«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саракүл апаның өсиеті

Саракүл апаның өсиеті
ашық дереккөз
Саракүл апаның өсиеті
«ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН, СЫЙЛАДЫҢ СЕН МАҒАН, ДАЛАНЫҢ ӘР ГҮЛІН, ЖИНАДЫҢ СЕН МАҒАН» ДЕП ӨЛЕҢ ЖОЛДАРЫНДА АЙТЫЛҒАНДАЙ, АСЫЛ АНАЛАРДЫҢ ОРНЫ ҚАШАНДА АРДАҚТЫ. БҰЛ КҮНДЕ 94 ЖАСҚА ҚАРАҒАН МОЙЫНҚҰМДЫҚ ҚАРТ САРАКҮЛ ИСАБЕКОВА СОНДАЙ ҚАДІРЛІ АНАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА. МОЙЫНҚҰМ АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН ӘЖЕМІЗ 11 ҰЛ-ҚЫЗЫНАН 28 НЕМЕРЕ, 44 ШӨБЕРЕ, 1 ШӨПШЕК СҮЙІП ОТЫР. Бүгінгі әңгіменің басында Сара әженің өмірлік жолдасы, марқұм Әміреқұл Исабекұлы ақсақалды да еске ала кеткеніміз артық болмас. Әміреқұл қария 1922 жылы өмірге келіпті. Жамбыл педагогикалық училищесін қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Қарабөгет ауылдық мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Бір сөзбен айтқанда, соғыс басталар сәттегі уақытта ауылдың аз ғана сауатты өкілдерінің бірі болған. Мектеп директорының орынбасары, бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметтерінде жүрген жерінен әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына жіберілген. Майданда көрсеткен ерліктері үшін «ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен» марапатталған. Майданнан оралғаннан кейін де бейбіт күнде қызметке араласып, партия саласында тер төккен. Кейіннен ұзақ жыл Ұланбел ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген. Әміреқұл ақсақалдың ұл-қыздары да өнегелі, үлгілі, ұлағатты болып есейді. Бұл күнде бәрі де қоғамның әр тарапында абыройлы еңбек етіп жүр. Үлкен қызы Баян Жамбыл педагогикалық институтын математика мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, бірнеше жыл ұстаздық қызметті абыройлы атқарған, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері. Екінші қызы Күміскүл – кәсіпкер. Тағы бір қызы Бекзада да шет тілдері институтын неміс, француз, ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ жыл бірқатар өңірлерде ұстаздық қызмет атқарған. Ең бастысы, қазіргі таңда да нағыз сұранысқа ие мамандықтың иесі. Ал, Ғазиза болса аудандық білім бөлімінде есепші қызметін атқаруда. Кіші қыздары Лиза да білікті архитектор. Бұл күнде «Бурундайовна» акционерлік қоғамы бюджеттік жоспарлау және сараптама бөлімінің басшысы. Ал, әулеттің ұлдары да жоғары білімді. Бірқатары әкімшілік, басшылық қызметтерден көрінсе, біразы кәсіпкерлікке ден қойған. Атап айтқанда, үлкен ұлы Шахикәрім «Талдыөзек», «Қарабөгет» кеңшарларында гараж меңгерушісі, Қарабөгет ауылдық кеңес төрағасы болған. Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы. «Ағасы бардың, жағасы бар» дегендей, Шаймерден де әуелі комсомол, әкімшілік жұмыстарына ден қойды. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудан әкімдігі жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы. Қазіргі таңда – жеке кәсіпкер. Шәкір Әміреқұлұлы – отбасылық «Үркер» шаруа қожалығының негізін қалаушы. Бұл күнде бақилық болса да, оның екі перзентінен ұрпақтар жалғасып келеді. Бәкір Бурылбайтал, Мойынқұм орман шаруашылығы мекемелерін басқарған. Қазіргі таңда Қылышбай ауылдық округінің әкімі. Аудандық мәслихаттың үш шақырылымына депутат болған. Ал, Әбдікерім – жеке кәсіпкер. Перзенттерінің барлығы да белсенді. Тіпті, немерелерінің көпшілігі шет мемлекетте білім алып, үлкен фирмаларда еңбек етіп жүр. Мұның бәрі Әміреқұл ақсақал мен Сара әжеміздің ұлағатты тәрбиесі. Сара әжеміз ұрпақтарына өсиет, ақыл айтып, ізгі жолды көрсетуден жалыққан емес. Тіпті, ауылдың анасына айналып отыр. Бұл күнде отбасылық «Үркер» шаруа қожалығы 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Қожалық басшылары малшы, бақташы, механизатор, жұмысшыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, бақташы Айдарханов деген азаматқа жеке көлік сатып әперген. Ауыл тұрғыны Икеев деген азаматтың үй тұрғызып алуына көмектерін берген. Бұл қожалық ауыл тұрғындарына жем-шөп, азық-түліктен көмектесіп тұрады. Қайырымдылықты көп жасағаннан болар, бұл әулеттің береке-бірлігі артып келеді. Ұзақ жасаған аналарының ақ батасы да көсегелерін көгертіп отыр. Биыл Исабековтер әулеті «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі бірінші орынды иеленді. – Өмір дегеннің мағынасы – адамға жақсылық жасау. Жасаған жақсылық өтеусіз кетпейді. Өтеусіз кетсе де өкініші жоқ. Қайырымды, жомарт болыңдар деп балаларыма үнемі айтып отырамын. Алла өмір беріп, осы жасқа жеттім, қарағым. Енді жастар аман болсын. Елімізде тыныш заман болсын, – дейді қарт ана Саракүл Исабекова.

Есет Досалы.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар