ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚАУІПСІЗ ӨТСІН ДЕСЕҢІЗ...

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚАУІПСІЗ ӨТСІН ДЕСЕҢІЗ...
ашық дереккөз
ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚАУІПСІЗ ӨТСІН ДЕСЕҢІЗ...
Жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам өрт орын алады, оның салдарынан 300-ден астам адам қаза табады. Бұл ретте өрттер мен қаза тапқандардың негізгі бөлігі тұрғын үй секторында тіркелген. Осы кезеңмен салыстырғанда өрт пен адам өлімінің өсуі байқалады. Жыл басынан бері елімізде тіркелген 7560 өрттен 800 адам құтқарылып, 229 адам қаза тапқан. Бұл туралы сәрсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев айтты. «Министрлік қызметкерлері тұрақты негізде елді мекендерде аулаларды аралайды. Ел бойынша 172 мыңнан астам рейд өткізілді. Рейдтер барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының 25 мыңнан астам үйі өрт қауіпсіздігін сақтамай пайдаланатыны анықталды, бұл туралы әкімдіктер хабардар етіледі», – деді спикер. Сонымен қатар, төрағаның орынбасары өз сөзінде өрттен қорғауға мүмкіндік беретін газдануды бақылау және алдын ала хабарлау датчиктерін сатып алу маңыздылығын атап өтіп, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау, өрттің қалай алдын алуға болатыны туралы ұсыныстармен бөлісті. Жыл сайын суық ауа райы басталысымен және жылыту маусымы жақындаған кезде, адамдардың өрттен қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке тұрғын үй секторларын аралау арқылы алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Ол үш кезеңге бөлінеді: бірінші кезең 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, екіншісі 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін, ал үшінші кезең 15 қазаннан бастап жылыту кезеңінің соңына дейін. Мамандардың айтуынша, облыста жыл сайын жылу беру кезеңінің басталуымен тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттердің саны өсуде. Оның себептері көбінесе жылу жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, электр қуатының шамадан тыс жүктелуі болып табылады. Сондай- ақ, азаматтардың немқұрайлығы тағы бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, облыста әлеуметтік осал топтарға жататын 5219 отбасы есепке алынған. Қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық барысында жергілікті атқарушы органдар, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл өндірістік филиалының өкілдері, жергілікті полиция қызметкерлері 2 мыңнан аса осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлерінде профилактикалық жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде 474 үйде 1522 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы орын алса, 469 үйде анықталған бұзушылықтар профилактикалық жұмыстар барысында толық жойылды. Аз қамтылған отбасыларының электр жүйелері мен жылыту пештерін жөндеу, тұрғын үйлерде улы газды анықтайтын автономды датчиктер орнату шараларына ерекше назар аударылып, тұрақты бақылауға алынған. Биыл осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлеріне 359 датчик, оның ішінде 279 улы газ және 80 табиғи газ датчиктері орнатылды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі тақырыбында 12 билборд пен 6 баннер орнатылған. Халық көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласында 31 тамыздан бастап көпқабатты тұрғын үйлерде өрт-тактикалық жаттығулары басталғаны белгілі. Аталған оқу- жаттығу барысында көпқабатты үйлерде шартты өртті сөндіру кезінде ТЖД өрт сөндіру және авариялық- құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру бөлімшелерінің іс- қимылдары пысықталуда. Сондай-ақ, 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында облыс орталығының аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтуде. Осыған байланысты қалалық өрт сөндірушілер күн сайын жеке тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәліметке сүйенсек, өткен жылыту маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін қала аумағында 3 тұншықтырғыш газбен улану фактісі тіркеліп, салдарынан 3 бала мен 4 ересек адам ауруханаға түскен. Жылыту маусымы кезінде тұншықтырғыш газбен уланудың басты себебі, ол жылыту пештерінің немесе табиғи газ пешіндегі колонкалардың дұрыс жұмыс істемеуі, құбырлардың тазаланбауы және пеш орнатылған бөлменің желдеткішінің жабық тұруы немесе мүлдем болмауы болып табылады. Осыған орай, 2023-2024 жылғы жылыту маусымы кезінде қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындардан бірқатар сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Мәселен, жанып жатқан пештерді қараусыз қалдырмаңыз және оны балалардың қадағалауына тапсырмаңыз. Пештерді тұтандыруға бензин, керосин және дизель отынын қолдануға болмайды. Пештер мен мұржалардың жағдайын үнемі бақылап отырған жөн. Егер олардан жарықшалар байқасаңыз, оны уақтылы жойыңыз. П е ш орнатылған бөлме желдеткішінің жабық тұруына жол бермеңіздер. Жылыту аспаптарын пайдалану кезінде оқшаулағышы зақымдалған электр сымдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады. Егер газдың ағуы анықталса, дереу «104» нөміріне хабарласқан жөн. Ал, көміртегі тотығымен улану белгілері байқалса, жедел жәрдем шақырыңыз және «112» нөміріне қоңырау шалыңыз. Осылайша үйіңізде өрт оқиғасы туындамас үшін, өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін есте сақтау қажет.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар