Табиғатқа деген жанашырлық болуы тиіс

Табиғатқа деген жанашырлық болуы тиіс
ашық дереккөз
Табиғатқа деген жанашырлық болуы тиіс
Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін еске салып, «Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деп Үкіметке нақты міндет жүктеді. «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын көбейтуге септігін тигізеді» деді. Жолдау жүктеген міндетке сәйкес, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллион түбі Жамбыл облысының орман қорына егілуі тиіс. Бұған 71,7 мың гектар орман қоры жерлері дайындалады. Басқарма алдында орман қорын тиімді пайдалану, ұлғайту, қорғау сынды жауапты міндеттер қойылған. Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Ондай жерлер облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Облыс көлемінде басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы жұмыс атқарады. «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2021 жылдың көктем айларында 3100 гектар аумаққа 4,6 миллион түп сексеуіл, 1,1 миллион түп қарағаш, 200 гектарға 433 мың орман көшеттері, барлығы 6,1 миллион ағаш көшеттері отырғызылған. Күз айларында орман қорында 4 мың гектар алқапқа 20 мың килограмм сексеуіл ағашының тұқымын себу жұмыстары атқарылған. 2021 жылы жалпы күзгі санақ қорытындысымен 18 мың гектар аумақ орман көмкерілген жерлер категориясына ауыстырылды. Осы жылы жалпы орман молықтыру мен өсіру жұмыстарына 129 миллион теңге бөлініп, толық игерілген. Президент тапсырмасын орындау былтыр да жалғасып, кешенді жоспарға сәйкес, 13 660 гектар жерге 24,5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Көктем айларында 5190 гектар жерге 15,3 миллион түп отырғызылып, 250 гектар жерге 253 мыңға орман толықтыру жұмыстары орындалған. Күз айларында 8190 гектар жерге 9,3 миллион түп сексеуіл ағашы тұқымын себу жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, өткен жылы 16,5 гектарға қарағаш, 170 гектарға сексеуіл тұқымбағын себу жоспарланып, көктемде межеленген жоспар толығымен орындалыпты. Былтыр күзде орындалған жұмыстардың нақты нәтижесі алдағы уақытта белгілі болатын көрінеді. Жалпы, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2021 жылы 30 мың және 2022 жылы 45 мың гектар аумаққа топырақты зерттеу жұмыстары орындалып, барлығы 42965 гектар орман қорын отырғызуға жарамды алқаптар саны белгіленген. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 41 миллион теңге бөлінген. Былтыр орман қорын молықтыру жұмыстарына барлығы 178 миллион теңге жұмсалыпты. Биылғы жоспарға сәйкес, 5670 гектар алқапқа орман екпелерін, көшетімен отырғызу және 13147 гектар алқапқа тұқымын себу жоспарланыпты. Көктем айында 5330 гектар алқапқа 15,6 миллион көшет отырғызылған. Ал, күз айында 340 гектар алқапқа 1060 көшет отырғызылуы тиіс. Сонымен қатар, 13147 гектар жерге 65735 килограмм тұқым жинау, шығымдылық нормасы гектарына 1100-ден 14,4 миллион түп сексеуіл ағашы тұқымын себу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, биыл 22 гектар қарағаш, 210 гектар сексеуіл тұқымбағын себу межеленген. Қазіргі уақытта 22 гектар қарағаш тұқымбағы себілсе, ал сексеуіл тұқымбағын себу жұмыстары күз айларында орындалатын көрінеді. Биыл бұл жұмыстарға 272,3 миллион теңге қарастырылған. Кешенді жоспар бойынша соңғы үш жылда 50 миллион ағаш егілген, бұл көрсеткіш күзгі ағаш егу және тұқым себу жұмыстарын қосқанда 66,1 миллионға дейін өсетін болады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жоспарды орындау 46,5 пайызды құрап, 3 жылда 39297 гектар алқапқа отырғызылыпты. 2024 жылға – 34,4, 2025 жылға 40,1 миллион көшет егу жоспарланған. Қоршаған ортаны қорғауға, орман қорын ұлғайтып, табиғатты сақтауға Үкіметтен де, облыс басшылығы тарапынан да нақты көмек көрсетіліп келеді. «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасының негізінде, орман шаруашылығы мекеме қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 100 пайызға артқан. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бойынша барлық деңгейдегі 475 орманшының көбейген жалақысы биылғы жылдың 1 шілдесінен төленуде. Бұл ретте республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 294,189 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және орман өңдеу ұйымдарының қауымдастығы «Жасыл Орман» заңды тұлғалар бірлестігі және «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2023-2025 жылдарға салалық келісімге қол қойылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркелген. 2025 жылға дейін қосалқы персонал мен табиғат қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлеріне, яғни жүргізушілер, тракторшылар, өрт сөндіруші жасақшылардың жалақысына 2 есеге ұлғайту бойынша шешім қабылданыпты. Мәселен, биылғы 1 шілдеден бастап 70, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 100 пайызға көбейту көзделген. Қазіргі таңда қауіпті жұмыс істейтін жұмысшылардың ең төменгі разрядына қарай төленетін үстемақының қаражаты қарастырылмағандықтан, республикалық бюджеттің трансферттері есебінен қарастыру бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныс хат жолданған. Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жазда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров 121 жаңа техниканың кілтін табыс етті. Салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау саласына қосқан еңбегіне орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Орманшыларға мемлекет, облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан осындай көмек пен қамқорлықтың нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын бұрынғыдан да ширатып, тәулік бойы қырағылықпен тынымсыз еңбек етуде. Дегенмен, бұл мәселе бір ғана облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының міндеті деп қараған дұрыс емес. Табиғат қаскөйлері бұрын да болған, қазір де бар. Мемлекет басшысы осыны ескеріп, «Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» дегені құқық қорғау органдары басшыларының да қаперінен шықпау керек. Президент тапсырмасының орындалуына Үкіметпен бірге түрлі деңгейдегі әкімдер де жауапты. Әрбір саналы адам бойында табиғатқа деген жанашырлық сезім болуы тиіс. Сонда ғана облыста қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиямыз жақсара түседі.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар