«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жапониядан жеткен жақсылық

Жапониядан жеткен жақсылық
ашық дереккөз
Жапониядан жеткен жақсылық

Шулықтардың дертіне шипа болмақ

Мемлекетіміз медицина саласының жұмыс жүйесін жақсартып, мүмкіндіктерін молайтуға барынша күш салып, шаруамыздың нәтижелі болуы үшін барынша жағдай туғызып отырғаны аян. Заманауи үлгідегі жаңа аурухана, емханалардың көптеп салынуы соның айшықты бір көрінісі. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай оң нышан Шу ауданында да байқалуда. Мәселен, соңғы үш жылда жаңа үлгідегі 150 төсектік аудандық орталық аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 10 келушіге арналған медициналық пункт іске қосылды. Ал Шу қалалық ауруханасына жуырда шағын аралдардан тұратын архипелаг мемлекет саналатын Жапония елінен жағымды хабар жетіп, сол мемлекеттің қолдауымен қажетті медициналық құрылғыларға қол жеткізілді. Бұл біздің сала мамандарына қосымша күш пен жігер береді. Жапон үкіметі даму мақсатындағы ресми көмек аясында дамушы елдердің түрлі қажеттіліктерін өтеуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырып келеді екен. Осы бағытта ұзақ жылдардан бері, анығырақ айтқанда, 1998 жылдан бастап аталмыш бағдарлама бойынша біздің елімізде 67 шағын жоба іске асырылыпты. Әрине, аз жұмыс емес екені анық. Ал өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында Жапон елшілігінен тағы бір гранттың алынуына дайындық жұмыстары жүргізіледі. Конкурс жарияланып, нәтижесінде еліміз бойынша 32 мекеменің ішінен 3 мекеме ауқымды грантты жеңіп алды. Олардың санатында Шу ауданы да бар екенін қуанышпен айта аламыз. Иә, Шу қалалық ауруханасы 105 517 АҚШ доллары көлеміндегі грантты еншіледі. Осылайша, биылғы жылдың 17 наурызында Жапон елшілігінде елші Масайоши Камохарамен ресми түрде «Шөп тамырлары» бағдарламасы аясындағы грантты қабылдау бойынша келісімге қол қойылды. Берілген қайтарымсыз көмек қаражатына бүгінде науқастарды емдеуге арналған заманауи медициналық 11 құрылғы сатып алынып, қалалық аурухананың жұмысы бұрынғыдан да ілгері басып, жандана түсті. Team модельді Sonicaid сериясының КТГ тіркеуіне арналған толық мониторы, MISUNO MOT операциялық үстелі, BSM-3562 модельді кардиомонитор, ЭКГ және АД Валента тәуліктік мониторлық кешені, «Ангиодон-ЭХО» бас миы құрылымының эхо-дыбыстар жүйесін түсіруге арналған талдау құрылғысы және басқа да заманауи аппараттар қазір науқастарға ем көрсетуге үлкен көмек болуда. Мұның бәрі замананың жаңа жаршысы, үлкен жетістігі екені айқын. Жуырда Жапон елшісі Масайоши Камохара біздің Шу өңіріне арнайы келіп, аталмыш аппараттардың жұмысын өз көзімен көріп қайтты. Ол ауруханамыздың дәрігерлерімен кездесіп, алдағы уақыттарда да елімізге мұндай әлеуметтік көмектердің көрсетіле беретіндігін жеткізді. Ал өткен аптада біз аппараттар қызметінің нәтиже көрсеткішін Жапонияға жібердік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Сейсенғали Ақпаев, Шу қалалық ауруханасының бас дәрігері.

Ұқсас жаңалықтар