«Қимайтын жан екенсің жат ұяға»
Тұла бойыңды балқытып, қиялыңды шалқытатын қазақ әндері өте көп. Бір тыңдағаннан кейін ол әннен шығып қалмай, қайта- қайта тыңдағың келіп тұратын әндер де жетерлік. Сондай әуезді әндердің бірі – Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жарыққа шығып, бірден үлкен танымалдылыққа ие болған бұл әннің әуенін де, сөзін де белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рахым жазған. Қазақтың көрнекті ақыны, сазгері Тынышбай Рахым 1946 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы жоғарғы Шыршық ауданында дүниеге келген. Республикалық дәстүрлі әдеби жабық конкурстарының екі дүркін жүлдегері. І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты болған ақынның жалпы оннан астам кітаптары жарық көрген.
Ақын өзі жүргізген танымал телевизиялық «Кеш жарық» авторлық бағдарламасы арқылы да елдің көзайымы болды. Оның елге кең таралған «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Мөлдірім», «Боз орамал», «Күт мені», «Қымбаттым», «Алтайдан сәлем» атты тағы да басқа әндері көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Ал, осыдан отыз жыл бұрын «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні жылдың үздік әні аталған екен.
Сол жылдары ән үлкен танымалдылыққа ие болып, ел арасында әннің туу тарихына байланысты небір алып-қашпа әңгімелер көбейген.
Деректерге сүйенер болсақ, ел арасында әннің авторы Алтайдан келген жас қызға ғашық болып, соған қосылып, өз жанұясын тастап кетіпті деген қауесет те тараған. Бұл сөздер Тынышбай Рахымның жанына қатты батып, көрнекті ақын көзі тірісінде әннің шығу тарихын телевизиялық бағдарламаларға сұхбат бергенде толық баяндап жүреді.
Автордың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары Қытай елінен Қазақстанға арнайы шақырумен әртүрлі өнер өкілдері келеді. Қытайдан келген делегацияның ішінде Әмина Еркешқызы есімді қазақ қызы жүреді. Өзі Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет етеді екен. Ол екі елдің арасында аудармашы болады. Екі жақты кездесудің талаптары бойынша тек ресми түрде сөйлесу керек. Делегация мүшелері бір-біріне жөнсіз жақындап, әңгімелеспеуі керек. Игі шара аяқталған соң, қонақтар қайта бастайды. Ал, қазақ қызы Әмина болса қайта-қайта артына қарайлап, атамекенін қимай кетіп бара жатады. Мұны сырттан байқап, іштей сезген Тынышбай Рахым қарындасына жаны ашып, қарындасымен тіпті, тілдесе алмағанына іштей өкініп, ішінен: «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп айтады. Кейін үйіне келген соң, жол бойы ойлап келген өлең жолдарын қағаз бетіне түсіріп, күйсандыққа отырып, әуенін жазады. Осылайша, «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні көпшілік ойлағандай махаббатан туған ән емес екенін автор тағы бір дәлелдейді.
Әнді тұңғыш рет 1993 жылы «Кеш жарық» бағдарламасында әнші Сәкен Қалымов шырқаған. Бұл ән өзге елде тұрып жатқан қазақ бауырлардың рухын көтеріп, «Елге оралыңдар, бауырлар» деген үндеу іспетті болған еді.
Қанша орындалса да тыңдармандарды әлі күнге дейін жалықтырмай келе жатқан бұл әнді белгілі әншілердің барлығы дерлік қазақ сахнасында әуелетіп шырқап жүр десек, әсте қателеспейміз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді