«Шеше» мен «ананың» айырмашылығы неде?

«Шеше» мен «ананың» айырмашылығы неде?
ашық дереккөз
«Шеше» мен «ананың» айырмашылығы неде?
Қазақта «Әке-шеше» деп қосарланып айтылатын құрметті атау бар. Бұл атау дүниеге сәби әкелген ерлі- зайыпты адамдарға беріледі. Ілгеріде бабаларымыз анасын «шеше», әкесін «әке» деп атағаны белгілі. Барлық ақын, жазушылардың шығармаларында да солай деп аталады. Мысалы, күй атасы Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол» деген атақты күйі бар. «Шеше» сөзінің мағынасы қазіргі кейбір имамдардың айтуынша, расымен жаман болса, күйші күйінің атауын бұлай қоймас еді. Сөз қадірін терең түсінген данышпан бабаларымыз бүгінгі молдалардың қасында ақымақ па? Әлде, «Шеше, сен бақыттысың, жыламағын» деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өз анасының қадірін «шеше» сөзімен төмендеткісі келді ме? «Тауық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әр маман өз ісімен айналысқаны абзал. Имам жастарды имандылыққа тәрбиелеп, тіл мәселесін тілдің мамандары көтергені абзалырақ. Жақында «шеше» деген сөз әлеуметтік желіде дау тудырғаны біразымызға аян. Бұл сөзге шүйліккен танымал бір молда көпшілікке күтпеген жаңалық ашқандай уағыз айтты. Оның сөзінше, «шеше» жай ғана бір балағатта қолданылатын сөз екен. Баласын балалар үйіне тастап кететін тасбауыр жандарға, баланы туып, оны бағып, өсіруден бас тартатын әйелге теліп айтылуы тиіс- мыс. «Молда айтты, имам ұйғарды, ұстаз солай деді» деп бұл әңгімеге сеніп кететіндер де аз емес. Тарихта талқыланып көрмеген тақырыпты түйеден түскендей етіп, уағызына қосты. Оны тыңдаған халық пікірі екі тарапқа бөлінді. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген мақалдың мәні ауысқан секілді. Олардың ісін қайдам, сөзі тура болмай тұр. Бәлкім, «дұрыс айттым» деп ойлаған шығар. Бірақ, тіл мәселесін өз «ұстасына» қалдырып, өз саласын-ақ айта бергені дұрыс деп ойлаймын. Онсыз да тілімізді түзей алмай жүргенде төбемізден жай түсіргендей болған бұл әңгімеге бейжай қарап қалуға болмайды. Себебі, бүгінгі аумалы-төкпелі кезеңде жүрген жастар дін маманының тіл туралы айтқан уағызына сеніп, «шеше» сөзін қолданыстан шығармасына кім кепіл? «Ана» мен «шеше» сөзіне талдау жасап, жаңсақ пікір айтқан молданың сөзі әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мәселеге қатысты: «Әрине, ол азаматтың айтқан сөзі жеке өзінің ойы болар. Бірақ, біз шеше мен ананы қадір тұтқан, қасиет тұтқан жандармыз. Оны кеңінен насихаттап келе жатырмыз. Бір адамның пікірі ол мүфтияттың пікірі емес. Сондықтан, осыны айқын біліп алуымыз керек. Әкеге, анаға қатысты көптеген уағыздарымызды айтып келе жатырмыз. Қазақтың кез келген құндылығын қасиетті деп санаймыз. «Шеше-ана» деген сөз бір ұғым. Бәрімізді дүниеге әкелген ең ардақты адам», – дейді. Әлеуметтік желіде бір қоғам белсендісі: «Шеше» деген киелі сөз. Қазақта мақал бар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген. «Шеше» – «шешен» деген түбір сөзден келіп шығады. Шешен деген кім? Ділмар, сөзгер, сөзуар, шебер деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, «шеше» сөзінің мағынасы өте тереңде жатыр. Мына ұстаздың айтып жүргеніндей арзан сөз емес», – дейді. Біраздан бері қызу талқыға түскен бұл мәселе көптің көкейін кернеді. Қасиетті сөздің қадірін кетіргендерге қай қазақтың болса да қаны тулайтыны анық. Оның ішінде, әсіресе сөз мәртебесін терең түсінетін, тіл жанашырлары да бар. Осыған орай, тіл жанашырларының бірі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова да өз ойын білдірді. – Біз «шеше» деген сөздің дәрежесін төмендетіп, оның мағынасын талдаған емеспіз. Өзім тіл жанашыры әрі маманы ретінде бұл атауды құрмет тұтамын. Түбірін қайдам, түпкі мағынасы «ана» деген сөзбен ұғымдас. Екеуі де бір мағынаны береді. Бәріміз де бала кезден анамызды «шеше» деп өстік. Тек бүгінгі қолданыста «ана» сөзі көп айтылады. Ана мен шеше сөзін бөліп- жарудың қажеті жоқ. Екеуі де өмірге ұрпақ әкелуші, аяулы жандардың ардақты есімі,– дейді профессор. Ілгеріде бір ауылдың молдасы көшеде келе жатса жолдың жиегіндегі батпақта маскүнем лайда аунап жатыр екен. Молдекең: «Мына жатысың не? Сені көрген жастар қандай үлгі алады?», – депті. Әлгі маскүнем «Молдеке, бұл батпақта жатқаным бірінші рет емес, менің осы кейпіме елдің көзі үйренген. Қазір ешкім мән бермейді. Бірақ байқамай, абайсызда сен жатып қалма. Артыңнан ерген жастардың бәрі батпаққа батады», – деген екен.  

Ұқсас жаңалықтар