Жаз жадырап, күн күлдіргенмен...

Жаз жадырап, күн күлдіргенмен...
ашық дереккөз
Жаз жадырап, күн күлдіргенмен...
Биыл өңірімізде жаз маусымы аса ыстық және құрғақ болғаны белгілі. Дегенмен, бұл демалыс, шомылу, батып бара жатқан күннің соңғы сәулесіне дейін аулада ойнап, жыл мезгілінің тамаша сәттерін қызықты өткізуге еш кедергі болмағаны анық. Енді жамбылдықтар биылғы жазды қандай төтенше жағдайлармен және оқиғалармен өткізді деген сауалға жауап іздеп көрелік. Облыс көлемінде су айдындарында жыл сайын азаматтар әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Оның ішінде суға түсу маусымындағы балалар мен жасөспірімдердің суға кетуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Күн ысыған сайын су жағалауларындағы халықтың қарасы көбейетіні мәлім. Отбасы, дос-жаранмен бас қосып, бой сергітіп, суға сүңгуге асыққан халық таң атысымен өзен-көл жағалауына қарай ағылады. Суда жүзу, күнге қыздырынып, жағажайда демалу, әрине, адам денсаулығына пайдасы зор. Дегенмен, демалыста сақтық әрі қауіпсіздік талаптарын ескеруді ұмытып жататындар аз емес. Салдарынан жаз айларында азаматтардың су айдындарында түрлі оқыс оқиғаларға ұшырауы жиі орын алады. Апаттың айтып келмейтіні белгілі ғой. Облыс аумағында шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда ашылатыны баршаға мәлім. Оның ашылуы Балаларды қорғау күнімен сәйкес келіп, кеңінен атап өтіледі. Осы кезеңде облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шомылу үшін ресми түрде рұқсат етілген орындарды дайындайды, балаларға жүзу дағдыларын үйретеді, халықпен жиындар өткізеді. Осылайша азаматтарға суда өзін қалай ұстау керектігі, табиғатта демалу кезінде не нәрсеге назар аудару қажеттігі туралы ескертеді, жадынамалар мен буклеттер таратады. Дегенмен, осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан, қайғылы оқиғалардың орын алып жататыны өкінішті. Төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-талдау тобының бас маманы Евгения Яковлеваның айтуынша, биыл 1 маусым мен 31 тамыз аралығында облыс аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 5 адам қаза тапқан, оның 3-еуі бала. Тарқатып айтар болсақ,10 маусымда Байзақ ауданының Кеңес ауылында «Кеңес-1» тоғанында 12 жасар бала суға батып кетті. Ал, 2 шілдеде кешкі сағат 5-тер шамасында Шу ауданының Жаңажол ауылынан 5 километр жерде Шу өзенінде 7 жасар қыз суға батып кеткен. Осындай қайғылы оқиға 31 шілдеде Тараз қаласында орын алып, 11 жасар бала Талас өзеніне батып кетті. Бұл жағдайлардың барлығында балалар ересектердің қарауынсыз болған. Бұл туралы үнемі айтылып та, ескертіліп те жатады, әйтсе де судағы балалардың өлімімен аяқталатын қайғылы жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Сондай-ақ, балалардың жазғы каникулы кезінде мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы ж асө сп ір імдердің қат ы су ымен 14 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан, балалар суармалы арықтарға, бассейнге батып кеткен, жалаңаш сымдардан өлімге әкелетін ток соққан, баспалдақ саңылауларына, септиктерге (көше дәретханаларына) құлаған, сіріңкемен, бензинмен және оттықтармен ойнап, денені күйдірген, тазарту қондырғысына батып кеткен. Аталған жазатайым оқиғаларда жасы 1-ден 13-ке дейінгі 16 бала зардап шегіп, оның 15-і қаза тапты. «Енді үлкендердің жауапсыздығынан орын алатын тағы бір мәселе, ол – балалардың терезеден құлауы. Жыл басынан бері облыста осындай 10 жағдай орын алып, салдарынан 1 жастан 16 жасқа дейінгі осынша бала зардап шекті. Көңілге демеу болатыны, көптеген жарақаттар алғанымен, қайтыс болғаны жоқ. Қайғылы статистиканы қорытындыласақ, жазғы кезең мен мектеп демалысы кезінде 23 бала әртүрлі дәрежеде жарақат алып, 15 бала қайтыс болды. Мұндай бейбіт заманда орын алған қайғылы жағдайлар облыстың ересек тұрғындарына ойлануға негіз болады деп санаймыз. Біздің қарбалас дәуірімізде балаларымыз сау және бақытты өмір сүріп, өсіп, дамуы керек. Біздің міндетіміз – тәуліктің кез келген уақытында олардың жанынан табылу», – дейді Е.Яковлева.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар