ШУ МЕН ТАЛАС АРАСЫНДА

ШУ МЕН ТАЛАС АРАСЫНДА
ашық дереккөз
ШУ МЕН ТАЛАС АРАСЫНДА

Әуелі орман- тоғайды сөз етсек...

Ойық ауылынан Мойынқұмның жал-жал құмдарынан асып түсіп, Шуды бетке алып барамыз. Баяғы сіңірлі сексеуілдер сирексіп-ақ қалған екен. Көк сіңірлі теріскен, бездері бедірейген боз жусан мен иірлі изен, ақбасты бидай тұқымдас еркек шөп баяғыдай сыңсып тұрған жоқ, пәс. Неге бұлай? 9Ойымды Ақкөл орман және өсімдік, аң шаруашылығын қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры Ақынбек Бектай тап басып сезгендей. – Ілгеріде осы уақытта Жиекқұмды малшылар жайлайтын. Қазір көп отар мал болмаса да Мойынқұмның жал-жалын қыстайтын шаруалар бар. Тек біздің орман қорығын 100-ден аса шаруа қожалықтары қыстап шығады, – деп қалды. – Ал енді, жал-жал құмның бойында сексеуіл неге сирек деп ойлап отырған боларсың. Мен басымды изедім. – Ана жылы бір қаскүнемнің кесірінен бе, жоқ әлде газдан ба, білмейміз құм ішін қалың өрт алды, – деп әңгімеге бас орманшы Лесбек Жаншораев араласты. – Өрт шалған алқапты жаңғыртып, сонау құм жиегінен ауылға қарай сексеуіл егіп жатқан жайымыз бар. Әр жерден тарбиып, тарбиып көрінген сексеуіл шоғыры. Мекеме басшысының айтуына қарағанда құм сексеуілінің 100-ге тарта түрі бар. Соның ішінде көк сексеуілдің құм көшкініне қарсылығы күшті әрі қуатты отын. Бірақ Кеңес Одағы кезінде көмір тасуға ерінген колхоз-совхоздың малшылары, тұрғылықты жұрты, оны бір таусылмайтын өсімдік көріп, трактордың тіркемесіне тросс тіркеп, түбінен қопарып, тұқымын құрта жаздаған. – Елбасына, Үкіметке рахмет, – дейді Ақаң. – 2018 жылға дейін құмның сексеуіл, жүзген, теріскенін отын ретінде пайдалануға мораторий жариялағалы бері, сексеуіл ес жиып келеді. Мекеме жұмысшы-қызметкерлері жаз, күз құм аралап сексеуілдің тұқымын жинап, оны орман қорының алқаптарына егіп келеді. Биыл Шомбы маңына 1500 гектар алқапқа сексеуіл тұқымы егілген. – Байқап отырған шығарсыз, – деді мекеме директоры. – Көп жылғы тәжірибемнен аңғарғаным сексеуіл де ауырады. Тіпті, түбінен сабағына дейін кеміретін үйірлі тышқан да, сары шұнақ та сексеуілдің жауы. Әсіресе, Аманкелді кеніші жұмыс істегелі бері экологиялық ахуал күрделілене түскенін де жасырмады. Оны ауылдан 74 шақырым жердегі құм ішіндегі «Аманкелді» қалашығының тұсынан өтіп бара жатқанда айқын байқадық. Қалашықтың төңірегіндегі шоқ-шоқ төбелердегі сексеуілдер саусақпен санарлықтай сиреп қалған. Жалпы, Ақкөл орман шаруашылығына қарасты 607 мың гектар жер қоры бар. Оның 25 мың гектары таулы аймақта. Қалғаны Мойынқұм мен Талас, Аса бойларының өсімдік нуы қалыңдау өскен аймақтарында. Шаруа қожалықтары егелері Мойынқұм, Аса, Талас бойындағы жайылымдықтарды пайдаланғаны үшін жерге бір жылға ақы төлейтіндіктеріне қынжылулы еді. Мекеме басшысы бұған былай деп жауап берді. – Мысалы, сіз Мойынқұм не Талас, Аса өзендерінің бойындағы жайылымдықтарды алты-жеті ай жайылымдық ретінде пайдаландыңыз делік. Малыңызды әкеткен соң, өсімдік көктеп бірден өспейді ғой. Жайылымдықта екпе шөп жоқ, көбінесе маусымдық, бір жылдық өсімдік өсетінін ескерсек, онда келісім-шарттың бір жылға жасалатыны айтпаса да түсінікті. Шаруагерлерді толғандыратын тағы бір сауал. Жер қорын сақтау мақсатында көп жердің орман қорының қарауына өткені белгілі. Бұған айтылатын уәж төмендегідей. – Иә, шұрайлы алқаптың дені орман шаруашылығына өтіп кеткені рас. Бірақ оның пайдалы жақтары да бар. Шаруалар жердің құнын біле бастады. Әрі жайылымдықты қалай болса солай пайдалануға болмайтынын да түйсінді. Шу және Талас бойындағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізіле қойған жоқ. Көмір құны жылдан-жылға қымбаттап, 6-8 ай бойы қыстық отын жағатын халықтың қалтасын жұқартуда. Қызыл жыңғыл мен қарашеңгелдің де, тіпті, баялыштың да қарасы жылдан-жылға азая түсуде. Сексеуілге – мораторий. Рұқсатсыз сексеуіл отағандар қолға түсіп, алды сотталып кеткен. Бұл дұрыс. Бірақ, сол сексеуілдің шірігін отын ретінде неге пайдаланбасқа, дейді жұртшылық. Орынды сауал. – Шірік сексеуіл, тағы басқа отынға жататын өсімдіктерді пайдалануға шектеу жоқ. Оған рұқсатты тек орман шаруашылығы мекемесі ғана береді. Ақынбек Бектай сол тәртіппен Мойынқұмда арнаулы бригаданың шіріген сексеуілді дайындайтынын жеткізді.

Ауылдар көшпейтін болған...

Ұланбел ауылы – Мойынқұм ауданына қарайды. Шу өзенінің иіріміне жақын. Бір кездері мыңдап мал өсіріп, балық аулап, құс атқан ауылдың ендігі күн көрісінің түрі – әшекейлі тас деп аталатын қызыл тастар. Ауласын қызыл таспен қалап қоршаған үйлер жеткілікті-ақ. Сол қызыл тасты жан-жаққа сатып, күн көрісін ажыратып отырған отбасылар жеткілікті. Ең қуанарлығы Ұланбелге дейінгі асфальт жол жөнделіп, ауылдан сыртқа көш тоқтаған. Естуімізше мыңдап мал айдаған шаруагерлер шыға бастапты. Мақұл-ақ. Ары қарай асфальт жолмен жүріп келеміз. Сарысу ауданының Жайлаукөл деп аталатын ауылына дейін 45 шақырымдық жолдың тозығы жеткені жүрген кезде білініп-ақ қалады. Атақты композитор, өнертанушы Илья Жақановтың: «Кетпейді-ау, дариға-ай, Жайлаукөл кештері», – деп әнге қосатын ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайы туралы облыстық «Ақ жол» газетінде сараптамалық мақалалар жазылғанынан оқырман хабардар шығар. – Ауылымыздың әлеуетін тілшілер дұрыс жазып көрсетті, – дейді ауылдық округтің бас маманы Бораш Әубәкіров облыстық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектаймен сайлаушыларының кездесу жиналысында сөз алып. – Құдайға шүкір, көш тоқтады. Халықтың тұрмыс жағдайы жыл санап жақсара түсуде. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек айына Қамқалы ауылдық округіне қарасты үш ауылдың халқы мен ауданның мекеме басшыларын ерте келіп, көшпелі қоғамдық қабылдау өткізуді жұмыс тәртібіне айналдырған. Соның нәтижесінде үш ауыл болашағы жоқ ауылдар ретінде жойыла жаздаған шақта, жолын тауып Үкіметке дейін шығып, талай есікті қағып жүріп, орта әлеуметтік даму жолындағы ауылдардың қатарына жатқыздырған. Асыра сілтеу құрбаны бола жаздаған үш елді мекеннің халқы сол тұста үдере көшіп, көз алдында орнын сипап қалатын мекендерге айнала жаздапты. Содан бері Елбасының, Үкіметтің ауылды қайта құрылымдау жөніндегі бағдарламасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын қайта жаңғыртуға бетбұрыс жасаған. Сонда 2 миллион 76 мың 582 гектар аумақты алып жатқан Қамқалы ауылдық округіндегі үш ауылдың отын өшіргенде, асты-үсті байлыққа толы бұл өңірді кім игеріп, даланы кім малға толтырмақ? Кім тасын дайындап, қай кәсіпкер тұз өндірісін дамытпақ? Әр шаруашылық Кеңес өкіметі кезінде 40-45 мың бас ірі қара өсіріп, Шу бойының балығы мен аң-құсына иелік еткен... Содан шаруашылықтар тарап, 14600 бас қой-ешкісі, 1252 бас мүйізді ірі қарасы, 409 бас жылқысы, 96 бас түйесі мен 1100 бас құсы ғана қалған. Біз әңгіме еткен Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақты қосқанда 1200-дей ғана адам тұрады. Соншама ұлан-ғайыр аумақта жалғыз «Ақжар-А» шаруа қожалығының ғана бар екендігі таңқалдырады. Рас, Шығанақта үш тұз цехы жұмыс істеп тұр. Экономикалық белсенді халқы 460 адамды құрайтын ауыл үшін бұл аз ба, көп пе? – Болашағы жоқ ауылдар деген атышулы кезеңде бұл үш елді мекеннен айырылып қала жаздағанымыз рас, – дейді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағынбек Бегеев. – Соңғы жылдары облыс, аудан басшыларының ықпалымен бұл ауылдарға көзқарас түбегейлі өзгерді. Оның ең бастысы Кеңес өкіметінің тұсында салынған әрқайсысы 420 оқушыға арналған үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, ол жұмыс келер жылы басталмақ. Мысалы С.Сейфуллин атындағы мектепке 163 миллион, Тоқтар Әубәкіров атындағы мектепке 123 миллион теңге қаражат қарастырылған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Жайлаукөлге Итекедегі 12 шақырым жерден ауыз су жеткізілмекші. Әр ауылда медициналық пункт, кітапхана жұмыс істейді. – Ауылда бір ғана шаруа қожалығы бар екен. Бұл жеке кәсіпкерліктің бел алмай тұрғанын көрсетеді, – дейді депутат Ақынбек Бектай. – Жер жетеді, Үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдау үшін бағдарламалар жасап, мал ұстауға, кәсіппен айналысуға жеңілдетілген сыйақымен беріп жатқан несиелері көп. Соны неге пайдаланбасқа? Мәлім болғандай аудан орталығына, Жаңатасқа барып, шаруа қожалықтарын ашуға, құжат дайындауға мұндағылардың көбі құлықсыз көрінеді. Құжаттарын дайындауға көп уақытымыз кетеді, дейді. Дейтұрғанмен бірен-саран кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктер кепілдігін жаратпай несие беруден бас тартып жататындары да белгілі болды. «Алма піс, аузыма түс» дейтін кез бе? Сірә да бұл мәселенің де түйіні шешілер деген үміт жоқ емес. – Жағдайымыз жаман емес, әр отбасы бақуаттанып келеді, – деді Қамқалы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбаев Мархабат. – Қатар жатқан үш ауыл үлкен жолдың бойында орналасқан. Көрдіңіздер, жолымыз нашар. Сосын осы үш ауылдың ортасынан ұялы телефонға немесе цифрлы телефонға мұнара орнатып берсе дейміз. Жан-жақпен хабарласып, ұсақ-түйек мәселелерді телефонмен-ақ шешіп алар едік. Шу бойындағылар асфальт жолды тегіннен-тегін әңгіме етіп отырған жоқ. Арысы Астанадан басталатын күре жол Мойынқұм мен Ұланбелді кесіп өтіп, Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақ арқылы Созақ ауданының аумағынан бір-ақ шығып, Түркістан қаласына не болмаса Қызылорда облысына жеткізетін стратегиялық маңызы бар күре жол болып шықты. Осы жолмен жүргенде жолаушылар, иә жүк тасушылар Шу, Тараз қалаларына соқпай, тікелей Қызылордаға жететін мүмкіндігі бар екендігін білдік. Былайша айтқанда, ұзына жол екі есеге жуық қысқаратын болып шықты. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасындағы көліктік логистиканы дамыту турасындағы идеясына сай келіп-ақ тұр. Егер ұзын жол бойы асфальттала қалса онда оның маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайы одан сайын жақсара түсетіні анық. Жол бойына кішігірім бекеттер салынып, сервистік орталықтар ашылып, асханалар соғылып, тіпті жолаушылар аялдайтын қонақ үйлер де бой көтеруі анық қой. Демек, қаншама адам жұмыспен қамтылады десеңізші. Отын мәселесін айтсақ, оның да реті келіп-ақ тұр. Таяқ тастам жердегі Аманкелді газ кенішінің құбырын Шу бойына қарай бұрса жетіп жатыр. Шулықтар бұл қамқорлықтан да дәмелі. Әзірше орман шаруашылығы мекемесінің рұқсатымен сексеуілдің шіріктерін тегін пайдаланып отырған жағдайлары бар. – Енді, – дейді Сағынбек Бегеев, – ауылдағы фельдшерлік пунктке жедел жәрдем мәшинесі керек болып тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының назарына осы тілекті жеткізсеңіз екен, – деп депутатқа өтінішін жеткізді. Қысқасы, елді мекендердегі халық көшпейтін болды. Жақсы жаңалық елдің еңсесін көтерді. Мал өсіреміз, санын көбейтеміз, кәсіпкерлікті дамытамыз, деп тілек білдірушілер аз емес. Сапар кезінде елді мекендерге цифрлық телефон орталығын орнатудың жақсы хабары да жетті.

Судың да сұрауы бар...

Алыс Шу бойынан Мойынқұмды көктей өтіп, жал-жал құмдарды аралап, төменгі Талас бойындағы ауылдарға беттеп келеміз. Құм ішінде сексеуілдер сиреген. Ұшқан құс, жүгірген аң кездеспейді. Бұйрат-бұйрат өсімдікті құм жоталарын артқа тастап жазық далаға шыққанда ең алғашқы кезіккен елді мекендер кіші және үлкен Қамқалы, Шағалалы және Досбол ауылы деп аталады. Кезінде осы төңіректі егіншілікке үйреткен кісінің есімімен аталады бұл ауыл. Талас және Аса өзендерінің төменгі сағасына орналасқан бұл елді мекендердің халқының ең өзекті мәселесі ағын су екендігі аян. Оның үстіне бар суды «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы пайдаланып отыр деген қауесетті де естігенбіз. Депутаттың өзі осы сауалға берер жауабын жұптап келгені анық. Онысын жол бойы бізден жасырған жоқ. Ауылға жетісімен Талас өзенінің Көкдалаға бұрылар сағасын арнайы барып, көзімен көруі де содан. Арнадан судың ізі де көрінбейді. 2005 жылы өз алдына шаңырақ көтерген Досбол ауылдық округінің жер көлемі 65272 гектарды құрайды. Үш елді мекенді қосқанда 616 адам есепте тұр. Осыншама халыққа бір орта, бір негізгі, бір бастауыш мектеп, үш фельдшерлік пункт, үш кітапхана, бір клуб, бір учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Шағала ауылындағы жаңадан соғылған мектептің әсемдігінде шек жоқ. Кешегі Кеңес дәуірінде де мұндай мектеп соғылған емес, деп шағалалықтар мойындап отыр. Ауылда екі адам әрең сиятын медпункті бар екен, соның орнына жаңа жобадағы үй салынса деген тілектерін жеткізді. Айтып отырса құжаттары дайын, тек қолға алуды күтіп тұрған сыңайлы. Дегенмен, округтің әкімшілік орталығындағы Досбол орта мектебінің апатты жағдайда екендігінен депутат хабардар болып шықты. Жобалық-сметалық құжаттары дайын мектеп құрылысының кешеуілдеуіне досболдықтар алаңдаулы. Бір кездері бұл елді мекендер де болашағы жоқ ауылдар қатарына енгізіле жаздап, Тоғызкент ауылынан мектеп интернаты соғылып, бар баланы сонда оқыту ниеті болған екен, әбүйір болғанда ол жоспар жүзеге аспай қалыпты. Халықтың жанайқайларына құлақ асқан облыс және аудан басшылары мәселенің оң шешімін табуына ықпал еткендеріне мұндағылар дән риза. Мектептер жабылса бұл өңірлерде елді мекендердің ізі ғана қалар еді, дейтіндіктері де сондықтан. Сайлаушылармен кездескенде ә дегенде-ақ ағын су мәселесінің көтерілуі заңды. Досбол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебек Алтынбеков пен Тоғызкент ауылының тұрғыны Жансерік Майыров Талас және Аса өзендерінің суларының жетімсіздігінен құдықтардың суы тартылып, шабындықтардың шөбі сұйылып бара жатқандығын ашына айтты. Шу, Талас бассейні инспекциясы басшысының қолы қойылған жауап хатында ағымдағы жылдың 24 қазанынан бастап секундына 19,4 текше метр су жіберіле бастайтыны сөз болған. Алайда ол су діттеген жерге жетпей қалған. Өйткені ағын судың дені жолай кенезесі кепкен жерлерге сіңіп, жеткенше «желкесі үзілген сыңайлы». Оған депутаттың Досбол тұсындағы өзеннің арнасына тамшы су түспегенін көрген соң көзі жетіп отыр. Депутат Ақынбек Бектай сайлаушыларына Талас, Аса өзендерінің қазіргі жай-күйін тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуына қарағанда үстіміздегі жылы Қырғыздың Киров су қоймасына 38,51 миллион, Терісащыбұлақ су қоймасына 17,25 миллион текше метр су ғана жиналған. Ол қажетті суымыздың жартысын да қамтамасыз ете алмайды. – Оған қоса, су қоймаларынан ағатын судың денінің «қызығын» Жамбыл ауданы халқы көріп жатыр. Осы жағдайларды зерттеп, анықтап білген соң су шаруашылығымен айналысатын бес мекеменің есігін қағып жүріп, Ақмола су қоймасын салдырып, оған 50-60 миллион текше метр жинатқызып, Талас, Сарысу аудандарына жыл он екі ай су берудің жобасын Үкіметке дейін шығарғаным рас. Бірақ оның жүзеге асатынына менің де күмәнім бар. Судың барлығын «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы пайдаланып отыр деген бос сөз. Екі жыл болды аталмыш шаруа қожалығы небәрі 80 гектарға қауын-қарбыз егеді. Ал оған қыруар судың қажеті жоқ екендігін дихандар біледі. Қайта менің бастамаммен «Бөрібай» каналы арқылы Талас өзенінен Аса өзеніне секундына 4-5 текше метр су жіберілуде, – дейді ол. Депутат су пайдалануды реттеу үшін осы аймақтағы өзен арналарына гидроқұрылғылар орнатылып, судың қорын жасауды ұсынды. Мың рет естігеннен, бір рет судың жағдайын депутатының аузынан естіген сарысулықтар суды тиімді пайдалану үшін Үшарал ауылының тұсындағы Жарма каналының және «Акведок» шаруашылықаралық каналдарының құрылысын жедел аяқтауды ұсынды. Әрине оның барлығына қыруар қаражат керегі анық. Бәлкім бұл жұмысты облыстық мәндегі су шаруашылығы мекемелері мемлекеттік деңгейге көтеріп шешуі керек шығар. Әйтпесе, өз күнін өздері әрең көріп отырған майда шаруа қожалықтары мен су шаруашылығы кооперативтері пәлендей іс тындырады деуге келмейді. Сайлаушылармен кездесу жиналысында серіктестік жетекшісі Қ. Әбдімәліков 120 мың гектар жердің игерілмей жатқандығын жеткізді. Шаруашылықта небәрі мыңға тарта ғана мал бар, егістік жердің өзін тау жотасынан жалға алып, егін егетін көрінеді. «Қасқалдақтың қанына» айналған ағын су мәселесі Игілік, Жаңаталап ауылдарының да бас ауруына айналғаны қашан. Ауыл әкімдерінің ұйымдастыруымен Ынталы су қоймасының суы тиімді пайдаланылып жатқан көрінеді. Дегенмен де егістік алқаптарының бірқалыпты еместігінен, арық-атыздардың, каналдардың тазартылмауынан, лотоктардың бүлінуінен су ысырабы бар екен. Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов «Игілік» ауылындағы егістік алқабының агротехникалық талапқа сай болуынан-ақ егістен мол өнім алып отырғандығын тілге тиек етті. Сондықтан, – деді ол, – су қоймасын мемлекеттік мекемеге өткізіп, арналарды, лотоктарды қалпына келтіруге әрекет жасап жатырмыз. Ауылдарда өткен кездесулерде ауыз су мәселесі де көтерілді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағымбек Бегеевтің айтуына қарағанда «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Әбілда, Тоғызкент, Игілік ауылдарына ауыз су жеткізудің жолдары қарастырылған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: облыстық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектай бұл өңірлердегі ең өзекті мәселе – Талас, Аса өзендерінің суын шалғай жатқан аудандарға жеткізудің әлі де болса шешімін таппай отырғанына көзі жетіп қайтты. Ол сайлаушылармен кездесулеріндегі айтылған тілектерді тиісті ұйымдарға, мекемелерге жеткізуге уәде берді. Сайлаушылар болса депутатының өздерінің жағдайын білуге келгендігіне ризашылықтарын білдірді. Қалай дегенде де өзен жағалағанның өзегі талмайды десек, өзен суларымызға еге болайық.

 

11Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Талас, Сарысу аудандары.

Ұқсас жаңалықтар