Құрылыс нысандары дер кезінде аяқталуы тиіс

Құрылыс нысандары дер кезінде аяқталуы тиіс
ашық дереккөз
Құрылыс нысандары дер кезінде аяқталуы тиіс
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келеді. Жоба ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар міндеттерді шешуді көздейді. Атап айтар болсақ, әлеуметтік салада білім, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарының, коммуналдық шаруашылық саласында сумен, жылумен, газбен және электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын, қайта жаңғыртуды және күрделі жөндеуді, көлік инфрақұрылымы саласында ауылішілік көшелерді жарықтандыру және орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды көздейді. Осыған орай, биыл жоба аясында облыстағы 98 елді мекенде 301 жобаны іске асыруға 15,7 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржы есебінен 56 нысан құрылысы, 8 күрделі жөндеу, 237 орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, 920 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғалы бері өткен жылға дейін 137 ауылда 32,8 миллиард теңгеге 474 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде, төрт мектепке және бір емханаға жапсарлас ғимарат, 28 спорттық-сауықтыру кешені, 15 денсаулық сақтау, 15 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, екі әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғыртудан өткен. Олардың ішінде құрылысы жылдан-жылға өтпелі нысандар да бар көрінеді. Сонымен бірге екі газға қосу, төрт су құбырын жаңғырту, 15 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары іске асырылған. Одан бөлек, 35 білім беру, 15 денсаулық сақтау, 23 мәдениет және 7 спорт нысандары күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ, 283 жоба аясында 510,1 шақырым жол қалпына келтірілсе, 23 көше жарықтандырылып, 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өткізілген. Мұнымен қоса 3,5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылған. Облыста тоғыз айдың қорытындысы бойынша, жоба бойынша қолға алынған 159 іс толығымен аяқталған. Атап айтсақ, Жамбыл, Қордай аудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Байзақ ауданында екі денсаулық сақтау нысанының, Меркі, Қордай аудандарында үш мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігі үшін пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Меркі ауданында дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, 194 шақырым ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 149 жоба іске асырылған. Нәтижесінде, 95 тұрақты және 575 уақытша жұмыс орны ашылған. Кеңес барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жыл соңына дейін аяқталмау қаупі бар құрылыс нысандарына ерекше назар аударып, жауаптылардың жұмысын сынға алды. «Біздің негізгі мақсатымыз – нысанды дер кезінде тұрғындардың игілігіне беру. Ал, мұндай олқылыққа жол беріп отырған мердігерлермен жұмысты дұрыс үйлестіре білу керек. Жыл соңында аяқталады деген құрылыс нысандары жыл соңында аяқталуы тиіс. Қолға алған іске аса жауапкершілікпен қарағандарыңыз дұрыс», – деді Ербол Шырақпайұлы. Сондай-ақ, өңір басшысы аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшыларының есептерін тыңдап, жауапты басқармалар өз жұмыстарын тиісті деңгейде орындауы қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар