Бақ қонған Бақбергеновтер
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – БАРЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ. ҚАЗАҚ БІР ЖАҚСЫНЫ КӨРСЕ, ТЕГІНЕ ТАРТЫП ТУҒАН ДЕЙДІ. ӘУЛЕТІНЕН ТҰНЫҚ ТӘРБИЕ КӨРГЕН ҰРПАҚ ТЕГІНЕ ТАРТПАЙ, ӨЗ БАБАЛАРЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ІСІНЕН ТАҒЫЛЫМ АЛМАЙ ТЫНБАЙДЫ. ОНДАЙ ҰРПАҚТЫҢ ЖАНЫ ҚАШАНДА ЖАҚСЫЛЫҚҚА ҚҰШТАР БОЛАДЫ. ОСЫНДАЙ ӘР КҮНІ БЕРЕКЕГЕ ТОЛЫ ӘУЛЕТТІҢ БІРІ – БАҚБЕРГЕНОВТЕР ӘУЛЕТІ. Бұл әулет жайлы сөз қозғау үшін арғы аталары Жұмабек ақсақалды айналып өте алмаймыз. Жұмабек өз заманында бай болған, мырза атанған кісі болған деседі. Оның көкпаршы ретінде де аты шыққан. Серке орнына тананы бұйым көрмей тарта беретін алапат күштің иесі болып та замандастарының есінде қалған. Жомарттығына келсек, қорасындағы жалғыз малын да сыйлап жіберсе өкінбейтін кісі болыпты. Оның немере туысы – Жаңабай. Жаңабай қазіргі таңда қазақ журналистикасының абыз ардагері атанған Баттал Жаңабайұлының әкесі. Жұмабек пен Жаңабай туыстығынан бөлек, дос болған. Бұл әулеттен тараған ұрпақтар ақындық, суретшілік қасиетке ерекше ие. Сол қасиеттерімен ерекше.
Жұмабектің жайылған даңқы солай болса, көршілес отырған Темірбай деген байдың атағы да алысқа жайылыпты. Темірбай да өзі бай, өзі көкпаршы адам болған екен. Бір жолы Жұмабек пен Темірбай тананы көкпар қылып тартып, күш сынасады. Екеуі ұзақ уақыт тартысып, бірін-бірі ала алмапты. Сол жерде достықтары нығайып, бір-біріне құда болуға бекінеді. Осылайша, Жұмабектің ұлы Бақберген мен Темірбайдың қызы Балақыз ата-ананың батасымен жас отауға айналады.
Сол Бақберген Жұмабекұлы Таластың қазіргі Қызыләуіт ауылында әуелі механизатор, бригадир болып қызмет атқарған. Алғашқылардың қатарында Қызыләуітте жақсы үй салған. Жары Балақыз екеуі 13 перзентті өмірге әкеліп, жақсы тәрбие берген. Әттең, тура келген ажалға не шара бар? Жұмысқа жауапты, отбасына қамқор Бақберген 47 жасында өмірден озыпты.
Осылайша, барлық салмақ Балақыз әжеге түседі. Етінің тірілігі, сабырлылығының арқасында 13 баланы тегіс жеткізіп, оң мен солын танытты. Кешегі ақ шатырдай жасаулы үйде еркелеп отырған байдың қызына кеңшардың қара жұмысын істеуге тура келеді. Балақыз бәріне көнді, шыдады. Қой қырқында да жүрді, шөпке де шықты. Егістікке де қолқабыс берді. Аянып қалмады. Бойында ақындық қасиеті де бар. 96 жасқа келген әжеміз қазір де тың. Барған кісіні сөзге тартып, ойынан өлең шығарып жіберетін қасиеті бар. Осы жасында ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің есімдерін шатаспай, түгел айтып беріп отыр. «Сонда сендер қағазға жазу жазасыңдар ма?» деп арасында әзілдеп қоюға да шебер екен. Міне, осындай үлгілі әулеттің перзенттері де тағылымды болатыны анық. «Құдай ғұмыр беріп, 100 жастың ауылына жақындадық. Алла жастарға өмір берсін. Еліміздің аспаны ашық болсын», – дейді Балақыз әже.
Бақберген перзенттерінің үлкені – Ақбөпе. Заманында бөпе болғанымен, ол кісі қазір 80 жасқа жақындапты. Қаратау қаласында ұл-қыздарының сүйікті әжесі болып отыр. Кезінде сауда саласында тер төккен екен.
Бақбергеннің перзенттері Ақерке мен Қарбол бұл күнде бақилық болғанымен, артында ұрпақтары өсіп-өніп отыр. Орнында бар оңалар деп, оған да шүкіршілік деуге болады.
Ал, бұл әулеттің бір перзенті Абдолланың есімі өңірімізге таныс. Абдолла Бақбергенов кезінде Орал казактарына қарсылық танытқан батырлар қатарынан да табылды. 28 жасында кірпіш зауытының директоры қызметін атқарғаны да іскерлігінің дәлелі. Абдолла Бақбергенов Тараз қалалық мәслихатының депутаты кезінде де қара қылды қақ жарған әділдігімен танылды. Өзі тұратын кірпіш зауыты аймағында мешіттің, сапалы жолдың салынуына себепкер болды. Орта мектеп салынуы үшін өзінің жекеменшігіндегі 3 гектар жерді тегін берді. Сол жерде қазір №60 орта мектеп салынып, жүздеген шәкірт алаңсыз білім алуда. Жақында осы аймақтан емхана ашылды. Оның да басы-қасында жүрген Абдолла. Бақандай 3 гектар жерді тегін бергені атасы Жұмабектен дарыған жомарттық қасиеттен болар, сірә.
Абдолла жары Қансұлу екеуі 6 ұл- қыз тәрбиелеп өсірді. Қонаевтың есімін атау қауіпті болған 1987 жылы туған баласының атын Дінмұхамед деп қойды. Кейіннен сол Дінмұхамедін ілестіріп барып, Дінмұхамед Қонаевтың батасын алды. Перзенттерінің ішінде магистратура бітіргендері біршама. Қонаевтан бата алған Дінмұхамеді де жақсы қызметте. Абыройлы. Ұлдары жауапты жерлерде қызмет атқарып жүр.
Бегдулла қазіргі таңда өз отбасымен Көкшетау қаласында тұрады. Баласы жақсы қызметке сол жаққа ауысыпты. Бегдулла кезінде озат механизатор болған еңбек адамы.
Қанткүл Бақбергенқызы кәсіпкерлікті таңдаған. Гауһар болса ұлағатты ұстаз ретінде танылды.
Байдулла Бақбергенов жайлы да ұзақ толғап айтуға болады. Байдулла әйгілі Мұстафа Өзтүріктің төл шәкірті. Қазіргі таңда 6 дан қара белбеу иегері. Әлемнің күміс жүлдегері. Қазір бапкерлік қызметте. Ұл-қыздары да спортшы болып, жүлделерге жетіп жүр.
Раушаны химия пәнінің үздік мұғалімі болса, Райханы – балабақша меңгерушісі. Раиса мен Жанеркесі де үлгілі ұстаз. Ал, Роза – жеке кәсіпкер.
– Жас күнімізден тұнық тәрбие алдық. Ата-анамыз бала деген жоқ, еңбекке үйретті. Үлкенді сыйлауға міндеттеді. Біз тіпті берірекке дейін 15 бауырмыз деп жүрдік. Бақберген әкемнің туған қарындастары – Жақсыгүл мен Ақтеңгеш әпкелерім. Міне, осы әпкелерді туған бауырым деп ойлап келдім. Ол сол кездегі бауырмалдықтың айрықша белгісі болса керек.
Қазір көп шаңырақтан ондай бауырмалдықты көре алмай жүрмін. Отбасы құндылығы деген – үлкен ұғым. Отбасы берекесі – баға жетпес байлық. Өкінішке қарай, байлықты бақыт санайтын жас отбасылар бар. Сол байлық жолында жас шаңырақтың берекесі бұзылып кетіп жатқан жағдайлар да жетерлік. Керісінше, жас отбасылар өзара тату болса, сол шаңырақтың берекесі артады. Берекесі артқан шаңыраққа бақ, несібе, байлық төгіліп келе береді. Сондықтан, жас отаулар алдымен отбасының бірлігі мен татулығын ойласа екен. Сонда алдарынан мәңгілік жарқын жол ашылады. Құрған отауларының босағасы берік болады, – дейді көпті көрген, өмірден түйгені көп Абдолла Бақбергенов.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Еңбек қатынастарында еңбек шартының рөлі зор
- 9 желтоқсан, 2024
Зерделеу жұмысы кемшіліктерді анықтады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді