Ана тілін ардақтаған азаматтар

Ана тілін ардақтаған азаматтар
ашық дереккөз
Ана тілін ардақтаған азаматтар
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы мен Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесе отырып, «Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың жаны» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлының ұлағатты ұстанымы қай заманда да өз құнын жоймайтын жүрек ұраны. Даңқты баһадүрдің майдан даласында жүріп айтылған осынау өсиеттері еліміздің қорғаны болып жүрген бүгінгі сарбаздардың да санасынан ойып тұрып орын алуда. Себебі, халқымыздың кең-байтақ жері мен шекарасын, береке мен бірлігін һәм ең басты құндылықтарының бірі – ана тілін қорғау, құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы. Осы тұста Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай тілдік мәдениет пен жалпы адамзаттың рухани құндылықтар қағидаларына негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту мақсатында әскери жауынгерлер мен қызметкерлерге арналған шара патриоттыққа негізделді. – Халқымыз үшін ана тіліміз арымыздай бағалы, өміріміздей қымбат. Сондықтан елімізді, Отанымызды қалай қорғасақ, тілімізге де солай қамқор болуымыз қажет. Қазіргідей жаһандану заманында небір «жаргондар» мен тренд терминдердің тілімізге еніп, жастарымыздың тілі шұбарланып бара жатқаны әрине, өкінішті. Бірақ, қандай жағдайда да тәрбиенің темірқазығы мықты болса, ұлттық болмысымыз ұмытылмай, халқымызбен бірге жасай беретіні анық. Сондықтан, Отан қорғау жолында жүрген сарбаздарымыз үшін тіліміздің қадір-қасиетін тереңінен біліп, сезіну аса маңызды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жалғаса берсе, – дейді Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы идеологиялық тәрбие және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері Алтынбек Манарбекұлы. Басқосу барысында кітапхана меңгерушісі Камила Абсеметова сөз тізгіндеп, жауынгерлер арасында тілге деген жанашырлықты арттыратын шаралар, танымдық, тағылымдық көрмелер алдағы уақытта да жемісті жалғасын табатынын жеткізді. Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің мамандары көрмеге қойылған тілдер туралы заңнамалар, мемлекеттік тілді үйренуге арналған қазақ тілі оқулықтары, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар жөнінде толық мағлұматтар беріп, тілдің маңыздылығына тоқталып, атақты ғұламалардың айтқандарымен ой бөлісті. Кітап көрмесіне кітапхана қорындағы Қазақстан халықтарының тарихы, «Қазақ тілі білімінің мәселелері», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақша үйренейік» және тағы басқа кітаптар қойылып, әскери қызметкерлерге таныстырылды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар