қазақша төте жазумен оқыған. Қазақ қызы Марал бес оқушыны оқытқан. Тарихқа көз жүгіртсек, 1930 жылғы қыз- келіншектер мектебіне 1936 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы мектепті әкеліп қосып, жеті жылдық мектеп болып ашылды. Білім ошағына алғаш 6 оқушы қабылданып, 1946 жылы алғашқы түлектері қияға қанат қақты. Сонау отты жылдарда бұл мектептің директоры қызметін Маусымбай Жүнісов, Зікірия Оспанбекова абыройлы атқарды. Ұлы суреткер, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жары Фатима Ғабитова – осы мектепте соғыс жылдарында ұстаздық етті. Фатима Ғабитова 1942-1947 жылдары киелі Меркі жерінде қызмет атқарып жүргенде осы өңірде дүниеге келген ұлы Мұрат Әуезов: «Менің туған жерім – Жамбыл облысының Меркі ауданы. Бұл – қасиетті мекен, есейген кезде өз туған жерімнің Орта Азияның тарихында орны ерекше екендігіне көзім жетті», – деп есіне алады. Осындай біртуар адамның біз атап отырған қарашаңырақ мектепте еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуі үлкен мақтаныш. 1946 жылғы алғашқы түлектер Тоқтаған Мырзабаев, Мадина Зарипова, Сәруар Абрахманова, Айніш Аубәкірова, Таубаев Нәрезім, Тайжанов Кәжікен мектеп партасында Фатима Ғабитова сияқты ұлы ұстаздан тәлім алған. Аталған мектепке әр жылдары Әбдірахым Қадышев, Тоқтахан Мырзабай, Сырғабай Нарматов және бірқатар ізбасаралары басшылық жасаған. Қазіргі таңда мектепті білікті маман Бауыржан Бектұрғанов абыройлы басқарып келеді. Білім ошағында 915 оқушы болса, оларға 121 мұғалім сапалы білім, ұлағатты тәрбие беруде. Бұл мектепте озат ұстаздар аз емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Венера Билібаева, бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Мұсәділова – өз ісінің шеберлері. Ұлағатты ұстаз Әлия Батырбекованың да білім ошағына сіңіріп жүрген еңбегі ерен. Ұлағатты ұстаз Жазира Рахметілдаева облыстық авторлық бағдарлама байқауының ІІІ орын жүлдегері атанса, оқушысы Айдана Бейсенбай аудандық «Ақберен» өнер байқауының жеңімпазы. Бұл мектепте әртүрлі бағытта жүлдеге жетіп жүрген оқушылар аз емес. Атап айтқанда, Ұлжан Салыбаева облыстық атаулы Қанипа Бітібаева атындағы олимпиаданың ІІІ орын жүлдегері. Спорт пен өнерде, түрлі байқауларда жеңіске жетіп жүрген шәкірттер бар. «Біздің білім ошағы аудандағы көне мектептің бірі. Тағылымды тарихын оқушыларға үлгі етіп айтып отырамыз. Осында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жары Фатима Ғабитова апайдың сабақ бергенін мақтан тұтамыз. Білім алуда, спорт пен өнерде жетістікке жеткен шәкірттерді үнемі марапаттап, ынталандырудан жалыққан емеспіз. Мұнда білімді де білікті ұстаздар көп. Алдағы уақытта да мектебіміз орасан табыстарға жетуді көздейді», – дейді аталған мектеп директоры Бауыржан Бектұрғанов.  

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар