Ұлағатты ұстаздар әулеті

Ұлағатты ұстаздар әулеті
ашық дереккөз
Ұлағатты ұстаздар әулеті
БАЙЗАҚ ЖАҚҚА БАРА ҚАЛСАҢ, МАМЫРБАЕВТАР ӘУЛЕТІ ТУРАЛЫ ЕСТІМЕУ МҮМКІН ЕМЕС. БІЗ ДЕ АУДАНДАҒЫЛАРДАН ЕСТИ САЛА, ТҮЙМЕКЕНТ АУЫЛЫНА ЖОЛ ТАРТТЫҚ. ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТТІҢ БІРНЕШЕ ПЕРЗЕНТІ ОСЫ АУЫЛДА ТҰРАДЫ. ОТАҒАСЫ СЕРІК МАМЫРБАЕВ 92 ЖАС ЖАСАП, БИЫЛ МАМЫР АЙЫНДА ҒАНА БАҚИЛЫҚ БОЛЫПТЫ. БҰЛ ӘУЛЕТТІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ ДА ТҮЙМЕКЕНТТЕ ЕКЕН. Серік Мамырбаев ақсақал жайлы шындығында айтар нәрсе көп. Ол 40 жылдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіпті. Бірқатар мектептерде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған. Әсіресе, Түймекент орта мектебінде директордың орынбасары болған кезде еңбегі аудан, облыс көлемінде жарқырап көрініпті. Ол кезде Түймекенттің аты Александр Нахманович басқаратын ұжымшармен дүркіреп тұрған. Сол атақты ұжымшардың төрағасы да Серік Мамырбаевқа оң көзбен қарапты. Әйтпесе, есімі Кеңестер одағына әйгілі шаруашылық басшысының назары мен құрметі кез келгенге ауа бермейтіні анық. Ол уақытта Түймекенттегі мектеп оқушылары қызылша жинауға шығады. Мектеп басшыларының бірі ретінде оқушыларды қызылша жинау жұмысына ұйымдастыру Мамырбаевқа жүктелетін. Еңбекті өндіріп істеуге жарамды 350- 400 оқушыны және 40 мұғалімді жұмылдырып, басқарып, науқандық жұмыста алдыңғы шепте жүру оңай шаруа емес. Осы жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білгені үшін Серік ұстаз бастаған озат балалар Мәскеу қаласында өтетін бүкілодақтық балалар көрмесіне қатысуға жолдама алыпты. Ал, Серік Мамырбаев өзі озат ұстаз ретінде де бір мәрте Мәскеу қаласында демалу құрметіне ие болыпты. Кеңес одағы кезінде 15 одақтас елдің астанасы Мәскеуге үш рет барып қайту деген үлкен сәттілік екені белгілі. Серік Мамырбаев – Халық ағарту ісінің үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Серік ақсақал Түймекент ауылына шын мәнінде құрметті болған. Барша ауыл тұрғындары ақылын тыңдап, тағылымын көңілдеріне түйген. Ауылдағы жиын-той, қуаныш, тіпті, қаралы жиынның басы-қасында Серік ақсақал жүретін. Ауылға ғана емес, ауданға сыйлы болды. Ағайын-туыс, құда- жекжаттары арасында да сый- құрметі жоғары еді. Әкелерінің аудан көлеміне қадірлі, құрметті болғаны перзенттері үшін де мақтаныш. Жалпы, «Құрметті азамат» атағын алатындар көп. Ал, Серік қария шын мәнінде Құрметті азамат еді. Серік ақсақал әулетінің де үлкен тірегіне айналды. Жары Манат екеуі 14 перзентті тәрбиелеп өсіргені де – талай отбасы армандайтын бақыт. Қазіргі таңда аталған ұл-қыздардан 36 немере, 40 шөбере тараған. Кейінірек Серік Мамырбаев Түймекент ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ұзақ жылдар бойы барша белсенді ақсақалдар мен зейнеткерлердің алғысына бөленген екен. Ал, Манат Белгібаева (тұрмысқа шыққан соң Мамырбаева болып тегін өзгертіпті) әжеміз де еңбекқор жан. Жалпы, 15 перзентті өмірге әкелген анамыз 14 ұл-қызды өсіріп, бағып- қаққан. Манат апамыз 30 жылға жуық мектепте кітапханашы болып еңбек еткен. Біз ол кісінің мамандығын білгеннен кейін әжеден: «Сол кездің балалары кітапқа құмар ма еді? Әдеби кітапқа қызығушылықтары қалай еді?» деп сұрадық. Ол кісі: «Қай кезде де оқитын бала оқиды. Ол уақытта да әртүрлі. Кітапты оқушы кітапханаға қайтарып бергенде шығарманың әр жерінен үзіп-үзіп сұраушы едік. Көпшілігі жауап беріп, біліп тұратын. Кітап оқуға уақыты болмай қала ма, белгіленген мерзім аяқталғанда әкеліп өткізе салатын оқушылар да кездесетін», деп жауап берді. Өздері қарапайым ауыл мектебінде еңбек етсе де, бұл кісілер ұрпақтарының болашағына ерекше мән берген. Сондықтан болар, ұл- қыздарының арасында аудан деңгейінде түрлі жауапты қызмет атқарғандары, қазіргі таңда да қызмет атқарып жүргендері аз емес. Бұл кісілер ұрпақ тәрбиесіне терең мән беріп, перзенттерінің денсаулық сақтау және білім беру саласына білікті маман болуларына ерекше назар аударғаны байқалады. Бұл әулет ең әуелі ұрпақтарының тәрбиесіне терең мән береді екен. Тәрбие дұрыс болған жерде білім де, тәлім де, тағылым да болатыны рас. Ал, бұл әулетте тәрбие жақсы жолға қойылған. Отбасы құндылығы деген – үлкен ұғым. Отбасының дамуына әр шаңырақ өкілдері бейжай қарауға болмайды. Себебі, жақсы қасиеттер үнемі қадағалап, назар аударып отырумен қалыптасады. Көптеген отбасылар немкетті көзқарастан, өзінің отбасына көбірек көңіл бөлмеу жағдайынан қателікке бой алдырып жатады. Ал, Мамырбаевтар отбасында ол тұрғыдан алғанда тек жақсы өнеге бар. Отбасының қалыптасқан дәстүрлі жолы – ұлағат жолы. Сол ұлағат жолын Мамырбаевтар мақтан етеді. Үлкен қыздары Орынкүл Байзақ ауданының ең танымал терапевт дәрігері болған білікті маман. Ұзақ жылдар бойы аудандық аурухананың терапия бөлімін басқарды. Өзінен кейінгі сіңлісі Гүлнар аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыройлы атқаруда. Орынкүл Серікқызының сіңлісі деген атқа лайықты болу да оңай міндет емес. Гүлнардан кейінгі перзенті Болат 23 жасында бақилық болыпты. Есболат болса, Алматы қаласындағы үлкен компанияның бірінде инженер болып еңбек етеді. Шынболат Таразда металл құрастыру зауытында жұмысшы болса, Бекболат – жанармай құю бекетінде оператор. Ерболат автомобиль саласында жауапты қызметте жүр. Бұл әулеттің өзге перзенттері бақтарын білім саласынан тауыпты. Барлығы да Байзақ жерінде ұстаз болып тер төгуде. Мысалы, Гауһар Гагарин атындағы орта мектепте, Жанболат Түймекент орта мектебінде, Жауһар № 1 гимназияда мұғалім. Осы әулеттің бір мақтанышы Нұрболат Мамырбаев аталған аудандық білім бөлімінің басшысы. Гүлмайра Үлгілі орта мектебінде, Ақболат Түймекент орта мектебінде ұзақ жылдан бері сабақ береді. Ал, әке жолынан таймаған Гүлмира Жеңіс ауылындағы негізгі мектепте директордың орынбасары қызметін абыройлы атқаруда. «Алланың қалауымен ұл-қыздарды өсіргенімізге өте қуаныштымыз. Ол батырлық, ерлік емес, біздің ата-ана ретіндегі борышымыз. Енді перзенттеріміз өздерінің ұрпақтарына жақсы тәрбие берсе дейміз. Елімізде дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Мерейлі отбасы» байқауын ерекше қолдаймыз. Былтыр өзіміз де осы байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі бірінші орынды иелендік. Мәселе байқауда емес, перзенттерім, ұрпақтарым Отанына адал қызмет етсе – бақытым сол. Әзірге, біздің әулетте ұятқа қалдырған ешкім жоқ. Бәрі жұмысына жауапты. Осы ұлағатты жол жалғаса берсе деймін. Жұбайым Серік өте қонақжай кісі еді. Ол кезде Түймекент атақты ұжымшар болатын. Ауылға қонақтар көп келетін. Мектепке де қонақтар аз келмейтін. Сол меймандардың көпшілігі біздің үйден дәм татып кететін. Қай кезде де қонаққа қабағымыз ашық болды. Дастарқанымыз жиылмайтын. Олар да біздің тамағымызға емес, ашық қабағымызға риза болып қайтатын. Бүгінде ол күннің барлығы сағыныш», – дейді Манат әже. Мамырбаевтарды аудан тегіс таниды. Былтыр «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткендері – бұл әулетке берілген лайықты баға. Ал, Түймекенттің тұрғыны, ұзақ жылын білім саласына арнаған Ниязхан Бейсенов: «Мамырбаевтар әулетін жақсы білеміз. Серік ақсақалмен бірге мектепте қатар еңбек еттік. Өте іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары кісі еді. Қандай марапат алса да, Серік қария сол марапатқа лайық болды. Түймекент ауылына ақсақалдың сіңірген еңбегі үлкен. Қазіргі таңда ұрпақтары білім саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл ұстаздар династиясы деуге келетін іс. Ұстаздық қызметті Серік ақсақалдың немере-шөбере ұрпақтары да жалғастыра беретіні анық. Біздің көңілімізде Серік қария көпке дейін сақталады», – деді.  

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар