Ұлттық құндылығымызды ұмытпасақ...
«Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – баласына, екінші – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан», деген екен Алаштың ақберен ұлы Бауыржан Момышұлы. Батырдың осы қорқынышы арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де құнын жоймады. Әлі қауіп сейілген жоқ. Керісінше, ел болашағын ойлайтындардың үрейі еселене түскендей. Немересіне ертегі айтып беріп, бабадан қалған асыл мұра – сөз өнерімізді ұрпағының санасына сіңіретін әжелеріміз қазір жоқтың қасы. Кейбірі немеремен уақыт өткізгеннен гөрі замандастарымен қыдырғанды артық санайды. Кейбірі күнкөрістің қамымен нәпақа табу үшін базар жағалап немесе зейнет жасына жеткенше тырбанып таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүр. Сонда немерелерге кім ертегі айтып береді?!
Әрине, көзінің нұры, көңілінің қуанышы, ұрпағының жалғасын балабақшаға өткізуге мәжбүр. Жасырын емес, қазіргі таңда бір үйде қанша ересек адам болса, сонша несие бар. Ол кредит адам басына біреуден болса жақсы ғой, бірнеше банкке қарыздар. Сондықтан жас босанған ананың үйде бесік жырын әуелетіп отыруға, былдырлап тілі шығып келе жатқан балбөбек немересіне ертегі айтып беріп отыруға әжелердің де бос уақыты жоқ. Бәрі де нарық заманының «роботтарына» айналған. Таңның атысынан бастап үйдегі үйелмелі- сүйелмелі бүлдіршіндерді жетелей үйден шығады, жолай кішкентайларды балабақшаға қалдырып, сүрініп-қабынып жұмысына асығады үлкендер. Кешке тағы сол қарбалас. Күн бата сүріне-қабына үйге жетіп, ыстық асын алдына алып, одан қалса, ертеңгі жұмыстың дайындығымен аласұратын қапылыстағы заманауи әжеден не ертегі сұрайды, өзі де бақшадан қалжырап келген кішкентай бүлдіршін?! Ал, күйбең тірліктен сәл де болса ара үздіретін сенбі, жексенбіде ас, той сияқты төңіректің таусылмайтын жиыны тағы бар. Сонда қай уақытта әжелер немересіне ертегі айтып, аналар баласына бесік жырын айтып үлгереді?! Осы сауалдарға жауап іздеп бірнеше оқырманымызға сұрақ қойған едік.
– Иә, қазіргі таңда қолы бос адам некен-саяқ деуге болады. Нарық заманында қол қусырып, үйде отыру деген арманға айналды десек те болады. Немерелерімізді өзімізбен бірге таң ата салысымен балабақшаға сүйрейтініміз де рас. Оларға ертегі- аңыз айтып беріп отыратын уақыт та жоқ, шынын айтқанда.
Осындайда «Әжелер институты», «Аналар мектебі» деп ат қойып, айдар тақпай-ақ сонау XVІІІ ғасырда отырып, ешқандай балабақшасыз-ақ бала Абайды дана Абай деңгейіне жеткізген асылтекті Зере әжеміз бен Ұлжан анамыздың өнегесіне таңдай қақпауға шарамыз жоқ. Көкірегі көмбе асыл аналарымыздың берген тәлім-тәрбиесі қазаққа ұлы Абайды сыйлады. «Еее, бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен», – деп, ертегі тыңдағысы келсе, әжесінің мақамына салып, етегінен тартатын, есті бөбек бала Абайлар бар ма бұл күнде? Бар болған күнде де немересінің ыңғайына жығылып, оның қалаған уақытында көңіл бөліп, тамылжытып ертегі айтып беріп отыратын қолы бос әже табу қиын. Өздері таңнан қара кешке дейін күнкөрістің қамымен қапылып жүретін аналарымыздың ертегі айтып, елжіреп отыруға мына аласапыран дәуірде мұршасы келе бере ме деп те ойлайсың. Ұлттық құндылықты бойына балдырған кезден сіңіріп өспеген ұрпақ, өскенде қандай болады? Балабақшадағы тәрбиешілер отбасындағы тәрбиені алмастыра алуы да неғайбыл. Қазіргі кезде тіпті таңертеңнен кешке дейінгі балабақшалардан бөлек, түнгі балабақшалар да бар деп естиміз. Заман ағымына байланысты қажеттіліктен туындаған жекеменшік мекемелер шығар. Әйтсе де, екі көзі төрт болып әке-шешесін, ата-әжесін күткен бүлдіршінді бақшадан соң бақшаға апарып қалдыру – қатыгездік дер едім.
Мұны базбіреулер күнкөрістің қамы ғой деуі де мүмкін. Бірақ, ертегі тыңдау былай тұрсын, тәулік бойы ата-анасынан жырақ, мейірім көрмей өскен баладан ертеңгі күні қандай да бір махаббат күте аласыз ба?! Осы жағын ойлайықшы! Қатыгез қоғамға сай жатбауыр жастарды өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба деп ойлаймын. Осы олқылықтың орнын зейнетке шыққан соң толтырам деп ойлаймын. Аз уақыт қалды зейнетке шығуыма. Сол кезде немерелерімді өзім үйде бағып, нағыз әжесінің баласы етіп тәрбиелеймін», – дейді ұстаз Гүлмира Сабралиева.
Жалпы, қазаққа балабақша керек пе, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруде олардың рөлі туралы, балабақшалардағы орташа баға жайлы арнайы маманға да сауал қойып көрдік.
– Әрине, керек! Қазіргі таңда мемлекеттік балабақшалардан бөлек, жекеменшік типтегі балабақшалар да көптеп салынуда. Қоғамның, ондағы адамдардың сұранысына орай, әрине. Қандай типтегі балабақша болсын, бәрінің міндеті – бір. Жас ерекшеліктеріне сәйкес бағдарлама бойынша тәрбие береміз. Сіз айтып отырғандай, қазақ тіліндегі балабақшаларда ұлттық құндылықтарды барынша бойларына сіңіруге тырысамыз. Жас ерекшеліктеріне сай ертегі де, танымдық, ойын-сауық бағдарламалары да қамтылады. Дегенмен, отбасындағы тәрбие – шешуші рөл атқарады деп ойлаймын. Баға жайына келетін болсақ, мен қызмет ететін Байзақ ауданында айына сегіз мың теңге, қаладағы балабақшалар он мың теңгеден басталып, жекеменшік балабақшалар алпыс мың теңгеге дейін барады. Сағаты сегіз жүз теңгеден басталатын «Услуги няни Тик-так» орталығы да жақында Тараздағы шағынаудандардың бірінде бой көтеріпті. Халықтың игілігі үшін салынып жатқан балабақшалардың зиянынан пайдасы әлдеқайда көп дер едім, – дейді балабақша тәрбиешісі Самал Разиева.
Алтынқұрсақты әжеміздің, балабақша тәрбиешісінің бір-біріне кереғар пікірінен қандай ой туындайды? Балабақша керек, дейтұрғанмен, баламен өткізетін уақыт, балаға бөлінетін көңіл де керек. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай ана мен бала, әже мен ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуға барынша атсалыссақ, ұлтым дейтін ұл мен қыздың көбейетіні сөзсіз.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді