Сұңғат – күміс медаль иегері

Сұңғат – күміс медаль иегері
ашық дереккөз
Сұңғат – күміс медаль иегері
Биыл 8-14 қыркүйек күндері аралығында Грузия мемлекетінде EJOI-2023 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы өтті. Оған Қазақстан құрама командасының мүшесі ретінде облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Сұңғат Серікбай да қатысып, еуропалық олимпиада қорытындысы бойынша күміс медаль иегері атанды. – Бұл Сұңғаттың алғашқы жеңісі емес. Күнделікті сабақтан соң бір жарым, екі сағат көлемінде есеп талдаймыз, түрлі жаттығулар орындаймыз. Каникул уақытында да демалмаймыз. Пән мұғалімдерінің атсалысуымен түрлі бағытта еңбек етеміз. Ал, әр сенбі сайын таңнан кешке дейін толық дайындық жүргіземіз. Алдағы уақытта Сұңғаттың алтын медаль алуына тілектеспіз. Зеректігі мен алғырлығына қарап, бұл бала барлық жеңіске лайық деп айта аламын, – деді жетекшісі, Тараз қаласының дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Ермек Жантілеуов. Әлемнің 24 елінен 96 қатысушы өзара бәсекеге түскен жарыста халықаралық информатика олимпиадасының ережелері мен стандарттары ұсынылды. Бұл Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттерінде IT-индустрия элитасының даму сатысы болып табылады. – Дайындық барысында мен көптеген халықаралық олимпиадаларға сараптама жасадым. Сонымен қатар, біздің құрама жетекшілеріміз Темірлан Садыханов пен Айдос Құрмаш 7 күндік дайындық өткізді. Сол дайындық барысында өзіме қажетті тәжірибе жинап алдым. Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Олимпиада жалпы ел мен жерді көруге, адамдардың пікір алмасуына, ой бөлісуіне ықпал етеді. Болашақта да жеңіс тұғырынан көрінуге талпынамын, – деді күміс медаль иегері Сұңғат Серікбай. EJOI-2023 олимпиадасында Қазақстан құрама командасы жалпы алғанда бір алтын, екі күміс, бір қола медальдарға ие болған.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар