«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қазақтың анасы – табиғат, атасы –этнография»

«Қазақтың анасы – табиғат, атасы –этнография»
ашық дереккөз
«Қазақтың анасы – табиғат, атасы –этнография»
Қазақ халқы ежелден ұшы-қиыры жоқ кең даланы мекен етіп келеді. Көне замандардан бері ұлтпен бірге жасасып келе жатқан ұлы құндылықтар да ұлттық мұра. Құсбегілік те халқымыздың ежелден келе жатқан өнері. Сол құсбегілікті әлі күнге жалғап, жанына серік етіп жүрген патриот қазақтар өңірімізде саусақпен санарлық қана. Солардың алдыңғы сапында танымал құсбегі Жапар Сатылғанов тұрады. Жапар ақсақалдың бір ерекшелігі, құсбегілігінен бөлек қаламгерлік қасиеті бар. Қазақтың құсбегілік өнері жайлы бірқатар ғылыми ізденістегі кітаптар жазған. Жас күнінде өлең жазған қасиеті және бар. Қазіргі таңда облыстық «Ұлы шаңырақ» деген газет ашып, басқарып отыр. Жақында Жапар Сатылғанов 70 жастың белесіне шықты. Осыған орай, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, белгілі құсбегі Жапар Сатылғановпен сұхбаттасқан едік. – Сіз құсбегілік, саятшылық өнерден бөлек қазақтың тарихын да зерттеп, зерделеп жүрсіз. Басты құндылығымыз неде деп ойлайсыз? – Қазақ – қасиетті де текті халық. Тарихымыз сонау ежелгі дәуірде, тереңнің тереңінде жатыр. Кезінде Сталин: «Кіші ұлттардың этнографиясын зерттемеу керек», деп пәрмен берді. Себебі, ол өзге ұлттармен қатар, қазақтың терең тарихының қай жақта жатқанын білді. Сондықтан, зерттеткен жоқ. Ал, мен халқымыздың ұлттық құндылықтарына біраз жылдан бері көңіл аударып келемін. Біздің басты құндылығымыз – табиғат. Қазақтың анасы – табиғат, атасы – этнография. Мен табиғатпен сырласуды Наушагүл анамнан үйрендім. Ақ қалпақ біздікі деп қырғыз бауырлар айтып жүр. Негізі, ақ қалпақ – қазақтікі. Бірақ, қазақтар киген қалпақтың ернеуі жырылмаған. Қазақтың қалпағы киіз үйге немесе киіз үйдің шаңырағына ұқсайды. Қазақтың қалпағы шаңырағың бүтін болсын деген мағынаны білдіреді. Ал, қырғыз ағайындардың қалпағының жырығы бар. Айыр қалпақты ағайын деп жатады. Негізі, ол қырғыздың «Айыл» деген сөзінен шыққан. Айналып келгенде қазақтың ақ тақиясында да қасиет бар. Сондықтан, біздің құндылығымыз – этнография. Біздің Таразда Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық инновациялық институт бар ғой. Сол университеттен этнография кафедрасы ашылып, жас ұрпаққа осы құндылықты терең үйретсе деген тілегім бар. Әйтпесе, жас ұрпақ этнографияның не екенін білмейді. Ал, бұлай кете беруге болмайды. – Сізді өңір халқы құсбегі ретінде таниды. Қазақтың құсбегілік өнерін дамыту үшін қандай қадам жасауымыз қажет? – Әуелі құс бегілікке келу жолымды айта кетейін. Атам Сатылған, әкем Тілеужан барлығы да ит жүгіртіп, құс салған кісілер. Яғни, құсбегілікті ата кәсібім десем де артық айтпаймын. Кеңес Одағының кезінде құсбегілердің ұйымын құрып, ұйымның белсенді жұмысы Гиннес рекордтар кітабына енді. Бірақ, ол кезде де құсбегілікке қарсы әрекеттер болып тұрды. Кеңес Одағы кезінде құсбегілік дінге жақын нәрсе деп бағаланып, қуғынға түсті. Атамыз ұстанған құсбегілікті ұстап қалу оңайға түскен жоқ. Сонда да қылыштың жүзінде жүріп, талай шаруа тындырдық. «Тастүлек» атты фильм түсірілді. Оның барлығы – тарих. Ал, енді құсбегілікті дамыту туралы сұрағаныңыз орынды. Біздің халықта өзге халықта жоқ салт бар. Ол – қазақтың серілік салты. Мәселен, Ақан сері өзі құс салды, өзі ақын болды, ат баптап, тазы жүгіртті. Серілік десе көз алдымызға ойын-күлкі, сауық-сайран келеді. Олай емес, қазақ серілерінің жауапкершілігі де жоғары болған. Қазіргі таңда қазақ халқында құсбегілік жолды дамыту үшін осындай жауапкершілік, осындай жан-жақтылық керек. Әйтпесе, құс салу өнері өзге елдерде де дамып жатыр. Бір ғана құс салу өнерімен ешкімді таңдандыра алмайсың. Бұл сөзім – уақыт көрсетіп отырған шындық. Онан соң, көп жағдай қаржы мәселесіне тіреледі. Қалай болғанда да бабаларымыздың қайталанбас өнері құсбегілікті алға қарай ілгерілету – ендігі ұрпақтың міндеті. – Сіздің қасиетті аң-киікті көбейту жолында тер төккеніңізді білеміз. Қазір осы аяғы жүйрік жануарға қатысты көп әңгіме айтылуда. Сіз не дейсіз? – Киік – қасиетті аң. Оны беталды жоя беруге болмайды. Тәуелсіздік алған жылдары да киіктер саны біраз кеміп кетті. Сол кезде Біріккен Ұлттар ұйымының «Жабайы табиғат» қорымен бірігіп, жергілікті жерде біраз киіктердің сақталуы жолында тер төктік. Біз киіктерді көбейтеміз деп еңбек еттік. Мен сол жылдары «Андасай» қорығының директоры едім. Ал, қазір батыс облыстарда киіктерді сыйғыза алмай жатыр. Диқандар біздің егінімізді киіктер таптап кетті деп дабыл қағуда. Оларға біз: «Сол киіктерді біз жаққа өткізіп жіберіңіздер. Бетпақдала мен Сарыарқаға 20 миллион киік сыяды» деп сәлем айтып жатырмыз. Шын мәнінде даланың сәні киікті көбейіп кетті деп кесірлі сөз айтуға болмайды. Біздің жақта мекен ететін киіктер бар. Ол киіктер Оралдағы киікке қарағанда сүйегі ірі, бойшаң болып келеді. Екі жақтағы киіктерді будандастырса, жаңа түрі шығады деп ойлаймын. – Қаламгерлігіңіз де бір төбе. Қазіргі таңда қандай туынды жазып жүрсіз? – Негізгі кәсібім басқа болғанымен, түрлі тақырыпта қалам тербеп тұратыным бар. Қазіргі таңда үлкенді- кішілі 11 кітабым жарық көрді. Оның көпшілігі құсбегілік өнерге, табиғаттың тылсым сырларына қатысты еңбектер. Атап айтқанда, «Талбесік», «Ұлағат», «Табиғат – менің тағдырым», «Марғау ана- Сары бәйбіше», «Наркескен», «Сары бәйбіше», «Серке батыр», «Үш асыл ана» және басқа да кітаптарым жарық көрді. Үш асыл ана Сары бәйбіше, Зеріп ана, Домалақ анаға арналған. Қасиетті үш анамызға деген менің перзенттік құрметім. Қазақ даласында орыс поселкесін салдырмаған Серке батыр туралы кітап жазғаныма көңілім толады. Бұл да кейінгі ұрпақтарға қалдырған тамшыдай еңбегім деп білемін. – Өмірдегі ерекше ұстанымдарыңыз қандай? – Үш нәрсе туралы ерекше айтқым келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазақ азаматына жан-жақты болу аса қажет. Сонда құсбегілікті де жоғары деңгейге жеткізе аламыз. Екінші айтарым, табиғатта байланыстан тыс жатқан нәрсе жоқ. Бәрі бір-бірімен байланысты. Мәселен, қойды жей береді екен деп қасқырды жойып тастасақ, оның да зардабы болады. Мәселен, қазір түлкі азайып кетті деп естіп жатырмын. Ол да көңілімізді алаңдатады. Себебі, түлкі оба сияқты қатерлі ауруларды тудыратын тышқанды жейді. Енді түлкі азайса, аталған тышқан түрлері көбеюі мүмкін. Ол – қауіпті. Көрдіңіз бе? Табиғатпен қалай үндесіп кеткенбіз. Үшінші айтарым, біз қай кезде де ата-баба жолынан ажырамауымыз керек. Дінімізде тәңіршілік бағыт пайда болды. Оны ұстанушылар «Бабаларымыз отқа, суға, бұтқа тәңір деп табынған», дейді. Айналайын-ау, беріректе Ислам діні келді. Алланың қалауымен Құран түсіріліп, сол ислам жолымен келе жатырмыз. Осы жолды біздің ата-бабамыз ұстанды. Біздің де ұстайтын жолымыз осы. Бізді жолдан тайдыратын салафиттер де пайда болды. Олар мешітте үгіт жүргізіп жатыр. Оларға алданбауымыз керек. Алдансақ, жолымыз болмайды. – Газет ашып, жұмысына белсене араласып келесіз. Негізі, басылым ашудағы мақсатыңыз қандай? – Газетті ашқан кісі пайдаға кенелемін деп ашпауы керек. Газет шығып тұрса – рухани байлық. «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп облыстық «Ұлы шаңырақ» газетін ашып, шығарып отырмын. Бұл газеттің де өз бағыты, ұстанған жолы бар. Ол жол – достық пен ұлағаттың жолы. Біздің мемлекетте өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет жоғары. Ұлт өкілдері арасындағы достық, татулық басты назарда. Айналып келгенде бәріміз – бір шаңырақпыз. «Ұлы шаңырақ» газеті, міне, сол үлкен шаңырақты насихаттайтын басылым. Бір жағынан ақсақалдық жасқа жақындағанда халықтар достығына қызмет ету – өнегелі іс деп бағаладым. – Мойынқұм ауданының Құрметті азаматысыз. Сіз үшін атақ алудың маңызы бар ма? – Кісінің абыройын атағы емес, адамшылығы мен атқарған адал еңбегі көтереді. Сондықтан, атақ дегеннің соңына түскен емеспін. Бірақ, өзімді Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы болуға лайықтымын деп есептеймін. Мойынқұмда елу жыл тұрдым, табиғатты қорғау саласында еңбек еттім. Негізгі туып-өскен ауылым Шу ауданы, Абай ауылы. Ол жақта ата-бабамыздың қабірі жатыр. Мәскеуде табиғатты қорғау саласына қатысты мамандық алған соң, Мойынқұм ауданында ұзақ жыл орман шаруашылығында еңбек еттім. Жалпы, мен өз мамандығыңның майталманы болу үшін арнайы білім алу маңызды деп есептемеймін. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жоғары диплом алмай-ақ, барша қазаққа өнегелі сөзін айтып, билігін жүргізді. Адамның асыл қасиеттері, адалдығы жоғары бағаланса деймін. – Отбасыңыз жайлы айтсаңыз... – Жұбайым Тілеукүл 40 жыл бойы есепші болып еңбек етті. Төрт перзент тәрбиелеп өсірдік. Барлығы өмірден өз орындарын тапты. Үлкен ұлымыз Серікхан Мойынқұм аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Қарағанды қаласында тұратын Қаршыға психолог болып істейді. Саятхан журналистика мамандығын таңдады. Қазіргі таңда қалалық «Zambyl-Taraz» газетінің бас редакторы, республикалық «Айқын» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі. Ал, кенжеміз Саматтың «Тұғыр» атты сайты бар. Бәрі де отбасылы. Балдан тәтті немерелердің қызығын көріп отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар